Шілдехана

 

Шілдеханаға көбінесе жастар жиналады. Көлігі барлар сән-салтанатпен сәйгүлікпен тебінді, дүбірлі келеді. Бәсіресі, тай-құнаны жоқ балалар үлкендер мінгескен түйенің өркеш арасына симаса мойынына мініп болса да жетеді. Кейбірі тайыншамен, өгізбен жетеді. Келе жатқандар сай-сайды бастарына көшіріп жеткенше ән шырқайды. Жұрттың бас-аяғы жиналған соң ас аяулы, қымыз кысулы болмайды.

Аста-төк қошемет көрсетіледі. Өйткені алды жарыс қазан, жалғасы шілдехана болып жатқан үйде бәрі бар ғой. Жастар таң атқанша айтысады. Домбыра шертіп, ән салады. «Қара жорғаны» билейді.Сұлулығы ауыл-аймақты тамсандырған кейбір арулар отырған киіз үйге кіре алмаған жастар соның айдай ақ жамалын бір көрү ұшін киіз үйдің үзіктерін тұс-тұстан тесіп сығалайды.Ол түні жастар таң рауандағанша тарамайды. Қайтқанда да әнге басады.
Жастар осындай думанмен отырғанда шілдехананың дастарханын басқарып журген эйелдер «қалжаға сойылған малдың омыртқасынан ауыз тимедік, ең  құрығанда бірін мұжуға тісімсіз тимеді» деп деп аяқ астынан өкпелейді. Сол үшін іштеріндегі бір шебері он екі омыртқаның  етінен бәріне ауыз тигізу керек, мұнтаздай ғып мұжытуы керек.

Тап-тақыр болған омыртқаларды әбден болған соң бір тобылғыға тізіп үйдің ең бір жоғары жеріне ілу керек. Бұнысы – баланың мойны тез бекісін деген салт. Бұл тезілген сүйек тамда болса төбедегі арысқа, киіз үйде болса уықтың қарымына ілінуі керек.Сол күні әлгі өкпеші әйелдер төрдегі бас пен жамбастан ауыз тимесе өкпелемейді.  Ал омыртқаны мұжуға қатыспаса ат кекілін кесуге дейін барады.

Мұның себебі әйел затының бәрі де бала табуға құштар.Сондықтан қалжаның омыртқасынан ауыз тиюді, өздері де осы әйел құсап тезірек босанармыз деп ырымдайды. Болмаса жайшылықтағы омыртқаға қарай ма олар. Қарағаны сол, «сүйек-саяқ беріп қорлауын қара» деп лақтырудан ерінбейді. 
Қалжаға арнайы сойылған мал етінің омыртқадан басқасының бәрін босанған әйел өзі жеуі керек. Өйтпесе белі тез бекімейді. Көшпелі тіршіліктің қатты-қайырымына тез қосылып кете алмайды.