Төрт әйел (тәмсіл)

Баяғыда бір патшаның төрт әйелі болыпты. Төртеуінің ішінен ең қатты жақсы көретіні — кенже әйелі, яғни төртінші әйелі екен. Соны риза ету үшін патша қолынан келгенін бәрін істейтін болыпты.

Үшінші әйелін де жақсы көреді екен. Әйткенмен, үшінші әйелінің әйтеуір бір күні оны тастап, басқа біреуге кетіп қалатындығын іштей сезеді екен.

Екінші әйелін де жек көрмейді. Өйткені, патшаның қиналғанда сүйеніші, тарылғанда таянышы, мұңайғанда мұңын тыңдайтын сырласы — осы екінші әйелі.

Бірінші әйеліне келсек, неге екені белгісіз, патшаның оған онша көңілі ауа бермейді екен. Қалған үш әйеліне емешегі езіліп тұрғанымен, бұған келгенде суық. Оған көп көңіл аудармайды. Ақысын да жарытып бермейді. Сөйте тұра, бірінші әйелі күйеуін қатты жақсы көріпті. Онымен қоймай, күйеуінің патшалығының амандығы үшін, көп еңбек сіңіріпті.

Күндердің бірінде патша қатты сырқаттанып ауырады. Сырқаты күннен-күнге өршіп, ақырында өлуге айналады. Дәм-тұзының таусылғанын түсінген патша: «қабірге жалғыз барғым келмейді, көнер болса, әйелімнің бірін алып кетейін» деп ойлапты. Сөйтіп, алдымен ең жақсы көретін төртінші әйелін шақырып, одан:

— Мен сені басқа жұбайларымнан артық жақсы көрдім, сұрағаныңды беріп, қалауыңды екі етпедім. Менімен бірге о дүниеге бірге барасың ба? Қабірде маған серіктік етесің бе? – деп сұрапты. Сонда кенже әйелі:

— Бұл мүмкін емес. Мен ондай құрбандыққа бара алмаймын, — депті де күйеуімен қош айтыспастан, бұрылыпты да кетіп қалыпты.

Одан кейін үшінші әйелін шақыртып одан да:

— Өмірім бойы сені жақсы көрдім. Маған көрде жолдастық етесің бе? – деп сұрайды.

— Әрине, жоқ. Өмір сүру деген тамаша ғой. Сіз өлгеннен кейін мен басқа біреуге тұрмысқа шығып, одан әрі өмір сүре беремін, — деп жауап беріпті үшінші әйелі.

Одан соң, екінші әйелін шақыртып:

— Сен менің қиналғанымда арқа сүйерім едің. Қанша мәрте менің жолыма құрбан болдың, маған жәрдеміңді аямадың. Енді менімен бірге көрге түсуге дайынсың ба? – депті.

— Айып етпеңіз. Бұл талабыңызды орындай алмаймын. Ең көп дегенде, сізді қабіріңізге дейін шығарып сала аламын. Одан өзгесін менен сұрамаңыз, — деп басын алып қашыпты.

Жақсы көрген жұбайларының нәнкөрлігіне ыза боп, көзіне жас алып, қайғыланып жатқанда алыстау жерден біреудің: «Сізбен бірге қабірге түсуге мен дайынмын. Сізге о дүниеде де серіктік етейін», — деген біреудің дауысын естиді. Патша мойнын бұрып қараса, бірінші әйелі екен. Уақытысында оған онша көңіл аудармағаны себепті жүзі жабырқанқы, жүдеу әрі науқастанып қалған екен. Сонда патша өмір бойы өзге әйелдеріне жақсы қарап келсе де, бұған келгенде жақсылығын аяп қалғанына қатты өкініп: «Өзгелерге емес, саған қатты көңіл бөлуім керек еді. Саған жақсылық жасауым керек еді. Әттең, егер бәрін басынан бастауға мүмкіндігім болса ғой, тек сені ғана жақсы көріп, тек сені ғана бәрінен артық санар едім» депті де бақилыққа жүріп кетіпті…

Құрметті оқырман, шын мәнісінде әрбіріміздің төрт жұбайымыз бар. Оның:

Төртіншісі – денеміз. Тәмсілде де баян етілгендей, біз үшін ең сүйікті болған денемізге қанша қарасақ та, қанша нәпсіміздің қалауын істеп, дегенінен шықсақ та, өлім келген сәтте ол бізден бет бұрып, қалдырып кетеді.

Үшінші жұбымыз – мал-мүлкіміз. Қанша мал-дүние жисақ та, біз өлгеннен кейін ол басқа адамдардың қолына өтеді. Құдды тәмсілдегі патшаның үшінші әйелі іспетті.

Екінші жұбымыз –бала-шағамыз бен дос-жарандар. Бала-шаға мен дос-жаран біз тірі кезімізде қолдан келгенін аямас, қиналғанда қасымыздан табылары, жәрдем қолын созары анық, алайда, өлгеннен соң ең көп дегенде қабірімізге дейін шығарып сала алады. Болды.

Бірінші жұбымыз – жасаған жақсылықтарымыз бен сауапты амалдарымыз екен. Өкінішке орай, тірі жүргенде бар ойымыз дененің қамы, дүние-мүлік, бала-шаға деп жүріп, сауапты іс жасауды ұмыт қалдырып, оған онша көңіл аудармай жататынымыз бар. Алайда, о дүниеге бізбен бірге аттанатын да, көрге бізбен бірге түсіп, қабірде бізге серіктік етер де жалғыз сол ғана.

Сондықтан, ағайын, бұл дүние өткінші. Біздің негізгі тұрағымыз о дүние. Бұ дүние – о дүниенің бақшасы. Ендеше, бұл дүниеде сауапты істерді жасап, о дүниелік азығымызды қамдануды ұмытпауымыз керек екен.

Алла баршамызды ғапылдықтан сақтасын!

Араб тілінен аударып, дайындаған: А. Қасым.