«Қатын өлді, қамшының сабы сынды» деген сөз содан қалған екен…

Қарашаш сұлу Жиренше үйде жоқта ауырып қаза болыпты. Әз Жәнібек хан «Жиреншеге біз естірте алмаспыз, өзіне-өзі естіртсін, ешқайсың сездіріп қоймаңдар»,— деп уәзірлерімен сөз байлап қояды. Бір күні Жиренше шешен елге қайта оралып ханның үйіне түсіп сәлемдесіп отырады. Хан Жиреншеге:
— Ау, шешенім, әкесі өлген қалай болады? — депті. Жиренше шешен отырып:
— Әкесі өлсе асқар тауы құлағанмен бірдей болады,— депті.
— Шешесі өлген қалай болады?
— Ағар бұлағы суалғанмен бірдей болады.
— Ағасы өлген қалай болады?
— Оң қанаты қайрылғанмен бірдей болады.
— Інісі өлген қалай болады?
— Сол қанаты қайрылғанмен бірдей болады.
— Апа-қарындасы өлген қалай болады?
— Ұзын өрісі қысқарғанмен бірдей болады.
— Қатыны өлген қалай болады?
— Аһ!.. Менің Қарашашым өлген екен ғой? — депті Жиренше. Ол күйініп қамшысын таянғанда, қамшының сабы ортасынан шарт сынып кетіпті. «Қатын өлді, қамшының сабы сынды» деген сөз содан қалған екен.