Склероз

Мен осы күні сұмдық ұмытшақпын. Бүгінгіні ертең есіме түсіре алмаймын. Мұны медицина тілінде «склероз» дейді екен. Дәрігерлердің айтуынша, бұл ең жақсы ауру көрінеді. Біріншіден, жаныңа батпайды. Екіншіден, жұқпалы емес. Ал үшіншісі, күнде бір жаңалық ашып отырасың.

Бірде әйелім дүкенге жұмыртқаға жұмсады. Үйден шығарда «ұмытып қалма, жұмыртқа!» деп құлағыма айқайлап жі — берген. Жол бойы екі аттаған сайын «жұмыртқа, жұмыртқа» деп айтумен болдым. Кейбір көшеде кездесіп амандасқандарға да «жұмыртқа» деп бас изеп өттім. Олардың не ойлағанын қайдам…

Дүкенге кіргенде бетіме қарап жымиған сатушы қызды көріп неге келгенімді ұмыттым да қалдым. Ал, енді есіме түсіре алсамшы. Көзімді бақырайтып төбеге қараймын. Тарс жұмып төмен қараймын.

Есіме түсер емес. Мені ойнап тұр деді ме, қыз жымың-жымың етеді. Еріксіз мен де жымыңдадым. Жын соққандай үнсіз жымыңдасып біраз тұрдық. Әлден уақытта қыз жалығып кетті де «аға, сізге не керек өзі?» деді. Мен ернімді шығарып, екі иығымды көтердім. Қыз аңтаң.

– Біртүрлі қызық екенсіз.

– Шырағым, қайбір қызық болғым келіп тұр дейсің, неге келгенімді ұмытып қал дым. – Қалай? – Қалай екенін өзім де түсінбеймін. Ұмыттым бітті.

– Ендеше, – деді қыз – мен тауарлардың атын айтып шығайын. Сіз тыңдап тұрып, есіңізге түскенде айта қойыңыз. Содан екеуміз «ойлан, тап!» ойынын бастап кеттік. «Нан» дейді ол. Жоқ деймін мен. «Май» дейді қыз. Мен басымды шайқаймын. Қыз: «Осы жолы дәл таптым, балық» деп қулана қарайды. Мен «мимо» деймін. Сонан соң екеуміз қосыла күлеміз. Осылай ойынымыз қызып жатқан. Кенет құлағымның түбінен біреу шаңқ ете қалды. Ұшып кете жаздадым. Жалт қарасам бір дәу әйел: «Әй, шырағым, сен не, басқа ойнайтын жер таппадың ба? Сендерді тосамын деп жұмыстан қалдым» – деп дүрсе қоя берді.

– Жұмыстан дейсіз бе?

– Иә, жұмыстан. Ура, есіме түсті! Жұмыстан, жұмырт — қа! Әйелді бас салып бетінен сүйдім. Ол түкке түсінген жоқ.

Е, бұл ұмытшақтық дегенді қойыңыз. Мені талай жерде масқара қылатын шығар әлі.

«Күлме досқа, келер басқа» деген рас екен. Менің бір досым бар. Сұмдық ұмытшақ. Әлгі байғұстың балалары көп өзі. Соларды көршілерінің балаларымен шатастырады да жүреді үнемі. Бірде өзінің бір баласына «папаң үйде ме?» депті. Баласы әкесін мазақ қылып: «Сіздің үйдегі тәтемен қыдырып кетті» деген екен. Соны естігенде күні бойы күлгем. Енді, міне…

Бірақ, мен немесе менің досым ғана емес, қазір көбіңіз сондайсыздар ғой. Сіздер мен сияқты шындықты мойындай алмайсыздар. Әйтпесе, біз аз емеспіз. Мәселен, кейбіреулер әдемі қыздарды көргенде бала-шағасы бар екенін ұмытып қалады. Ал, енді біреулер арақпен кездескенде дүние-жалғанның өзін естен шығарады. Қазір, тіпті, жастардың арасында да бұл ауру жиі кездеседі. Махаббатқа өртеніп тұрғанда жігіт уәдені үйіп-төгеді де, қыз аяғым ауыр дегенде естен танады. Тіпті, қыздың өзін тани алмай қиналатынын қайтерсіз?! Ал біз болсақ, ондайларды кінәлаймыз. «Оңбаған, алдап кетті» деп. Ол бейшара склероз болса қайтеді енді?! Әйтпесе, есі дұрыс адам өз баласынан безе ме?

Ой, бұл ұмытшақтық деген талай адамды масқара қылып жүр ғой! Әсіресе, ана жоғарылау отырған көкелерімізді айтсаңызшы. Ойбай-ой, ол кісілер крупно ұмытады ғой. Олардың ұмытқандарын естеріне түсіру қиын-ау, қиын… Бұл склероздан емдеудің жолын кешіктірмей табу керек. Сонда елімізде бәрі жақсы болады.

Мартбек ТОҚМЫРЗА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *