«Құтымды менің бұтым билейді…»

Баяғыда Қарқаралыда Құтым деген бай болыс өмір сүріпті. Сол Құтым мен Құнанбай жастай күндерінен аралас-құралас болған екен.

Бір күні Құнекең Қарқаралыға жылқы айдап барып, сатып болған соң Құтымға сәлем бере кетейін деп еліне ат басын бұрады. Келсе Құнанбайды қарсы алатын ер азаматтан ешкім шықпапты. Бір екі рет жөткірініп, қонақ келіп тұрғандығын білдірсе де қарсы алар жан жоқ. Бір уақытта жас келіншек шығып жөн сұрасып, үйге шақырыпты.

Құнекең қатынның қарсы алғанына намыстанып:

— Бұл елді еркек билей ме,әйел билей ме, — деп дүрсе қоя беріпті.

Жас әйелде еш саспастан:

— Бұл елді Құтым билейді, Құтымды менің бұтым билейді, — деп саспастан жауап беріпті.

Сөйтсе әлгі келіншек Құтымның жас ерке тоқалы екен.

Сөзден жеңілген Құнанбай кері айналып еліне жүріп кете берген екен.