Әулиетау әпсаналары

Ақтоғай ауданындағы Ақсораң шыңының солтүстік-батыс сілемінде Әулиетау тұр. Оның оңтүстік-батысындағы үңгір де – «әулие…», етегіндегі бұлақтың атауы да – «әулие…». Әулиетау – ежелден Ақсораңның емшектес егізіндей қасиетті орын. Онда 7 мың жыл бұрынғы тайпалардың қызыл түсті бояумен жазылған таңбалары бар…

Бұл қасиетті орынның тарихы ежелгі неолит дәуірінен басталады. Құдайдың құдіретімен орындыққа, қолшатырға ұқсас, қолдан қашалғандай ерекше бітімді қатпар тастары да бар.

Ғаламторда Әулиетау туралы дерек жоқтың қасы. Біз бұл мақаланы ақтоғайлық өлкетанушы Тұңғышбай Мұқанның деректері мен «Ақтоғай – тарихтың тас сандығы» атты танымдық-деректі фильмге сүйеніп жаздық. Бұл фильмді YouTube желісінен тамашалауға болады.

Таудың атауы айтып тұрғандай, бұл жер осы маңайды мекендеген бабалар тәу еткен ғибадатхана сияқты киелі орын болғанын көрсетеді. Жақын атыраптағы ел білетін Беғазы қорығы мен Қыпшақ ғибадатханасы да сөзімізді қуаттайды. Бабалар рухының желеп-жебеп жүретінін аңғартады.

Әулие үңгірі екі бөліктен тұрады: біріншісі – төменде, екіншісі – 5-6 метр жоғарыда. Үңгірдің іші – кең. Қақ ортасында киіз үйдің түндігіндей тесік бар. Үңгірдің ішіне от жақса, сол жерден түтіні еркін шығады. Аузы – оңтүстік-шығысқа қараған. Мұның өзі көшпенділердің таным-түсінігінен хабар берсе керек.

Ал, үңгірдің ішкі қабырғасында қызыл бояумен сызылған түрлі таңба бар. 2012 жылы оны зерттеу мақсатында Ә.Марғұлан атындағы Алматы ғылыми-зерттеу институтының ғалымы Жолдасбек Құрманқұлов пен Новосибирск институтының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Люба Ермоленко келген. «Үңгірдегі жазулар ерекше, тарихи, қасиетті жәдігер» екендігін және бұл бұдан 7 мың жыл бұрынғы неолит дәуірінде өмір сүрген адамдардан қалған мұра екенін дәлелдепті. Суретке, таспаға түсіріп, 3 жыл қатарынан зерттеу жұмысын жүргізгенін ерекше атап өткен жөн.

Жазу үңгір ішіндегі күн сәулесі түспейтін, жел тимейтін жерде сақталған. Ғалымдардың айтуынша, ол ерекше жазуды жазу үшін, алдымен, жосаны итмұрын мен долананың суына езіп, қатырған. Кейін сол қызыл түсті бояумен жазған. Онда адамның, түйенің, садақтың, түрлі аңның және арқардың бейнесі суреттеліпті. Ақтоғайдағы Жосалы тауының атауы да осы «жосадан» келіп шыққан болуы ықтимал.

Өкінішке қарай, ғылыми-зерттеу жұмысы елге белгілі болған соң, мектеп түлектері сонда мектеп бітіру кешін өткізіп, есімін үңгірдің ішіне майлы бояумен жазып тастаған. Ауыл жастары киелі жерді жаздыкүні жиналып, ішімдік ішетін орынға айналдырыпты. «Енді, оларды өшірсе, тарихи таңбалар қоса өшіп кетеді» – дейді мамандар.

Ал, үңгірдің ішінен жоғары қарасаң, құрылысы әйел жатырына ұқсас екенін байқайсың. Ауданның аузы дуалы ақсақалы Нілтай Мәжмановтың айтуынша, бұрында құрсақ көтере алмаған әйелдер осында келіп, құрбандық шалады екен. «Түнеп, Құдайдан бала сұраған. Тілегі қабыл болып, сәби сүйгендері де бар. Қиындыққа тап болған жолаушы да, осы жерге түнеп, аман қалған» – дейді ол.

Дерекке сүйенсек, бұл ғажайып хақында естіген Мәскеу билігі де таң қалыпты.

Кейін, 1974 жылы Мәскеуден Орталық Комитеттің сектор меңгерушісі Козлов арнайы келіп, «мынадай да тұмса табиғат болады екен» деген екен. Бүгінде елдің түпкір-түпкірінен ел-жұрт үнемі келіп, сайына үй тігіп жатып, табиғатты тамашалайды.

Ал, Әулиетаудың солтүстік-батыс жақ иығында әулие көлшік бар. Оның қасиеті – суында. Жараланған аң сол судан ішіп, аяғын малып жатса, жазылып кететін болған. Мұны көрген аңшылар елге аңыз қылып таратқан. Көктемде сол көлшік қар-жаңбырдың суымен толысып, әулие үңгірдің ішін шайып өтеді екен.

Әулиетаудың іргесінде Әулиебұлақ ағып жатыр. Суы мөлдір әрі мұздай. Ол Ақсораңның биік шатқалынан бастау алады. Шатқалдағы жыңғыл аралас ну ағаштың ортасынан бұлақ қайнап шығып жатады. Ол Әулиетаудың жанынан ағып өтіп, Қаратал өзеніне қосылады. Қаратал өзені — Шабанбай би ауылдық округін қақ жарып өтіп, Тоқырауынға құятын бір саласы. Ғалым Арман Бейсенов Қаратал өзенінің бойында Бегазыға жақын жерде қола дәуіріндегі адамдардың тұрағын тапқан. Оған «Қаратал-1», «Қаратал-2» деген атау берген.

Әулиетау маңындағы «Шылым» деп аталатын жердің тарихына тоқталған ауыл ақсақалы Мұқсиын Каримовтің айтуынша, 1912 жылы патша өкіметінің саясатымен алты қарашекпенді отбасымен осы маңға көшіп келіп, тұрақтап, 40 адамға дейін өсіп-өнген. Жеміс-жидек пен шылым егіп, оларды жергілікті тұрғындарға малға айырбастап, байыған екен. Қазір бұл жер «Шылым» деп аталады. Бұрынғы Қаратал совхозының орталығы болған. Бірақ, осындай түрлі әпсана топтасқан Әулиетау жайлы көп адам білмейді…

Әулиетауды зерттеген ғалымдар Жолдасбек Құрманқұлов пен Люба Ермоленко бұған дейін қыпшақ пен түркі дәуірінің балбал тасын зерттеген. Нәтижесінде Ақсораңның шығыс жағындағы Қыпшақ ғибадатханасын тапқан. Бір кездері тастан қаланған алып зират болған оның, қазір іргесі ғана қалыпты. Ішіндегі 5 мүсінтастың үшеуі – әйелдікі, екеуі – еркектікі. Олар зерттеу жұмысын альбом-кітап етіп шығарған.

Осындай зерттеу жұмысы барысында Әулиетау әпсаналарына тап болған. Бірақ, кітапқа Әулиетау енбепті.

– Бұл қасиетті орынның Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында қолға алынған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына енбей қалуы – өкінішті. Болашақта енгізуге күш салу қажет. Мемлекет қарауына алып, абаттандырып, экскурcия ұйымдастырып, жұрттың танысуына жол ашуы тиіс. Өйткені, Әулиетаудағыдай 7 мың жыл бұрынғы неолит дәуірінің таңбалары ел аумағында тек Алтай сілеміндегі Ақбауыр үңгірінде ғана бар. Ал, қола дәуірінің таңбалары көптеген тарихи орында кездеседі, – деп есептейді Тұңғышбай Мұқан.

Жәлел ШАЛҚАР.