Жүсіпбек АЙМАУЫТОВ: «Қартқожадағы» підие алатын бала молда, ол – өзім»

Мен сиыр жылының аяғында (1890 жылдар) Қызылтаудың ба­уырындағы Қараның адыры деген жерде, Дәндебай ауылында тусам керек. Руым – Сүйіндік, оның ішінде – Күлік. Айдабол, Күлік бір туысады. Сұлтанмахмұт Айдаболдан. Екеуміз сегізінші атадан қосыламыз, Мәшһүр Жүсіппен 7-інші атадан қосыламыз. Кереку уезі, Семей губерниясы. 5 жасымнан 15-ке шейін ескі молдадан оқып «Мұқтасарды» дендеп, «Нақу» оқып барып қалдым.

Ауылымызда Оспан деген кісі молда ұстаушы еді. Әуелі Жүніс қожадан, содан кейін Шаймардан қожадан, артынан Қожаахмет молдадан, Қапар қожадан, Мұхаметжаннан оқыдық. Сүйтіп, ескіше 5-6 молданың алдын көріппіз. Бастапқы екеуі болмаса, соңғылар басқа ауылдың молдасы. Жаз жайлауда барып оқып тұрушы едік.

1917 жылдарға шейін әкеміздің малы 6-7 қарадан асып көрген жоқ. Сондықтан әкей бізді (үш ағайынды кісі едік, мен ортаншы баламын) мал табуға дайындады. Бір жағынан, жылда молдаға бір бұзаудан беріп, Ақат ағам екеумізді сабақтан үзбей (інім жас еді), екінші, бізді ауылдағы етікші, ағашшы, сыршыларға жіберіп, қол өнерін үйретті. Ақат ағам екеуміз де әрі молда, әрі етікші, ағашшы, әрі шимайшы, әрі домбырашы, әнші болып өстік. Әкем домбыра тартушы еді.

Ақатты бес жасынан алдына алып отырып, домбыра тартып үйреткен еді. Біздерден үлкен екі апамыз болды. Үлкені домбыра тартушы еді, хат танушы еді. Бізге өлең, ән үйреткен екі апамыз еді. Қадікеш деген үлкен апамыз өлең де шығарушы еді. Ұзатылатын қыз жолдастарына шығарған өлеңдерін ұрлап алып оқи беруші едік.

Байы өлген қатындарға шешем (Батима) жыр шығарып, үйретіп отырғанын жас кезімде құлағым шалушы еді. Менің 7-8-дегі жалаңбұт жүгіріп жүретін кезімде ойын-сауық болғанда, келіншектер бізді (Ақат ағам екеумізді) көтеріп әкеліп, етегімізге бауырсақ, құрт салып қойып, қосылдырып ән салғызар еді.

Ер жеткен соң Ақат ағам (менен екі жас үлкен) байлардың кебежесін, шкабын, жүкаяғын істеп, үй ағашын сырлап, етік тігіп кәсіп қылды. Бері келгенде ер қосатын болды. 15 жасқа келгенімде мен молдалық құрып, бала оқыта бастадым. «Қартқожадағы» підие алатын бала молданы оқысақ, ол – өзім. Қартқожаның әке-шешесін көрсек, ол – өз әке-шешем.