Ғали Ормановтың қызы Жамиға жазған естелігі 

Әкеміз бізге «кітапты көп оқыңдар» деп үйрететін. Бала кезімде бір кітап оқып, соның мазмұнын айтып отыр едім, әкем:
– Бұл кітаптың авторы кім? – деді.
– Білмеймін.
– Есіңде болсын, адам кітапты қолға алғанда бірінші кім жазғанын білу керек, қарау керек, – дегені әлі есімде. Сосын бізге «газет оқыңдар, әлемнің тыныс-тіршілігін біліп отырасыңдар, көздерің ашық, сауатты боласыңдар, газет оқымасаңдар болмайды» дейтін. Өзі сондай талапшыл кісі еді. Қанша ашуланса да айтатын сөзі «Өй, жолың болғыр!» еді.
Жұмыста жүрген адам тек түнде ғана жазуға уақыты болады. Ал әкем көктем мезгілінде жазғанды ұнататын. Ақынның нағыз шабыты келетін уақыт қой. Қолы сәл босаса, не кешке қарай үйімізге жақын жатқан Алматы өзенінің жағасына барып, ойланып, табиғат аясында миын тынықтырып қайтатын. Ақын адам өз ойымен жүреді ғой, кейде көшеде келе жатқанда, не басқа жерде ойға сүңгіп кеткенде қасынан кім өткенін де аңғармай қалады. Сөйтіп, кейбіреулері «Ғалекең амандаспады, тәкаппар екен» деген сияқты әңгімелер айтып жүрді. Өзі Алматыны қатты жақсы көретін. Салынып жатқан құрылыстарды аралап, қаланың көркейе түскеніне риза болатын. Соларға арнап жазған «Құрылысшы қиялы», «Шойын шыңы», тағы басқа өлеңдері де бар.
Кинофильмдерді де аударды. Өзі сөзге шебер еді. 1960 жылдары қазақ тілінің сөздігін жазды. Жай ғана сөздер тізімі, үлкен кітап болады. Сол кітапты әлі еш жерге басуға бермедім, бірақ алда жарық көреді деген үміттемін. Әкем жылына бір кітап шығаратын. Баспаға «Өркен», «Серпін» деген өлеңдер жинағын берген еді, сол кітаптарды өзі көре алмай кетті.
Ілияс Жансүгіровті әкем ұстаз тұтатын. Ілиясты репрессияға ұшыратып, тұтқынға алып жатқанда, әкемді «Ілиястың күшігі» деп газеттерде жазып жүрді. Кейін ақталғаннан кейін әкем Ілиястың өлеңдерін шығаруға көп көмек берді. Ілиястың бір журналист туысы келіп, ол кісі туралы көп сұрады. Сонда әкем: «Ілиястың жарық көрмеген бір өлеңі бар еді. Ертең диктофоныңды алып келіп, жазып алшы (жатқа біледі екен), қазір жағдайым болмай ауырып тұрмын» деді. Ертеңіне әкем қатты ауырып ауруханаға түсіп, көп ұзамай дүние салды. Сөйтіп, Ілиястың жарық көрмеген сол өлеңі әкемнің көкейінде кетті…

#Әсет_Ақмолда