Сиыр жылы сыйға толы бола ма?

Қазақтың танымында 21 наурыз – Ұлыстың ұлы күнінде, күн мен түн теңеліп, тышқан жылының орнына сиыр жылы кіреді. Әулие Мәшһүр-Жүсіп КӨПЕЕВ «Сиыр жылы қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман келеді. Елдің ымыра-бірлігі артып, берекесі мен мерекесі тасып, несібелі жыл болады» деп болжапты. Мәшекеңнің айтқаны осы 2021 жылға сәйкес келіп тұр.

Биыл Тәуелсіздігімізге – 30 жыл. Елімізде тойланатын атаулы даталарды қоспағанда, жаңалыққа толы болғалы тұр. Жыл сайлаудан басталды. Оған зейнетақы қорындағы қаржыларын шешуге асыққан жұрттың алаң көңілін қосыңыз. Вакцинация мәселесі де осы жылы өтеді. Ал, жәрдемақы мен зейнетақыны ептеп өсті десек те, елдегі инфляция деңгейімен жылдағыдан айырмашылығы шамалы. Азаматтар табысының бар-жоғын анықтауға септігін тигізетін 4 кезеңдік деклорация да елдің әл-ауқатын арттыруға көмегі тиеді деп күтілуде. МӘМС жүйесі тағы бар.

Көптің пікірінше, сиыр жылы – берекелі, құтты жыл.

Біз әлемнің бір бөлшегі болғандықтан, Григорян күнтізбесі мен мұсылманша жыл санауын қатар ұстанамыз. Ал, үнділердің сиырға табынатыны да жасырын емес. Өйткені, олар сиырды анасындай ардақтайды. Халық саны шектен тыс көп болғандықтан, қарапайым жұрттың күн көріс деңгейі өте төмен. Әр үйде бір сиыр болса, соған шүкір етеді. Сиырдың етін жемейді, оны кие тұтады. Олар үшін сиыр жылы жылдардың төресі болса керек…

Бізде сиыр жылы туған адамдар халық əдеті мен ырымдары негізінде сиыр бауыздамайтынын да көріп жүрміз. Бұл мысалды зерттеушілер де жоққа шығармайды.

Жануарлар атымен аталатын 12 жылдан тұратын уақыт айналымы әлемнің барлық халықтарында бар. Бұның нақты қашан басталғанын ешкім дөп басып айта алмайды. Тышқан жыл басы болса, сиыр 12 жылдық жыл санақтың екіншісі.

Соңғы жылдарда ет жеудің залалы туралы ғылымда да ашық айтылып жүр. Өйткені, сойыларда сиырдың бойында қорқыныш, үрей туындап, ол ақпарат бүкіл клеткаларына еніп, сақталып, ет жегенде сол үрей жайлы ақпарат адам санасына сіңеді. Ет жейтіндердің бойында қорқыныш сезімі басым көрінеді. Ал, вегетериандарда үрей сезімдері аз болады екен.

Ал, сиыр сүтін ішіп, сүт тағамдарын тұтынатындардың санасына махаббат, сүйіспеншілік туралы ақпараттар сіңіп, ондай адамдар кешірімді, байсалды, қайырымды, жомарт, кішіпейіл келеді екен. Аналарымыз бізді ақ сүтімен бағып, әлпештеп өсіруі – сондықтан. Төс емуден ерте шығып кеткендер әлжуаз, тасбауырлау болатын көрінеді.

Енді, сиыр жылында қандай оқиғалар орын алды? Тоқталып өтсек…

Шындап келсек, күннің, айдың, жылдың жаманы жоқ. Адамға берілген өмір – аманат. Сол өмірдің әр сәті, әр күні, әр жылы бізге ізгі істер істеуге – таптырмас мүмкіндік…

Ал, сиыр жылында Қасым хан, Есім хан, Қарасай, Олжабай батырлар, Ыбырай Алтынсарин секілді ұлы тұлғалар дүниеге келіпті. Бұл да тегін емес.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі сиыр жылдарына тоқталсақ, 2009 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің 2009-2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспары жасалып, «Қазақ елі» монументі, Тәуелсіздік сарайы, Орталық концерт залы, футбол стадионы сынды ірі ғимараттар пайдалануға тапсырылған. 1 шілдеде Әлемдік және дәстүрлі лидерлердің ІІІ съезі өтіпті.

25 ақпаны мен 6 наурыз аралығында өткен Халық санағы қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы халқының саны 16 млн. 4,8 мың адамды құрапты. Яғни, 17-інші миллионға аяқ басыппыз сол жылы.

1997 жылы 11 шілдеде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңы қабылданып, 8 қарашада Мемлекеттік рәміздер мен Қазақстан Президентінің байрағын Алматы қаласынан Ақмола қаласына табыс ету салтанаты өткен. 20 қазанындағы «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» № 3700 Жарлығына сәйкес, Ақмола қаласы ресми түрде 1997 жылдың 10 желтоқсанынан Астана болып ауысқан.

Қазан айында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2030» стратегиялық жолдауы жарияланған және бұл жыл халықтық жалпы келісім мен саяси репрессия құрбандарына арналып, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» деп аталыпты.
Тарих өткен сиыр жылдарының жаман болмағанын айтады.

Ал, танымал нумеролог Болат Бопайдың айтуынша, 2021 сиыр жылы халықтың бақ-дәулеті артады. Бір үйде жалғыз сиыр болса, сол тұтас отбасыны асыраған. Оның сүтінен жасалған түрлі сүт тағамдарын талғажау етсе, қыста соғымға сойып, көктемге жеткен. Бұл жыл – тыныш, дау-дамайсыз, халыққа мамыражай жыл деп саналады.

Барлық амал – ниетке байланысты. «Тышқан жылы – тыныштық, Сиыр жылы – сыйлық, Барыс жылы – бірлік» деп әр жылдан жақсылық күткен бабалар.

Біз қазір суқұйғыштар дәуіріне өту үстіндеміз. Мысалы, 21 желтоқсан күні түннің ең ұзақ шегінде Есекқырған мен Аңырқай (Юпитерь мен Сатурн) жұлдыздары бір-бірімен қауышты. Бұл қауышу – үлкен өзгерістердің белгісі. Өйткені, ең үлкен қауышу бұдан 800 жыл бұрын болған. Сол 1220 жылы садағын сары сағымға ілдірген Шыңғыс қаған Ұлы жорыққа аттанып, Хорезм (Сартауылдар) мемлекетінің шаңырағын ортасына түсірген. Енді, сол Шыңғыс ханның ұрпағы яки, біздің Ұлы сапарымыз басталуы керек. Ол адамзаттың жүрегін көркейту сапары болуы тиіс. Бұл Алланың Құран кәрімдегі хақ ілімі бойынша жалғанға бой алдырмай, жүректі таза ұстау. Яғни, тұтастай ғылым-білімге бет бұру, – депті бір сұхбатында Алаштың аймаңдай ақыны Светқали Нұржан.

Міне, біз Зеңгі баба жылында осындай ізгі, хақ жолдың, берекелі сапардың басталғанын қалаймыз…

Жәлел ШАЛҚАР.