Алдымен атылып кеттім…

 

***

Батыр ақын болмаса,

Ол бойына мін емес!

Ақын батыр болмаса,

Көрген күні – күн емес!

 

АР АЙНАСЫНДА

I

Сен ақшаңа қарадың,

Көңіліңде бар алаң.

Мен бақшаға қарадым,

Гүл шоғынан нәр алам.

 

Сен сауданы мақтадың,

– Біле білсең пайда – деп,

Мен тауларды мақтадым:

– Таудай болу қайда, – деп…

 

II

Сен: «Жұмыстан қудырам», – деп киліктің,

Биліктің барына сендің.

Мен: «Жаңалық тудырам», – деп түйліктім,

Арыма сендім.

 

Сен бастығыңа сендің,

Жағынып жалпаңдайтұғын.

Мен жастығыма сендім,

Тауларды талқандайтұғын!

III

Қол ұзындығыңа қарап,

Бар малыңды айттың.

Мен қобызыма қарап,

Арманымды айттым.

 

Өнеріме қолымды сіліккесін,

Білдім.

Бақи басымыз бірікпесін.

Қобызыма қосылып жүре бердім.

Байлық тірлік,

Ит тірлік –

Құрып кетсін!

***

Сен менен де сыр тарттың:

Бас амандығыңды көздейтініңді айттың.

Мен кейінгі ұрпақтың

Сөгетінін сезбейтініңді айттым.

 

Шыбындай жаның үшін

Жауыңа сатылып кеттің.

Аққудай арым үшін

Алдымен атылып кеттім…

АНА ТІЛІМ

Сенде менің бар қазынам, байлығым,
Сен боп туды жарық жұлдыз, ай, күнім.
Сен арқылы шалқып жатыр айдыным,
Сен тұрғанда серпем бұлтын қайғының.

Ана тілім! Айналайын, ардағым,
Сен арқылы қай қиырға бармадым?
Гүлстанда сайрап тұрған бұлбұлым,
Тас ғасырдан талмай жеткен тарланым.

Суретіңе ел сүйенген арусың,
Құдіретіңе ер сүйенген қарусың.
Қажетімнің барлығы бар бойыңда,
Дертім болса – бір ғана сен дәрусің.

Бұл фәниде мөлдір болса – мөлдірсің,
Ғашық жандар мен сияқты телмірсін.
Арман айым, айналайын, алдыңда,
Өліммен тең – мүләйімсіп көлгірсу.

Сенсің менің ар-ожданым, намысым,
Өрт боп тиші арман үшін, ар үшін.
Шеше тілін білмей жүрген шерменде,
Танымайтын әкесін, бір танысын.

Ана тілім! Сен барыңда гүлдеймін,
Жыр алауын шалқытамын, гүрлеймін.
Сен жоқ болсаң жана-жана таусылып,
Жер ошақтан жел айдаған күлдеймін.

Жаса мәңгі, ана тілім, жан тілім,
Жаса мәңгі, дана тілім, жарқыным.
Көкірегімнен көтерейін Ар туын,
Мәңгілікке нұрландырсын жарқылың!

АВТОГРАФ

Ей, ағайын,
Кітапшамды қолдан-қолға жеткеріп,
Тұрасыңдар шабыт беріп, от беріп.
Өз қаныңды тулатпаса,
Шулатпаса өлеңім
Өртеп жібер,
Кетсін мүлде жоқ болып.

Қолтаңбада қолға ұстарлық жоқ белгі,
Жолықтырсаң қаңтарларды, көктемді.
Арып-ашып
Әрі ғашық мен келем,
Сағынышым самғап ұшып кеткен-ді.

Бал мен зәрі тамшылаған тілінің,
Мұнда Өмірзақ Қожамұратұлының,
Жүйкесінде жыл керуені жүріп тұр,
Ал жүрегі кеуде керіп
Ұрып тұр!

***

Биік деймін,
Биік менің не теңім?
Ұлы таудың жайласамшы етегін.
Шың-құздардың сымбатына бір қарап,
Ойда тұрып,
Шырқасам да жетеді үн.

Шыңырау деймін,
Шыңырауды мен не етемін?
Балбұлақтың маңы емес пе мекенім.
Маңдай терді тамшылатсам, тасты да
Бау-бақшаға айналдырып кетемін.

1967

***

— Бақыт, — дейді,
Бақыт деген не екен ол?
Қай қиырда, қай қиянда екен ол?
Өсек сөзді естімейтін саңырау ма, жалғанда?
Ол да бірақ дүние шуын естісем деп арманда.
Қиянатты көрмейтұғын соқыр болып қалған ба?
Ол байғұс та күн сәулесін бір көрсет деп зарлауда.

Бір жауабын сен де білмей,
Мен де білмей тұр едім.
Көкірекке теуіп тұрып,
Айтып берді жүрегім:

— Ар ғой – бақыт!
Қиындықтың көрген дәмін татып сіз,
Дүние шуын естіп, көріп,
Қиналмағандар – бақытсыз!

АЛДЫМЫЗДА ЖОЛ ЖАТЫР

Алдымызда көк сүңгі шың… көл жатыр,
Тым биікте… тұңғиықта олжа тұр.
Күнде шығып жүрген белең жон жатыр,
Жон қойнында оқылмаған том жатыр.
Ойлан, құрбым, болғың келсе сапарлас,
Алдымызда біз өтпеген жол жатыр.

Алдымызда кең даланы қар тыстап,
Ақпан бізбен табан тіреп тартыспақ.
Сенім – серік, жеңем деген шарт ұстап,
Ауырды ойдан аударамыз тартыссақ.
Ойлан, құрбым, болғың келсе сапарлас,
Бу беліңді, жүрек сөзін мәрт ұстап!

Ұзақ жолда бірімізден кетер мін,
Қателеспей өз борышын өтер кім?!
Жолдасыма жаным пида етермін,
Бәрін жуып, қуанышты жетер күн!
Алдымызда біз өтпеген жол жатыр,
Не көрсек те нар тәуекел көтердім!

Өмірзақ ҚОЖАМҰРАТҰЛЫ.