Қандай рақат сәбилер жыламаған…(Балалар жайлы өлеңдер)

 

Бесік басында

Ұқсайды бар тыныштық жер бетінде,
Ұйқыдағы сәбидің келбетіне.
Ояту былай тұрсын, рұқсат жоқ
Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге.
Ұйықта, ұлым, ұйықта, бөпем, қасыңдамын,
Керек емес, дүния, асылдарың!
Бақыт, байлық — барлығы менің үшін
Сенің бір кеп мойныма асылғаның.
Аймалайсың жанымды күлкіңменен,
Тамағыңнан айналдым бүлкілдеген.
He дейсің сен бұртиып, айтшы, сәулем,
Қытықтаған жүректі бір тілменен?
…Қандай ғана анадан туады адам,
Сәбилердің ұйқысын куалаған?!
О, тыныштық! Тыныштық қандай рақат!
Қандай рақат сәбилер жыламаған!
Ұқсайды бар тыныштық жер бетінде,
Ұйқыдағы сәбидің келбетіне.
Кім болсаң ол бол, мейлің, рұқсат жоқ,
Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге!

Жас бала

Теріскей бет, жел үрген,
Аязға тоңған жас бала.
Тумай жатып өмірден,
Қалды екен неге жасқана?
Алты жасар жас бала,
Тұрмыстың кілтін қолға алып,
Семьяға бас бала,
Тіршілік еткен қой бағып.
Акасы қайда жас құстың?
Әкесі қайда кетті екен?
Тәкаппар бұл тұрмыстың
Қайнауы қалай жетті екен?

Мұқағали Мақатаев.

***

Ұлым менің…

Сен сенгенім.
Сенсіз жерде түседі еңсем менің.
Қапияда көз жазып қалам ба деп,
Көтереалмай еңсемді кемсендедім.

Күнім менің!
Сенен басқа бар еді кімім менің?..
Сен от басып қалар деп Ойда жоқта, 
Көрсең еді жүректің тілінгенін.

Құлагерім!

Бар бақытым өзіңсің сірә менің!
Бір тілеуің әкеңнің керек болса,
Саған ғана амандық сұрар едім.

Мұрагерім

Ақ жүзіңді семсер қып сынап едім. 
Ақ пен қара айқасқан бұл өмірде,
Жыға көр деп туымды мына менің.

Жүрсін Ерман.

***

Қызым менің…

Қызым менің,
Сәуле шашып ойнасын жүзіңде күн.
Өз қолыммен өсірген қызғалдағым,
Қаламаймын гүлімнің үзілгенін.

Қызым менің,
Қылығыңды тәп-тәтті жүзім дедім.
Бұл өмірдің бақ тұнған бақшасынан,
Жемісіңді қалаған үзіп жегін.

Қызым менің,
Болашағыңды ойлаумен бұзылды өңім.
Қысқа-қысқа тағдырлар құрайды екен,
Тарам-тарам тірліктің ұзын жолын.

Қызым менің,
Бой жетерсің боялып қызылға ерін.
Бұл әкеңнің тілегі: анаңдай бол,
Анаң сенің атанған түзу келін.

Қалқаман Сарин.

***

Ананың бөбегіне тілегі

Бүгінгі күн ерекше күн, ерек күн,
Сәбилердің күлкісі де бөлек тым.
Бүгінгі күн ата-ананың үміті
Шаттық тойы былдырлаған бөбектің.

Ұғына алған олардың да пәк күнін
Шынында да, бүгінгі күн тәтті күн.
Ата-ананың қуанышында әр адам
Сезінеді осы тойдың шаттығын.

Ғабиден Қожахмет.