Бүгінгі қазақтың той өткізу салты туралы ортаға салынып жүрген пікірлер аз емес. Ұлттық тәрбие беретін, оның бесігі болған — қазақтың тойы қазір қандай деген мәселе ойландырмай қоймайды.
Әдет-ғұрыптың, салт-сананың, өнердің бағын ашатын да, сынайтын да ұлттық тойымыз болса, мұның барлығы бұрынырақта болған сияқты дейміз. Ал қазіргі тойымыздың өзі бір бөлек тәрізді. Түсі мен мазмұны өзгеше. Жаңашылдық деп жүрміз. Батыстық та, шығыстық та бағдар мен сәйкестік көрінбейді. Әр той иесі өзінің ойына келгенін істейтін шараға айналып бара жатқандай. Бұл ретте бүгінгі күні тойдың дастархан сәнін дұрыс жолға қойдық дейік, ал той өткізудің мәнін әлі дұрыстаған жоқпыз.
Тойға келген халық дем алып, қуанышты отыруы, жарасымды әзіл сөздер мен тамаша әндерді естіп, той иесімен бірге қуанышқа бөленуі керек. Бірақ қазіргі өткізіп жүрген тойдан көбіне дем алып емес, шаршап, даңғаза әуендерді естіп, құлағымыз сарсылып қайтатын болдық. Жаппай даңғазалықты, күпінуді, жапа-тармағай дүние шашуды, ішімдік ішуге салынуды дертке айналдырған тойларды көргеніңде, оның болғанынан болмағаны жақсы ма еді дейсің. Осындай жағдайларды көріп отырып, «біз осы қайда бара жатырмыз» деген ой мазалайды. Осы тақырып көпшіліктің ойын қозғап, пікір таластыратын деңгейге келгені анық. Айтылып та, жазылып та, жатыр. Дегенмен ұлттық құндылықтарымызға бетбұрыс әлі баяу.
Бүгінде тойдың кешігіп басталуы әбден үйреншікті жағдайға айналып кеткені жасырын емес. Осындай бір тойдың куәсі болғаным бар. Тойдың басталуы сағат сегіз деп белгіленген. Алайда сағат тілі кешкі онға ауып кетсе де, басталар түрі жоқ. Бір кезде тойға келген қауым жиналып болды-ау деген кезде беташар айтылып, баршаның назары қара домбыраның күмбірлеген әуеніне ауды.