Қазақы киіну әдебі

Қыз баласының мінез-құлқына әсер ететін үлкен бір дүние – киім кию үлгісі. Қасиетті Құранда: 

«Мүмін әйелдерге де айт! Бөтен еркектерден көздерін төмен түсірсін! Әрі ұятты жерлерін харамнан сақтасын! Олар тек өздігінен көрініп тұрғаннан басқа әшекейлерін көрсетпесін! Және орамалдарын басына салып, онымен омырауларын жапсын! Әрі олар әшекейлерін көрсетпесін! Тек күйеулеріне, немесе әкелеріне, немесе күйеулерінің әкелеріне (яғни қайын аталарына), немесе ұлдарына, немесе күйеулерінің (басқа әйелдерден туған) ұлдарына, немесе аға-інілеріне, немесе аға-інілерінің ұлдарына, немесе әпке-сіңлілерінің ұлдарына, немесе мұсылман әйелдерге, немесе құлдарына, немесе әйел керек қылмайтын еркектерге, немесе әйелдердің ұятты жерлерін білмейтін жас балаларға көрсетсе онда оған рұқсат. Өздерінің жасырған әшекейлері біліну үшін аяқтарымен жерді тепсініп жүрмесін! Әй, мүміндер! Табыста болуларың үшін барлығың Аллаға тәуба етіңдер!» – делінген .

Әуретті жабу – жалпы әйел заты үшін Алланың бұйрығы әрі ең маңызды мәселенің бірі. Барлығын білуші, көруші Жаратқан Раббымыз мұндай бұйрықты бекерге бермейтіні хақ. «Алла ешбір кісіге оның шамасынан тыс нәрсені жүктемейді…» . Бүгінгі қоғамның бұзылуы да қыздардың тым ашық киінуінен. Ұзын жең, ұзын етек көйлек пен жаулық – қазақ халқының дәстүрлі киім үлгісі. Оны ешқашан бізден емес деп айта алмаймыз. Классик жазушы М.Әуезовше айтсақ,

«Орамал – дәстүр, орамал – шариғат шәлісі».
Орамал қай заманда да, қай уақытта да, қай елде де өте үлкен құрмет пен қасиетке ие болған. Және ол кез келген қыз-келіншектің көрігіне көрік, әдемілігіне сән қосатын ерекше әшекей. Біз әдетте адамгершілік пен ұяттан асқан әдемілік жоқ деп жатамыз. Ал, әйел заты үшін ең әдемі әшекей ұятын жабатын – орамал. Нәп-нәзік. Салмағы бар болғаны құстың қауырсынындай ғана. Бірақ, барлық аруды қорғап жүруге күші жететiн үлкен қасиетке ие. Кейбір ер азаматтар қорғай алмай жүрген әйел затын жамандықтан қорғайтын мықты қорғаушы! Орамалды құрметтегендер мойнына салады, қадіріне жеткендер оны басына шығарады. «Бiрiншi байлық – денсаулық, екiншi байлық – ақ жаулық,» — дейді халық даналығында.
Дереккөз: asyldin.kz