Қазақы той

Бір күні — мың күнге бағаланатын әр шаңырақта болатын той салтанаты көпшіліктің көңілінен шыға алмай жүргендігі шындық. Ол кемшілікті айтамыз, жазамыз, асабадан көреміз, уақытқа сыймаймыз, мейрамxанаға аударамыз бәрі де той өткен соң аяқсыз қалады.
Ойымыз бір жаңашылдықты аңсайды, көңіліміз өзгеше қуаныш күтеді сол сәулені қалай, қашан өмірге енгіземіз ?!
Ұсыныс пен пікірлеріңіз, ойға алған жобаларыңыз болса талқыға салайық достар !

ҚАЗАҚЫ ТОЙДЫ ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСТЫРАМЫЗ?

Әрбір отбасы үйде болатын ерекше қуанышын көпшілікпен бірге атап өтуге үлкен мән беретіні анық. Бұл ретте, мәртебелі де мерейлі шаттық шаңыраққа келін түсіріп, қыз ұзату тойы. Тойға жақындағы жанашырлардан бастап, алыстағы ағайын, сыйлас аға-іні,құрбы-құрдастармен қатар, замандастарыңды шақырып қуанышыңды бөлісесің. Бірнеше ай дайындалып, шақырылған қонақтарға сый-құрметіңді көрсету жолында бар ынта-жігеріңді саласың. Демек, ,,Тойдың болғанынан, болары қызық,, деген нақыл сөз әлі де мәнін жойған жоқ. Осы орайда, той өткізудің белгілі бір шарты немесе жазылған нұсқауы болмаса да, бұрынғы ата-баба салтымен уақытылы жаңарып, жалғасын тауып келе жатқаны аян. Мәселен, құда түсу, сырға салу, той жасау, кейіннен құда шақыру секілді көптеген міндеттердің барлығы ойдағыдай атқарылып, азды -кемді өзгерістерімен қолданылып келеді. Үлкен тойларды өткізетін салтанатты сарайлар жаңарып, тойдың көркемдік жағы жоғарылап, ас мәзірлері түрлендіріліп, асабалар шеберліктерін шыңдап, түрлі безендірулер көңілге қуаныш сыйлайды. Алайда, осындай жақсы мүмкіндіктер болса да тойдың кеш басталуы, бір сарындылығы, ұзақ уақыт отырыс, жаппай тілек айту, дыбыс күшейткіштердің жағымсыз әсері туралы сындар айтылып та, жазылып та жүр. Сондықтан, осы бағытта ойға алған ұсыныс-пікірімді білдіргенді жөн санадым.

Тойға шақыру
Тойға шақырудың мәдениеттілігін арттыру, мақсатын жеткізу шақырылған қонаққа көрсетілер алғашқы құрмет болып есептеледі. Сол себепті бұрынғы қатырма қағаздағы жаттанды шақыру билеттерінен арылып, той иелері шақырылатын қонақтың әр біреуіне жақындық қатынасын айшықтайтын, ол адамдарды қандай жолмен құрметтеп сыйлайтындықтарын білдіретін мәтіні жазылған шақыру хабарламасын жібергені орынды. Бұл күнде кез келген үйде немесе қызмет көрсету орындарында жазу-сызу құралдары, электронды пошта, желілік жүйелері жеткілікті дамыған. Сол себепті, той қонақтарына «Қадірлі————— Сіздерді көңілімізге қуаныш сыйлағалы отырған ұлымыз ——— үйлену тойына шақырамыз. Ширек ғасырдан астам уақыт әулетіміздің сыйлысы болып араласқанымызды мақтаныш етіп, салтанатты тойымыздың төрінен күтеміз. Өмір жолдары өнегелі, жаны жомарт, аузы дуалы Сідердей жандардың жаңа өмір есігін ашқалы отырған ұлымыз бен келінімізге ақ батаңызды беріп, ақ жол тілеуіңізді сұраймыз.
Той 25 қазан 2018 жылы, Атырау қаласы, С.Мұқанов көшесінде орналасқан ,, Алтын ұя,, мейрамханасында өтеді. Беташар рәсімі 12.00 – 13.00 аралығында өткізіліп, той дастарқаны 13.00 басталады. Сіздердің орындарыңыз 5 столда белгіленген.
Сіздерге деген құрметпен, ата-әжесі Мырза – Несібелі,
әке – анасы Марат – Назым» деген мәтінде тойға шақыру жолданып, солардың ішінен бір адамнан бата беруші нақтыланып, ескертілгені қандай жақсы?!. Бата берушілерден басқа той қонақтарына шақыру қағазына қосымша арнайы ,,тілек бетшесі,, жасақталып, әр кім ақ тілегін сол бетшеге жазып той шашуымен бірге той иесіне табысталса керемет емес пе?! Кейіннен бұл бетшелер жинақталып, ,,Той қонақтарының тілектері,, кітапшасын шығартып, жас отаудың төріне қадірлеп іліп қойса тойдан тамаша естелік болып сақталады. Сонымен қатар, ,,Тілек бетшесі,, жолданған адам тойда сөйлемейтіндігін ұғынып, бар өсиетін, тілегін осы бетше арқылы жеткізеді. Сол сияқты, қазір заманауи құрал-жабдықтар мен желілік жүйелердің мүмкіндіктері көп. Тойға шақырылған жолдастары, ұжымдастары, бірге оқыған достары, көршілері өзара топтасып бейне таспа (видео) жасақтап, кең қамтылған тілектерін, арнауларын жолдап, өткен қызықты шақтарын бейнелеп, әуенмен әрлеп, суреттермен безендіріп таспа түрінде (диско,флешка) той иесіне табыстаса қандай жарасымды? Бұл әр түрлі жағдайлармен тойға келе алмаған қонақтар үшін де жүрек жарды құттықтауларын жолдауға тиімді. Бұдан шығатын қорытынды — той иесі тойды өткізген соң отбасы мүшелерімен бірге асықпай отырып қарап, жастарға кімнің кім екендігі таныстырылып, той қонақтарының ыстық ықыласына бөленіп, мерейлері өсіп, жас отау иелері мен балаларының алдында абыройлары арта түседі деп есептеймін. Әрі той уақытының үнемделуіне, тиімді пайдалануына мүмкіндік береді.

Той уақыты
Әлбетте, той қонақтары жақсы дем алып, шаттық көңілмен, салтанатты кештен рухани күш жинап қайтуға тиісті. Осы тұрғыда, біраз ақылға салатын жайттар бар. Айталық, адамдардың түнгі мезгілде тамақ жеуі уақытпен сәйкес келмейді. Егде адамдар үшін жүріп-тұру қиындығы өз алдына, ауылдағы ағайынның келіп-кетуіне қолайсыздық тудырып, қонақтарға қызмет етушілерді әжептәуір әбігерге салатыны сөзсіз. Бұған қоса, түнде тойға барамын деп үйдегі жас балаларды иесіз қалдыра алмайсың. Тойда көңіл көтеремін немесе жұмыстан шаршап шығып, шақырушының көңілін қимай барып, көлік айдағанның салдарынан қаншама жол оқиғасы орын алып, жан түршігерлік жайттарға куә болып жатырмыз десеңізші?! Қарапайым ғана ойлау жүйесімен қарар болсақ, мезгілімен тынығып, демалмай түнімен тойда болған адамның ертеңгі күні жаңа іс бастауға, міндеттерін толық орындауға, көлікпен жолға шығуға қабілеті төмен болатыны кім-кімге де белгілі ғой. Демек, осындай жайттарды ескере отырып, тойды күндіз сенбі, жексенбі күндері жарық бар мезгілде өткізген қолайлы деп санаймыз.

Беташар
Беташар рәсімі жаңа түскен келінге, әулеттің етене жақын адамдарын туыстық қатынастарына байланысты таныстыру болып саналады. Бұл шараға барша той қонақтарын қатыстырудың қажеттілігі жоқ. Оған қатынасуға тиісті деген ағайындарды тойдан бір сағат бұрын әдейілеп шақыру қағазында көрсетіп, өткізілетін орнын көрсетіп ескертілгені дұрыс. Беташар мүмкіндігіне қарай шаңырақтың ауласында, көп қабатты үйлерде тұрса алдыңғы алаңында, салқын мезгілдерде мейрамхананың кіреберіс бөлігінде өткізілгені орынды. Келіннің беті ашылып, қасиетті шаңырақтың төріне босағадан аттағаннан бастап салтанатты шаралар жалғасқаны жөн.

Той дастарқаны
Той қонақтарын салтанатты сарайда орналастыру, олардың өздерін жайлы сезінуіне көп көңіл бөлінгендігі дұрыс. Меймандар жас шамаларына қарай мейрамхана дастарқанның төріне үлкендерді, төменгі жағына жастарды жайғастырып, жігіт пен қалыңдық сол екі бөліктің ортасына отырса жарасымды болмай ма? Жоғарғы бөліктегі үлкендердің дастарқан мәзірі, тойдың ұзақтық уақыты, дыбыс күшейткіштері тағы да басқа жағдайлар бөлек қарастырылуымен қатар, тойдың бірінші кезеңінде бір жарым-екі сағат көлемінде үлкендер (80-60 жас аралығы) той қуанышын тамашалап, той иелерінен құрметін көріп, жастарға баталарын беріп үйлеріне қайтуға мүмкіндік жасалғаны, осы жерде ас қайтарылып 10-15 минуттық үзіліс жарияланып, орындықтар ысырылып, ортаны кеңейтіп жастарға билеуге, ойындар ұйымдастыруға ыңғайландырылғаны ғажап емес пе?! Қонақтардың тойды жалғастыруға ынталы топтары қайта келіп жайғасса да болады. Шаршағандары, түрлі шаруалары барлары жүре беруге рұқсат етіледі. Айта кетерлігі — тойдың бірінші кезеңінің ұлттық болмысты ерекшелейтін жолдары қарастырылуы керек. Дәстүрлі әндер айтылып, жыр-термелер орындалып, тойбастар, тойтарқар секілді жоралғыларымен, қазақы салт-дәстүрмен сабақтасқаны тойға қатынасушы жастарға үлгі-өнеге болары анық. Тойдың бірінші кезеңінде тілек айтылмайды, бата беріледі. Ортаға шыққан ағайын-туыс, құда-жекжаттар, нағашы-жиен-бөлелердің үлкендері бір адамнан бата бергендері абзал. Бірлесіп өздерінің баталарынан кейін жергілікті әнші, жыршы-термешілерін ала келіп жақсы әуен орындалса той иесіне деген құрмет, тойшы қауымға қошамет, өнер иесіне ілтипат болар еді. Бұл соңғы кездерде қолданыстан қалып бара жатқан бата беру салты мен көп орындалмай, орындаушылары да сиреген халық аспаптарымен сүйемелденетін өнер түрін де қолдау көрсетуді қажет етеді. Ал, тойдың екінші кезеңінде кештің қазақы көрінісін сақтай отырып, той дастарқанындағы жастардың көңілінен шығатындай ұйымдастыру той иесі мен асабаның міндеті. Әрине, той – өнердің ортасы. Ақындық, шешендік сөздер, тамылжыта ән салу, күмбірлеген күй тарту, мың бұрала билеу, породия тағысын тағы өнері бар той қонақтары түгелдей қатынасуы керек. Бойларында титтей таланттың ұшқыны байқалатын жандардың бұл істері тойдың көркемдігін көтерумен қатар, өнерлерін дамытып, шеберліктерін шыңдай түсуге зор септігін тигізетіні мәлім.

Асаба
Тойдың жақсы өтуі 70 пайыз асабаға байланысты. Сондықтан, асаба бір сарындылықтан арылып, той иесінің мүмкіндігін ескеріп, той қонақтарының жас шамасына, кәсіп түріне, отбасылық бейімділігеіне қарай той бағдарламасын жасақтауы керек. Жаңа жобалар ұсынып, кешті жүргізу ерекшеліктері арқылы той қонақтарын сергітіп, көтеріңкі көңіл күймен алға жетелеп отыруға міндетті. Әрине, асаба той басқаруды қолға алғанымен, көп жағдайда той иесінің талғамына, түсінігіне бағынып, ықпалына тәуелді болатыны жасырын емес. Ал, тәуелділік таланттық қасиеттерін төмендетумен қатар жаңашылдық ізденістерін де тежейді. Оның арты бір сарындылыққа әкеліп, тойға қатысушыларды мезі етіп жіберіп жүргенін қайтерсің? Сол себепті, тойдың бірінші кезеңінде өнер сайысы, жігітпен қыздың айтысы, нағашы мен жиеннің әзілі, мақал-мәтелдер жарысы секілді той қонақтарының көпшілік бөлігі атсалысатындай тың шаралар қажет. Қазақтың салт-дәстүрлерінен сұрақтар, тарих пен шежіреден сыр шертер ойлар, ұмыт бола бастаған жәдігерлер мен қолданыстан қалып бара жатқан халықтық қазына төңірегінде сайыстар ұйымдастыру тойдың тағылымдылығын арттыра түседі. Оған барлығы біркісідей атсалысқаны дұрыс. Ағайындардың ортасынан шыққан бата беруші адамның үлгілі өмір жолын, атақ дәрежелерін, қоғамдағы, туыстар арасындағы атқарған істерін дәріптеп жеткізу орынды. Біз бата берушіні ардақтай отырып, батаның қасиетін ұғындырып, ортаға сыйлы, игілікті іс атқарар саналы ұрпақ қалыптастыруды ойлауымыз қажет. Тойдың екінші жастарға арналған кезеңі көтеріңкі көңілдегі ән-би, қызғылықты шаралармен қатар кеш қонақтарын мәдениеттілікке тәрбиелейтін, намысын жігерлендіретін бағдарламалардың болғаны жөн. Ұлттық құндылығымыз төңірегінде сайыстар, танымдық, логикалық сұрақтар арқылы ой өрісін кеңейту жолдары ойластырғанымыз абзал.

Той иесі
Тұрмыстық жағдайымыздың жақсарғаны болар, бүгінгі тойлар бәсеке-бәйгеге бейімделіп барады. ,,Мал баланың – шашуы,, дегенменде ұлттық тәрбиенің түп тамыры өзіңнен, шаңырағыңнан басталатындығын естен шығармаған қандай жақсы?! Аспа-төк ысырапшылдық пен атақ-даңқ қуалаушылықтың жас отау иесі үшін ешқандай тигізер пайдасы жоқ. Тойларда алыстан алдырған әншілердің өнер шеберлігі мен кәсіби биіктігі бағаланбайды. Оны «Пәленше тойына пәленше жұлдызды шақырыпты» деген атақ үшін немесе жанында тұрып суретке түсуге пайдаланып жүргеніміз жасырын емес. Осындай мақсатқа жұмсалатын қаржыны жас отау иелері құрметіне мәні мен мазмұны жарасқан шараларға жұмсаса керемет емес пе?!

Түйін
Сайыпкелгенде, той өткізу барысында ойланатын жайттар көп-ақ. Менің жазғаным көкейімді жарып шыққан ұсыныс-пікірлерім ғана. Алдағы уақытта, той жасаудың қазақы жолын ойластырып, салтанатты дастарқанды басқаруға таңдаған асабамен тиянақты бағдарлама жасау арқылы уақытымен бастап, келген қонақтардың көңіл күйін тауып, абыроймен аяқтауға той иесінің жауапкершілігі мол екендігін сезінсе игі дейсің. Ендеше, ,,Дарақы мырзалықтан, сыпайы сараңдық артық,, деген де сөз барын ескерсек, алтын уақытымызды, жинаған қаражатымызды, мал-мүлкімізді ысырапшылдыққа ұрындырмай тойымызды мәнді де сәнді өткізейік, ағайын!

Мұрат САРМАНОВ
Атырау қаласы