«Бұрынғыдай соғылмас қоңыраулар…» (Түлектер жайлы өлеңдер)

Талапкерге 

Арманыңда, жаныңда жалын ән бар,
Жас талапкер, сөзіме көңіл аудар.
Бұрынғыдай күтпейді мектеп сені,
Бұрынғыдай соғылмас қоңыраулар.
Мектеп қайта есігін ашпас енді,
Өмір – ұстаз, ақылды, ақ шаш өңді.
Басқаша енді үйретер бар сабағын,
Қоңыраулар соғылар басқаша енді.
Былтырғыдан басқаша биыл демек,
Білімің мен ақылың, күйің бөлек,
Енді басқа жиын-той, киім керек,
Енді саған шынайы сүю керек.
Сұрақ басқа оп-оңай шешілмейді,
Жаса қанша тентектік, есір, мейлі.
Мектептегі мұғалім кешіргенмен,
Өмір — қатал, ол күнде кешірмейді.
Даусыз ол күн есіңде сақталар,
Жазылмаған өмірдің ақ парағы,
Жаңа дастан күтеді, жазуыңды
Күтпейді тек кластың тақталары,
Енді сені күтеді барлық жолдар,
Күтпейді тек мектептің парталары.
Кездеседі дауыл да, дабыл да көп,
Дамылдама, қаймықпа, қабылда кеп.
Үлкен ойдан үлкен іс туар, ойлан,
Болашақтың тағдыры қолымда деп.
Уақыт та емтихан алар,
Ол сын қорқыта алмас.
Көңілге сенім қонсын.
Жас талапкер, билет ал тәуекел деп.
Емтиханда, өмірде жолың болсын.

Күләш Ахметова.

***
Түлектер қанат қақты

Үмітпен сенеді елі,

Арманы – жастығында.

Шат күлкі әуеледі,

Тілектер тасқынында.

Құжатын қолға ұстады,
Мақсаты – сенімінде.
Шәкірттік болмыстары –
Ұстаздың көңілінде.

Сынақтан сүрінбеді,
Қала алды биігінде.
Балалық пейілдері –
Ананың мейірінде.

Бәрі де жарасады,
Мақтаныш – жүрегінде.
Бақытты болашағы –
Әкелер тілегінде.

Қиялы көз ілмеді,
Қимастық – жырларында.
Толқыған сезімдері –
Вальстің ырғағында.

Өмірдің жаңа күні
Ұшырды, самғасын да.
Қоштасты балалығы
Мектептің ауласында.

Арманға қадам басты,
Келешек тосқан бәрін.
Басып тұр ең алғашқы
Үлкендік баспалдағын.

Бірге ұшты достар бәрі,
Күтеді алғашқы сын.
Жауапты басқандары
Өмірдің әр басқышын.

Келешек көктемінен
Табады олар бағын.
Тілеп тұр мектебі де
Кірпіш боп қаланғанын.

Түлектер мектебіне оралады

Ұя сап жүректерге,
Қарайлап өткеніне.
Оралар түлектер де
Қайтадан мектебіне.

Армандар қаланды нық,
Көрінді ізі көкте.
Кешегі балаң жігіт –
Жауапты қызметте.

Жас емес олар қызба,
Істері сүйікті елге.
Кешегі балаң қыз да
Ту тіккен биіктерге.

Алаң еді ертеңіне,
Жүзге нұр жиылып тұр.
Міне, еткен еңбегіне
Әз ұя сүйініп тұр.

Жаңалық біліседі,
Досқа үміт артады анық.
Дуылдап, күліседі,
Бір-бірін ортаға алып.

Ере алды көшке, міне,
Ұстазды ұмытпағын.
Түсірер естеріне
Шәкірттік қылықтарын.

Сүйсініп жұрт айта алар,
Білерсіз қоштағанын.
Қайтадан шырқайды олар
Баяғы достар әнін.

 Ғабиден Қожахмет.

***

Мектебім

Қолыма ұстап хат, қалам,
Балалық жүзбен сүйкімді.
Босағаңнан аттағам,
Бөліп тұңғыш ұйқымды.

Алғашқы бір жазуым,
Есімі қамқор көсемнің.
Жанымның тауып азығын,
Жарқырап, күліп өскенмін.

Балалық атты бір досты
Шығарып салдым партаңнан.
Жастығым маған гүл тосты,
Аялап қағып арқамнан.

Көрсем сені осы күн,
Түседі еске жаңарып,
Алғашқы сол жазуым,
Алғашқы дос — балалық!

Ғафу Қайырбеков.

***

Асып-сасып…

Бүгін қатты ұйықтаппын,
Бір кез шошып ояндым.
Сағат сегіз боп қапты,
Қар басыпты үй алдын.
Татқам да жоқ тамақтан,
Асып-сасып киіндім.
Кешіктім деп сабақтан,
Өз-өзімнен күйіндім.
Біраз жер бар мектепке,
Біздің одан үй алыс…
Аптығыппын мен текке,
Жетіп келсем — демалыс!

Қадыр Мырза-Әлі.

***
Бала махаббат

Асау өмір арнасында
Шалқып сәби сезімменен
Он жыл мектеп партасында
Бірге отырдым өзіңменен

Сездіруге батпадым да
Бала махаббатымды
Терезенің жақтауына
Ойып жаздым атыңды

Елес беріп келешегің
Қимасыңа баладың ба
Қоштасарда неге сенің
Жас толқыды жанарыңа

Сездіруге батпадым да
Бала махаббатымды
Терезенің жақтауына
Ойып жаздым атыңды

Іңкәр еткен атар таңға
Қош бол енді бала көктем
Бізді алыс сапарларға
Шақырады самолеттер

Сездіруге батпадым да
Бала махаббатымды
Терезенің жақтауына
Ойып жаздым атыңды.

Мұхтар Шаханов.