Батыс аймақтың той ерекшеліктері

Ұлын ұяға, қызын қияға қондыру әрбір әке-шешенің арманы. Әр өңірдің той өткізу мен ұзатуы салттары бөлек. Батыс Қазақстан аймағының той ерекшеліктеріне тоқталып көрелік..

Батыс өңірдің тойы ең ерекше. Басты ерекшелік, бұл жігіттің тойына қыздың әкесінің бармауы. Әкесі қызының бетін ашқанын көрмеу керек деп саналады. Ал, кейбір үлкендер, қыз жаңа әулетке кіргенін, ол жерде ата-анасы енді қасында болмайтынын сезіну керек дейді. Тойға келіннің ата-анасының орнына құдаша, құдабала және келіннің аға-жеңгелері сияқты адамдар келеді. Қыз ата-анасын тек үйлену тойынан соң, құдалық өткізілгеннен кейін ғана көре алады.

Батыстың кей қалаларында беташарда әр адамның ата атала бермей, жалпылама нағашылар, абысындар, қайын әпкелер, т.б., деп, топтастырып сәлем береді. Жігіт тойы екіге бөлініп өтетін жай көп кездеседі: үлкен адамдарға арналған той күндіз, жастарға арналған той кешке өтеді. Қыз ұзату тойы жігіт тойынан кем түспейді. Оны қыз ұзату деп де айтпай,  «Қыз той» дейді. «Қызды сағат 12 дейін алып кету керек» деген шарт жоқ. Ұзату той бітісімен, қыз өз үйіне барады. Келесі күні өз үйінен ұзатылып шығарады. Әдетте, сағат 11.00-ге дейін. Кетерде артына қаратпай алып кетеді.

Батыста ұзатуға кейде қызыл түсіті көйлек киеді. Ал барған үйінде шай құярда ерекше әдемі, болашақ енесі алдын ала арнайы тіктірген шай көйлегін киіп, басына ақ орамал тартады. Ең алғаш келін шайға келген адамдар, шай ішкеннен кейін кесенің ішіне ақша салып қайтарады. Ол ақша тікелей келіген бұйырады.  Батыс сәлем салуды қатаң талап кетпейді.

Батыста қалың мал сұрамағанымен, «ана сүтіне» көп көңіл бөледі. Ол ақшалай сыйлық болуы да мүмкін, қымбат әшекей бұйым болуы да мүмкін.

Бір ескере кететін жайт — жоғарыдағы ерекшеліктер қатып қалған заң емес, сондықтан, «тура осылай екен» деп қабылдамауды кеңес береміз…