Брест қамалын қорғаған қазақ мергені Әбдіразақ МӘМИЕВ жайлы білесіз бе?

Жеңіс күні – Қызыләскер ауылының адамдары үшін ерекше мерекенің бірі. Ауылдың ақсақалдары мектептің алдындағы алып ескерткішке тағзым етіп, музейді аралайды. Сонау сұрапыл соғыл жылдарынан кейінгі ауыр балалық шақты еске алып, өздеріне өмір жолын, білім нәрін үйреткен қазақ сарбазының тағдырына тағы да тереңірек үңіледі, батырдың рухына бас иіп тарасады. 6 жылын әскерде, оның 4 жылын от пен оқтың арасында өткізген қазақ мергені, Ұлы Отан соғысының арадагері Әбдіразақ Мәмиевтің өмірін Azattyq Rýhy ақпараттық порталының зерттеу мақаласын көпшілік назарына ұсынамыз.

ДЕМОБИЛИЗАЦИЯ ОРНЫНА – СОҒЫС

Брест қамалы. 1941 жылдың 21 маусымы. Түн. Екі жыл әскер қатарындағы сынақты артқа тастаған Әбдіразақ ертең таңертең туған жерге аттанатын сәттің де келгеніне қуанса, бір жағынан жанындағы қарулас жолдастарын қимай ұзақ әңгімелесті. Үйде өздерін күтіп отырған туыстары, сүйген қыздары туралы әңгімелер сарбаздардың арасында түннің бір уағына дейін жалғасты. Бәрі ет жақындарымен кездесер сәтті ерекше толғаныспен айтқан еді. Жас сарбаз Әбдіразақ та, ротадағы өзге әскерилер де бірнеше сағаттан кейін қиян кескі ұрыстың басталатынын, көбінің осы қамалда мәңгілікке қалатынын, өмірінің соңғы сағаттары соғып тұрғанын білмеді. Беларуссияның Брест қамалы маңындағы 7000 жауынгердің 125-і ғана кейін елге оралып, жақындарымен қауыша алды. Әскер қатарына алынған қазақ сарбаздары да батыс Беларусь жеріне шабуылдаған фашистік Германияның 45-ші жаяу әскер дивизиясына қарсы ұзақ уақыт жанкештілікпен соғысты. Жарылған снарядтардан қаза болған сарбаздардың мәйіті казарманың барлық жерінде жатты. Бомбалау мен артиллериялық атқылау күні бойы тоқтаған жоқ.

КОМАНДИРІН ҚОРҒАҒАН ҚАЗАҚ

Немістер бекініске ұзақ уақыт кіре алмаған. Мерген Мәмиев те траншеялардан оқ жаудырып, талай жауды жер жастандырады. Күші басым фашистер бекіністі басып алатын болғандықтан, қорғаушылар оны бұзуға бел буады. Шегіне соғысу кезінде командир Григорий Ландышев ауыр жараланады. Ландышев қол астындағы сарбазы Мәмиевке өзін жау қолына тастамай, атып тастауды бұйырады. Тіпті қатал талапты тыңдай қоймаған Әбдіразақты трибуналмен де қорқытады. Бұйрыққа бағынбаған Мәмиев өз өмірін қатерге тігіп, командирді атыс алаңынан алып шығады. Соғыстан кейін де ұзақ жыл ғұмыр кешкен Ландышев сол күнді еске алып, өмірін сақтаған сарбазына қарыздар екенін жариялапты.

Фашистер бекіністі 8 сағаттың ішінде аламыз деп жоспарласа, Кеңес әскері жауға берілмей 32 күн шайқас жүргізеді. Ұзақ уақытқа созылған қақтығыстан мыңдаған сарбаз қаза тауып, су мен азық-түлік, оқ-дәрі де жетіспейді. Кейін кеңес жауынгерлері жау қоршауын бұзып шығуға бел буады. Бірақ сарбаздардың саны аз болғандықтан бұл жоспары жүзеге аспайды. Олардың қатарында Мәмиев те ауыр жараланып, жау қолына түседі.

«Менің әкем 6 жыл әскерде болса, оның 4 жылын соғыспен өткізді. Бір ай соғысып, қоршаудан қашып шығу барысында ес-түссіз жараланып тұтқынға түседі. Ол Польшаның Бяло-Подляска қаласында – «Stalag 07» атты тұтқындар концлагерінде оянды. Бекіністен көптеген сарбаз тұтқынға түскен. Лагерьде фашистер тұтқындарды себепсіз өлтіріп отырған. Олар күн сайын шұңқырға 100 мәйітті көміп отырған екен. Кейін оларды партизандар құтқарып алады да, әкем қызыл әскер қатарына қайта қосып соғысқан», — деп еске алды Әбдіразақ Мәмиевтің ұлы Мұхит Мамиев.

Әбдіразақ Мәмиев бір жылға жуық тұтқында болып, азапты күндерді бастан өткізеді. Немістер оларды кезекті рет орманға отын жинауға апарған кезде поляк партизандары нацистік басқыншыларға шабуылдап, тұтқындарды құтқарып алады. Қазақ жігіт поляк партизандарының қатарында жаумен бір жылдай шайқасады. Кейінірек Қызыл армия қатарына оралған Мәмиев соғысты 3-ші Украин майданының 1006-атқыштар полкінде аяқтады.

«1944 жылдың наурыз айының соңында Одессаны босату кезінде ол ауыр жарақат алды – оң аяғын кесуге тура келді. Тблисидегі госпитальда ұзақ уақыт емделген. Қарашаның аяғында ол протезбен балдақпен туған ауылына оралыпты. Сол кезде 80 жаста болған анасы кенже ұлын көріп, омырауынан сүт шыққан деседі. Әкем төрт ағайынды болды. Әкемнің 100 жылдығында Брест қамалына бардық, оның өмірі туралы фильм түсірдік. Ең үлкен жетістігіміз – әкемнің Брест қамалын қорғауға қатысқанын растайтын Беларусь билігінен құжат алдық. Әкемнің ерлігін Беларусь билігі мойындады. Брест қамалын қорғаушы екенін дәлелдейтін құжаттарды беру үшін депутаттары да мақұлдау керек екен», — деді Мұхит Мәмиев әкесі жайлы естелігінде.

Басынан өткерген ауыр жағдайларға қарамастан Әбдіразақ Мәмиев өзін бақытты адам деп санады. Өйткені ол аты аңызға айналған батыр қала – Брест қамалын қорғаған, әрі сол шайқастан тірі қалған 125 қорғаушының бірі болды.

«АЯҚСЫЗ ДА АТТАН ТҮСПЕДІ»

Әбдіразақ Мәмиев ауылына оралғаннан кейін бұрынғы жұмысы – мұғалімдікке қайта кірісті. Ол соғыстан кейінгі ауыр жылдарда балаларды білімге шақырып қана қоймай, бастауыш мектептің салынуына да мұрындық болды. 1951 жылдан бастап Қызыләскер бас­тауыш мектебінің директоры бо­лып еңбек етті. Оның алдынан өткен шәкірттері ұстазының қасиетін, көрсеткен тәрбиесі мен берген білімін әлі де айтып отырады. Қызыләскерліктердің сөзінше, Әбдіразақ марқұмның шәкірттерінің алды бүгінде 80 жастан асып кеткен.

«Бір аяғы кем болса да аттың үстінен түспеді. Оның атын әкеліп ерттеп беретінмін. Кішкентай балалары көп болды. Өмір бойы сыйласып өттік. Бізге балдақпен жүріп сабақ берді. Қайта-қайта кітап оқыта беретін. Сабақты жақсы оқыңдар дейтін. Мына Жамбыл ауылынан осында жаяу келіп оқыдық. Маған үш жыл сабақ оқытты. Осы Қызыләскер аулына көп еңбек сіңірді. Мінезі қатал болды», — деп еске алды ұстазын Шөшеғұл Әбдіғұлов.

«Әбдіразақ аға да, әкем де соғысқа қатысқан. Әбдіразақ аға бізді ойнап жүрген жерімізден шақырып алып, жасы жетідегі досымды мектепке алды, менің жасым жетпей қалды. Мен қыстай үйден сабақ оқып, төртінші тоқсанда досым арқылы білгенімді Әбдіразақ ағаға көрсеттім. Сол кезде ұстазым қабілетімді көріп, бір ай оқытып қана, екінші класқа өткізіп жіберді. Ол әрдайым біздің бойымызға кітап оқуға деген сүйіспеншілікті дарытты. Мектепте мен мыңнан астам кітап оқыдым. Тіпті «Абай жолының» барлық 4 томдығын оқытты. Әбіразақ аға бізді үлкендерді құрметтеуге, мейірімділікке баулыды. Ол бізді жетекші болуға, алға ұмтылуға үйретті. Ол соғыс туралы сөйлескенді ұнатпайтын. Бәрімізді көркем жазуға үйретті», — дейді оның тағы бір шәкірті Сейілбек Нұрділдаев.

Әу баста ауыл балалары ескі ғимаратта оқыса, Мәмиевтің араласуымен кейін шағын бастауыш мектебі салыныпты. Ауылдастары оның үнемі ат үстінен түспей, ауылдың жұмысына белсене араласқанын айтады. Өз замандастарымен төбеге жиі шығып, елдің ертеңі үшін ақылдасып отыратын сәттері әлі көз алдымызда дейді қызыләскерліктер. Ол кішкентай балаларымен жеке баспанасы болғанша мемлекет берген үйлерге ауысып, көшіп жүрген. Соның бірі – сабан кірпіштен салынған үш бөлмелі үй. Ауылдың үлкендері осы үйде Мәмиевтің 8 бала тәрбиелеп өсіргенін айтады.

«Әбдіразақ ағай осы үйде жеңгеміз екеуі тұрған. Біз ол кезде бала едік. Қайрат Мәмиев, Жомарт, Самат, Гүлжан, Гүлнәр деген барлық балалары осы үйде туып өскен. Осы үйде бәріміз асыр салып ойнап, мектепке де осы үйден барып тұрушы едік. Сабақтан келе салып, ойынға кірісеміз. Менің үйім көшенің арғы бетінде. Уақытымыздың көбін осы үйде өтетін, жеңгейдің дастарханы да мол еді. Мен шешемнен ерте айырылдым да, Әбдіразақ ағайдың үйінің асын ішіп өстік. Мына жаңғақ ағашы сол кезде болған, жемісін әлі беріп келеді екен ғой», — деді Қанат Әбдірахимов есімді шәкірті.

«ӘКЕМЕ ДЕГЕН САҒЫНЫШЫМ БАСЫЛҒАН ЕМЕС…»

Брест қамалын қорғаушы, соғыс батыры, ардақты ұстаз Әбдіразақ Мәмиевтің құрметіне 2001 жылы көшенің аты берілді. Ауылдастары батырдың әділ, ел арасындағы дау-дамайды да жоғарыға жеткізбей шешіп тастайтын батылдығы болғанын айтады. 2004 жылы ашылған 9 сыныптық жаңа мектеп батырдың атымен аталады. Немістердің алғашқы шабулына қарсы соғысудан Жеңіс жолына дейінгі батырдың басынан өткізген ауыр тағдыры, туған жері Қазақстандағы еңбек жолы – жастарға үлгі, ұрпағына мақтаныш.

«Әкемнің қандай адам болғанын ауылдағылар, оның көзін көргендер айтып жатыр. Мен әкемнен 12 жасымда қалдым. Әкемнің қандай мықты адам болғанын кеш білдім. Үйдің кенжесі болған соң анамның тәрбиесін көп көрдім. Шешем үнемі әкемді үлгі тұтып, ерлігін, еңбекқорлығын айтып отыратын. Әкеме деген құрмет, сый, сағыныш отбасымызда басылған емес. Халықтың ол кісіге деген құрметі, сыйластығы ерекше болды. Ауылдағылар әкемді Әбеке дейтін. Ауыл халқы әкемнің асыл қасиеттерін қазірге дейін балаларының бойынан іздеп отырады. Бізді көрген сайын қариялар «О, мынау Әбекеңнің баласы ғой, ұстаздың ұлы ғой» деп отыратын. Әкем соғыстан алған жарақатынан 60 жасында, 1977 жылы қайтыс болып кетті. Оның шапағатын көп көре алмасам да, ерекше адам болғанын, батыр, қайсар адам болғанын халықтың ықыласынан көріп келеміз. Осы шағын ауылдан сол кезде 50-ден астам жігіт соғысқа кетіпті. Бүгінде олардың көзі тірісі қалмады», — деді батырдың ұлы Мұхит Мәмиев.

Әбдіразақ Мәмиевке Украинаны азат етуге қатысқаны үшін 1975 жылы 30 сәуірде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Қы­зыл Жұлдыз» ордені тапсы­рыл­ды. Сондай-ақ, «КСРО Қарулы Күшіне 50 жыл», «Ұлы Отан соғысының Же­­ңісіне жиыр­ма жыл», «Ұлы Отан соғысы­ның Жеңісіне отыз жыл», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл» медальдарымен марапатталған. Ұрпақтары Мәскеудегі Брест қамалы музе­йінде Әбдіразақ Мәмиевтің суреті сақталған дейді. Онда «Ерекше көзге түскен, командирді құтқарған» деп жазылыпты.

Айтпақшы, батырдың үйіндегі мәуелі жеміс ағашындай оның ұрпақтары да өсіп өнген – 20 немересі, 37 шөбересі бар. Бүгінде әке жасына жеткен ұлдары Тәуелсіз қазақ елінің өркендеуіне қызмет етіп келеді. Біз соғысты көрмеу үшін қан кешкен, Брест қамалын қорғаған Әбдіразақ Мәмиев ұрпағының ғана емес, қазақ ұлтының мақтанышы болып қала бермек.

Әмірболат Құсайыұлы, Алматы облысы.

https://azattyq-ruhy.kz/