Мен бала кезімнен ұлтымыздың ұлы перзенті, ардақ тұтқан ақыны Абай өлеңдерінен сусындап өстім. Содан болар, имандылықтан, ибалылықтан, адамгершіліктен аттаған жоқпын.
Алла – мінсіз әуелден, Пайғамбар – хақ,
Мүмін болсаң, үйреніп, сен де ұқсап бақ, – дейді Абай. Абайға ұқсағым келгендіктен, ұлттың ұлы болуға тырыстым. Ал ұлтын сүйген перзент болу үшін, әрине, ұлттың тілін, дінін, дәстүрін, салт-санасын құрметтеу керек. Бұл құндылықтардың бәрі де – қазақтың сонау замандардан бүгінге дейін ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіліп келген асыл мұрасы. Асыл мұраны жүрегінің түкпіріне сақтай алмаған, өмірлік темірқазығына айналдыра алмаған адам ұлтын сүйе алады дегенге өз басым сенбеймін.
Өкінішке қарай, бүгінгі таңда ұлтының дінін, дәстүрін құрметтемейтін жандарды кезіктіріп қаламыз. Өзінің баға жетпес байлығына мұрын шүйіре қарап, өзгенің қаңсығын таңсық көретін адамдар бар. Әсіресе, бұл жағынан Батысқа еліктегішпіз. Солардың жабайы «мәдениетін» құрметтейтіндерге қайран қаламын. Шыны керек, бұл жағынан Батыс елдері бізді әбден былғады. Батысқа еліктегендер өз дәстүрімізді жоққа шығарып, дінімізді белден басып барады.
Ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін дін мен дәстүрдің атқарар маңызы зор. Біздің қазақ халқының түп негізі әуелден мұсылманшылықта жатыр. Сондықтан да ұлтымыздың салт-санасы, әдет-ғұрпы, дәстүр-жоралғысының бәрі де діннен алынған. Алайда, кешегі кеңестік кезеңде дініміз бен дәстүріміздің басына қара бұлт үйірілгені жасырын емес. Соның салдарынан, халқымыз дербестігінен ғана емес, дінінен де айырыла жаздады. Діннен кеткен соң дәстүріне де сызат түсті. Алайда, ата-баба жолынан айныған емеспіз. Дінімізді, дәстүрімізді, даналардың асыл сөздері – әдебиетіміз сақтап қалды. Ал тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап, өшкеніміз қайта жанып, дініміз гүлденіп, дәстүрімізге жан бітіп жатыр.
Дін мен дәстүр – қашанда бір-бірімен сабақтас ұғым. Екеуі егіз тақырып. Дін бар жерде дәстүр, дәстүр бар жерде дін де бар. Алайда, соңғы жылдары осы екі асыл құндылықты бір-біріне қарсы қоюға құмар топтар пайда болды. Олар қазақтың салт-санасы мұсылманшылықта жатқанын жоққа шығарғысы келеді. Олар дін мақсатын жаңсақ түсініп, түрлі қателікке бой алдырып жатыр. Содан келіп дәстүр мен мәдениеттің тамырына балта шаппақ болады.
Жастарымыз ар-иманын ту еткен ата-бабаларымыздың ақ жолынан таймас үшін, олардың ұстанған дінін, дәстүрін қасиет тұтуы тиіс. Сонда ғана олардың ұлттық болмысы қалыптасып, мұраларымызды мансұқ етпейді. Құндылықтарын қадір тұтып, бағалай біледі деген ойдамын. Дінінен, дәстүрінен ажыраған ұлттың болашағы бұлыңғыр. Ұлттық болмысымызды сақтау үшін, дінімізге, дәстүрімізге берік болуымыз қажет. Сонда ғана елдігімізді сақтап қаламыз.
Қазақ – дәстүрге бай халық. Салт-дәстүр көрінісі тал бесіктен жер бесікке дейінгі өмірімізде орын алып жатыр. Халқымыздың ұлттық дәстүрінің көпшілігі ислам дінімен бірге өрілген. Демек, қаншалық қонақжай, мейірімді, биязы болсақ, мұның бәрі де бізге діннің берген нығметі. Қазақ халқы ешқашан да асыл дінінен ажырап, әдет-ғұрпын аяққа таптаған емес. Тіпті кешегі кеңестік қиын-қыстау заманда да, Алла Тағаланың шариғатына кереғар келген жоқ. Ал қазір, Аллаға шүкір, азаттықтың саф ауасымен тыныстап, қазақ ұлтының қайта түлеген кезеңіне куә болып жатырмыз. Тәуелсіздікпен бірге жоғалтып алған асыл байлықтарымыз да келді. Алла тағаланың әмір еткен амалдарына ден қоя бастадық. Дәстүрімізді дәріптеп, дінімізге деген құрметіміз күшейді.
Текті бабаларымыз қалдырған аманатқа адал болайық! Сонда ғана толыққанды ұлт болып қалыптасарымыз анық.
Бауыржан ЖАҚЫП,
филология ғылымдарының докторы.