«Ер — туған жеріне, ит — тойған жеріне»

Баяғыда «Шәрик» деген бір итіміз болды. Бастапқыда ағамның иті еді. Бір соғым сойғанымызда әлгі ит ағаммен еріп келді. Содан барлық қан-жын соның басына төгіліп, жақсылап бір тойды да, ақырында біздің үйдің иті боп кетті. Сол кезде «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деген осы екен ғой деп едім.
Сөйтсем, бұл сөздің төркіні мүлдем басқа жақтан келеді екен. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бізге бұл мақалдың айтпақ ойын, түпкі мәнін былай деп талдап береді:
«Қазақта бір мақал бар: «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне». Қазақ соның айтуын білсе де, мағынасын білмейді», – дей келіп, бұл сөздің шыққан төркінін Пайғамбарымыздың хадисіне әкеп тірейді. Ол: «Бұл хадис шарифта «حب الوطن من الايمان» (Отанды сүйі – иманнан) мағынасынан алынған сөз. Яқин (анық, айқын) біл:
Адам ұғлы болса, ұрпағы;
Отанның асылы: сыйдүр бізге топырағы.
Адамның асыл шыққан жері, рухының өрбіп-өңдіген жері – Құдай Тәбәрәк уа Тағаланың құдірет қасы, ал денесінің шыққан жері – топырақ. Мұнан мағлұм болды: шын жұрты, шыққан жұрты – ақырет ғаламы» , – дейді.
Демек, күллі адамзаттың атасы саналған Адам (а.с.) пайғамбардың жаратылған Ақырет әлемі әрі алғашқы табаны тиген Жәннат топырағы оның белінен тараған барша адамзат үшін туған жер, отан саналады.
Мақалдағы «туған жер» сөзі де осы Ақырет әлемі. Ендеше Ақырет әлемінен бұл дүниеге келген жанның, яғни рухтың бар қарекеті ақыреттің қамын ойлап, күйін күйттемек болса керек. Шәкәрім Құдайбердіұлы айтпақшы, «өлмес жанға өзгермес орын керек, Сондай іске ұмтылсақ шаттанады».
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Ердің ері, егеудің сынығы» болған жан ақырет жұмысын қоштап, соның жабдығын ойлап, есі-дерті туған жері сонда болады», – деп, нағыз ер ақыреттің қамы үшін қарекет қылатынын айтады.
Бұл жерде мынаны да ескере кету керек, сопылық ілімде ақыреттің қамын ойлаған, дүниеге көңіл қоймаған Алланың достарын, яғни әулиелерді «ер», «ерен» деп атаған. Бүгінде көбі «ер» сөзін «еркек» сөзімен қатар қояды. Негізінен, еркектің бәрі ер болмауы да мүмкін. Бауырлас түрік халқы осы күнге дейін «ер» сөзін әулие, Алланың адамы, ақиқат жолына ерген, мүршид мағыналарында қолданады.
Ал енді «ит тойған жеріне» сөзінің мәнісіне келер болсақ, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының: «Жалған дүниенің жүзі – ішпек, құшпақ үшін болған тойған жері болды. Ер болмаған, ерлік ісін қыла алмаған – жұртта қалған жемтік өлексені қиып кете алмаған иттей болып, дүниешілігімен (дүние шылығымен) алданып қалады», – дегеніндей, бұл дүниенің ғана тірлігін қылып, Ақырет әлемін ұмытқан жандарды қазақ адам қатарына қоспай, итке теңеген екен. Мақалдың бұл бөлігі де Құран Кәрімнің: «Аллаһ иманды болып, жақсы іс істегендерді ағып жататын жұмаққа кіргізеді. Ал кәпірлер пәни дүние игіліктеріне зауықтанып, хайуанша ішіп-жеп қарын тойғызады. Ақыретте олардың орны тозақ» («Мұхаммед» сүресі, 12-ші аят), – деген аятымен мағыналас екенін көреміз.
Ендеше, «ердің ері, егеудің сынығы» болып, туған жеріміз, асыл отанымыз болған Ақырет әлемінің қамын жейтін қазақ болайық.

Салтан САЙРАНҰЛЫ.