Көп әйел алу туралы хикая

Келіншегімнің атасы Сералы төрт қатын алған адам. Кіші әйелін көзім көрді, сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді, ажарлы адам еді. Сералы атамыз өткен ғасырдың сексенінші жылдарында дүниеден озған, сүйегі қазіргі Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Жылысу ауылдық округіне қатысты «Сағындық әулие» қорымында.
Сералының бәйбішесінен біздің қайынатамыз Сапар туады. Бәйбішесін әмеңгерлік жолмен алған екен. Сапардың інісі Жаппар көкеміздің айтуынша, Жанәділ байдың Бегалы, Сералы дейтін қос ұлы болыпты. Бегалы Бұқарадан діни оқу тауысқан, аса көркем жігіт болса керек. Бір жиында уағыз айтып тұрғанда көзі бар біреу қатты сұқтанып, екі күн қатты қиналып жатып, дүние салыпты. Денесі түгел қап-қара боп кеткен екен дейді…
Дүмді жермен құда боп, қалыңмалын төлеген, әні-міне, келін түсірем деп отырған әкені мына жағдай есеңгіретіп жіберіпті. Дегенмен өлгеннің артынан өлмек жоқ, ес жиып, тірлік қамына кіріседі. Мықты құдадан, оның тәрбиесін көрген есті келіннен айырылып қалмау керек. Жесірдің басқаға кеткені ол заманда қатты айып. Сондықтан құдасының алдынан өтіп, қызды енді Сералыға алып беретін болып, уағдаласады. Қыз 18-19-ға келіп қалған, бұл — әлі ойын баласы. Бір жақсысы, бойы ұзын екен. Отау құрар он үшке толмаса да толды ғып, келіншегін алып келуге құдалардың ауылына аттандырады. Әлдеқалай заман болса деген оймен жігіттің шешесі де ерсе керек.
Әлқисса, ұланасыр той басталады. Әрине, құдалар бөлек, күйеу басқа үйде күтіледі. Күйеу жолдас ретінде еріп барған сақа жігіт қалыңдықтың айналасындағы қыз-келіншектермен әзілі жарасып, атамызды ұмытып кетсе керек. Бұл бір кезде шешесін іздейді. Күйеудің әрбір қимылын бағып отырған қиын жұрт бұны сан-саққа жүгіртеді. Сосын пысықтау бір-екі келіншекке ана мен баланың арасындағы әңгімені байқатпай, мұқият тыңдау тапсырылады. Шешесін көргенде атамыз: «Апа, тышам…» дейтін көрінеді. Жеңгелері бұл әңгімені үлкен үйдегі әйелдерге жеткізеді. «Ойбай-ау, әлі күнге дейін шешесінен рұқсат сұрап, кәк ететін балаға қалай қыз береміз?». «Мынауың бай болып жарытпас…». «Қой, тойды тоқтатып, құдалықты үзейік…». Оңаша үйде айтылып жатқан осы сықылды әңгімелер құдаларға да жетеді. Бұлар жасырын Жанәділге кісі аттандырады. Қатты ашуланған ол кісі түн ішінде ауылдың жігіттерін жинап: «Егер қызын бермесе, қалың жылқыны айдап, ана ауылды таптап өтіңдер…» деген көрінеді…
Әлқисса, енді той болып жатқан ауылға келейік. Қатындардың арасындағы күбір-сыбыр қыз әкесіне жеткенде ол кісі қатты ақырып, көп шуылдақты тыйып тастапты. «Бата бұзған деген не сұмдық? Жас жетілмей ме? Тойды жалғастырып, бар салтанатымен ұзатыңдар қызымды».
Келіншегін алып келгесін де атамыз өзі құралпы балалармен ойнап кете беріпті. Кейде тіпті сілесі қатып, далада ұйықтап қалатын көрінеді. Ондайда келіншегі көтеріп әкеліп, төсегіне жатқызады екен. Өте сұлу, ақылды, пысық адам болыпты.
Секең одан кейін де үш қатын алған. Біреуімен дәм-тұзы жараспапты. Қалған үшеуімен өзі өмірден өткенше бірге тұрған.
…1999 жылдың күзі. Алматыдан екі бөлмелі үй сатып алып, мәре-сәре болып жатырмыз. Жетісайдан артынып-тартынып енем жетті. Дастарқан басында оны-мұныны айтып отырмыз. Бір кезде енелері туралы әңгімеледі: «Мен үш енеге келін боп түстім ғой, Бауыржан. Бірінен бірі өткен көрікті болатын. Үшеуі де тірлікке тастай. Бірінің айтуымен жинаған жүгім екіншісіне ұнамайтын, оның ыңғайымен жисам, үшіншісі бір ілік табатын. Ешқайсысына қарсы келмеймін. Соныммен жақтым. Қазіргілер бір ененің бабын таба алмайды ғой, мен үшеуінің де көңілінен шықтым».
Енем жан-жағын думан етіп отыратын, ақжарқын, көңілді адам еді, жарықтық. Күйеу балаларымен де қалжыңдаса беретін. Кейде еркінсіп: «Шекер Есеновна» десем, күліп, «әу» дейтін. Мына әңгімесін тыңдап отырып, тағы да түлен түртті:
— Апа-ау, қайынатамыз төртеуін алыпты, нағашы атамның екі кемпірі болды, әкем де қатынды «алыңқырап жіберген» адам, бір әйелге байланып отырған жалғыз мен екем ғой. Неден сорлы болдым екен, ә?
Апам көзінен жас аққанша күлді. Маған қарайды да, күле береді. «Анау естіп қоймасын…» — деді бір кезде асүй жақты нұсқап. «Анауы» — қызы. Енді мен де күлдім.
— Неге күліп жатсыңдар? — деді сол кезде Гүлшат кіріп. Бұрынғы бұрынғы ма, енді тіпті тығынымыз атылып кетті. Ештеңеге түсінбеген келіншегім иығын қиқаң еткізіп, қайтадан асүйге беттеді.
…Сондай ене барда тағы бір келіншек алып тастамаған өзім де бір қасқамын ғой, ә?)))
Бауыржан Бабажанның фейсбук парақшасынан.