Мұстафа ӨЗТҮРІК: «Мен – қазақпын!»

Міне, бәріңіз дүрлігіп, көргілеріңіз келіп жүрген Мұстафа – менмін. Тіптен топталып келіп көретін де түгім жоқ. Менің атым – Мұстафа, әкем жағынан Өзтүрікпін. Түркия қазақтары бір-біріне лақап ат қояды. Өзтүрік деген солар берген есім. Руым – найман, соның ішінде – байжігітпін, байжігіттің ішінде – мәмбетпін. Келіндеріңіз қазақтың қара көз қызы, үш баламыз бар.

Түркиядан Қытайға, Жапонияға, Кореяға, Тайваньға оқу іздеп қаңғырдық. Таэквондоны сол Тайваньда жүргенде үйрендім. 1970 жылы, таэквондоңызды Тайваньда оқып жүргенде көрдім. «Апырым-ай, аяқпен де ұрады екен-ау» деп таңданғаным бар.

Ақыры сол жердегі «Корей у-шуы» деген мектепті бітіріп шықтым. Қазір Мюнхенде тұрамын. Еуропа адамында бос уақыт деген болмайды. Біз таңның атысы, күннің батысы сүйікті іспен шұғылданамыз. Тайваньда жүргенде ең оңай мамандық журналист деп естіп, университетке түскенім рас. Оқуын да бітірдім. Бірақ журналист емес, спортшы екенімді өздеріңіз біліп отырсыздар.
Таэквондо – корей халқының өнері, екі мың жылдық тарихы бар тылсым өнер. Шындап келсек, мен секілді таэквондо өнерімен шұғылданушылар корей халқының өнерін насихаттап жүр. Яғни басты абырой корейлердікі. Ал енді осы өнерді үйрену арқылы біз тағы бір халықтың табиғатын танимыз. Бір елдің өнерін үйрену – сол елдің тарихын оқып-білумен тең. Оның үстіне таэквондо өнері – деннің саулығына, мінездің кесектігіне әсер ететін ерекше спорт.

1988 жылы Сеул Олимпиадасында бұл өнер бүкіл әлемге көрсетілді де. Таэквондоның олимпиа­да бағдарламасына енетін сәті де алыс емес. Олай болса, біздің үйренуіміз, біз арқылы менің халқымның үйренуі аса маңызды сәт. Әлгіндей күндердің күнінде олимпиада бағдарламасына ене қалғанда, неге біздің жерімізден, біздің халқымыздың ішінен саңлақ спортшы шықпасқа?! Әбден мүмкін. Және шығару да міндетіміз.