Мағауия Әлімханұлының «Әкем туралы» естелігінен:

«1948 жыл. Мен әскер қатарынан 1946 жылы қайтып келгеннен соң Қазақстан Кен-металлургия институтының екінші курсында оқып жүргенмін. Әкем үшінші рет түрмеге қамалғанда анамды Жамбыл қаласына жер аударған болатын. Шешем әкеммен жолықтырамыз деген уәде бойынша Алматыға келді. Бізге Дзержинский көшесіндегі ГПУ басқармасында әкем лагерьге жөнелтілді деп хабарлады. Шешем қалай да ретін тауып, тұтқындар жөнелтілетін пойыздың 1-Алматы вокзалынан әлі жүріп кете қоймағанын біліп алды. Бір дереу осында жетіп, темір жолдың бір қаға берісінде тұрған тұтқындар мінетін эшелонды көріп қалдық. Кешкі алаң-пұлаң шақ. Күзгі суық жел, жауын себелеп жауып тұр. Эшелонның жанында төрт-төрттен қатарластыра тұрғызылған тұтас бір колонна тұтқындар, қолдарын желкесіне айқара ұстаған. Жағалай күзетшілер.

Мен оларға жақындай бергенде күзетшінің бірі «жуыма бұл маңға» деп зекіріп қалды. Өзімнің үстімдегі әскерден киіп келген офицерлік шинеліме сенген мен енді қатты дауыстап: «Неге мұнда жүруге болмайды?» деп сұраған болдым. Бұл есебім дұрыс шықты. Коллонадан менің дауысымды естіп қалған әкем «Мағатай» деп саңқ етті. Үстімдегі шинелім тағы да көмегін тигізіп, күзетшімен келісіп әкеме біраз ақша беруіміздің сәті түсті. Бұл саяси тұтқындарға жасалатын қысымшылықтың бер жағы ғана екенін кейінірек білдім.

Воркутта лагерінде болған кезде жағдайын әкем былай деп ойына түсіретін: «Бізге мұнда, әсіресе алғашқы кезде аса ауыр болды. Лагерь бастықтары тұтқындарды ұрып-соғуды қасақана ұйымдастыратын. Оған басқадай қылмыскерлерді пайдаланатын. Көп ұзамай қызметі төмендетілген милиция полковнигі осында жұмысқа келді. Содан кейін жағдай ептеп түзеле бастағандай болды».

1949 жылы институттың 3-курсының емтихандарын уақытынан бұрын тапсырып, әкеммен кездесу үшін енді Краснояр өлкесіндегі Каиск қаласындағы лагерьге тарттым. Қолымда біріне азық-түлік, екіншісіне Алматының апорт алмасын толтырып алған екі чемоданым бар. Жаяу-жалпы көп қиындықтар көріп, ақыры баратын лагерьдің шетіне іліктім-ау. Осы тұста Сібір лагерьлерінің саяси бөлімінің бастығы полковник чиніндегі адамға жолыға қалдым. Ол мені өзінің көлігіне міңгізіп алды. Бұл жолы да оның бүйтуіне үстімнен әлі түспеген офицердің сұр шинелінің пайдасы тиген болуы керек.
Лагерьдің бастығы майор мені дұрыс ниетпен қабылдап, әкеме жолығу үшін зонаға кіруге рұқсат берді. Әкем жан-жағы темір тормен қоршалған қойма үйінде тұрады екен. Ол мұнда жер қазатын қайла, сүймен, күрек сияқты құрал-жабдықтарды жұмыс істейтін тұтқындарға таңертең үлестіріп беріп, кешке түгендеп, жинап алумен шұғылданатын болып шықты.

Жататын және тамақ әзірлеп ішетін орны да осы. Таңертең құрал-саймандарды үлестіргеннен кейін лагерьдегі офицерлер құрамына сабақ берумен айналысатын болып шықты. Оларға математика, химия, тіпті тарих пәндері бойынша лекциялар оқиды екен. Әрбір оқылатын лекцияларын ұқыпты түрде және терең талдамалар жасайтын конспектілерге түсіріп отырған. Бұған қарағанда оның ғылыми әдебиеттерді алып тұруына мүмкіндігі болған.
Ол түрме басшыларының рұқсатымен ондағы оқығысы келген адамдарға орта мектеп көлемінде сабақ береді. Әкем сабақты тек өз мамандығы бойынша математикамен шектелмей, әмбебап педагог ретінде барлық пәндер бойынша жүргізген.

Мәселен, өзі жинаған архивінде 7-10 класс оқушыларына арналған жалпы химия бойынша жасаған конспектілері сақталған. Онда химия ғылымдарының тарихы жайында қалың көпшілікке белгісіз қызғылықты мәліметтер келтірілген.
Мен оның латын, француз, ағылшын тілі бойынша білімінің тереңдігіне әрдайым таңқалушы едім. Менің тіл білімі маманы болып істейтін зайыбым үшін әкеміздің орыс грамматикасы бойынша айтатын тұжырымдары бұлжымайтын заң ретінде қабылданатын.

(«Қарқаралы» журналы, 1998 жыл, 1-2 сандары, «Алашорданың вице-премерьері» атты Базарбай Мұстафаның мақаласынан алынды). 

Фейсбуктағы «Текті қазақ» тобынан.