«Мен ол кезде тілімді шығарып келе жатқанмын…»

Бір жігіт пен қыз отау құрыпты. Жігіт сымбатты да көрікті екен де, қыз ажарсыз болғанымен өте ақылды болады. Үйленгеннен кейін жігіттің достары:

– Өзің қандай жігітсің, бой десе бойың бар, түр десе түрің бар, мынадай қызға қалай үйленіп жүрсің? Мүлде әдемі емес қой? «Тең теңімен» деген сөз қайда қалды?» деп құлақ етін жейді.
Достары ғана емес, туыстары да келіншегінің ажарсыз екенін, мұны дуалап тиіп алғанын айта беріпті.
Сөз құдіреті мықты, жігіт айнаға бір, келіншегіне бір қарап енді ойлана бастайды. Мұны келіншегі түсіне қойып:
– Достарың екеуміздің тең емесімізді айтып жүр ме? – дейді.
– Иә…
– Олар мендегі сұлулықты сенің көзіңмен көрмей жүр…
Күйеуі үндемейді.
Бұл жауап баладай аңғал күйеуін қанағаттандырмағанын түсінген жары:
– Негізі мен сұлумын. Сен сол сұлулығыма ғашық болдың. Ал, олар мұны көрмейтін секілді. Сенбесең, жүрші менімен көшеге, – деп күйеуін көшеге ертіп шығады да:

– Сен соңымнан жүр, – дейді.
Келіншегі алдында , ал, күйеуі соңында келе жатады.
Байқаса, өткен-кеткен еркектердің бәрінің көзі – әйелінде. Тіпті, өтіп бара жатқан көліктің өзі тоқтап, ішіндегі ер адам әйеліне қарап қалыпты.
Осыдан кейін әйелінің сұлу екеніне толық көзі жетеді.
Сөйтіп, екеуі бақытты ғұмыр кешеді.
Арадан көп жыл өтеді. Бала-шағалы, немерелі болады.
Бір күні кемпір болған келіншегі – қартайған шалына қарап күліп:
– Сол күні көшедегі ер адамның бәрі маған сұлу болғасын қарады деп ойладың ба?
– Иә!
– Олай емес). Мен ол кезде бәріне қарап тілімді шығарып келе жатқанмын, – деп, ішек-сілесі қата күледі кемпір.
…Шын сүю үшін сұлулықтың қажеті жоқ, жүрек қаласа болғаны…

Жанат БАКЫТ.