Құнның құны

Ертеде  Кіші жүздің бір барымташы жігіті  Ұлы жүз аумағында  болған қақтығыста қаза табады. Әйтеке би құн даулап Төле бидің еліне келеді. Төле би: «Жол болсын!»- деп қарсы алады. Әйтеке би: «Айтқаныңыз келсін, жол болмақ сізден болсын, біз тірімен танысқалы, өліге болысқалы келдік», — дейді.

Төле би : «Бұйрығыңызға құлдық, қылышыңызға мойнымыз, құшағыңызға қойнымыз»,- деп жауап береді. Әйтеке: «Мойын бұрмайсыз ба?» — деп қалады. «Жарлық сізден болған соң, жабдық бізден»,- дейді Төле би. Төле би тысқа шығып кеткен соң, Әйтеке бірге келген жолдастарына: «Сіздер не ұқтыңыздар?  «Ердің құны —  екі ауыз сөз» деген осы. Төле би отаулап қыз беретін болды», — депті.

«Оны қайдан білдіңіз?» — дейді жолдастары. «Қылышыңыз болса — мойныма» дегені — айыбын мойындағаны, «құшағыңыз болса- қойныма» дегені — кісінің құнына жасаулап қыз беремін дегені. Мен тұспалдап «айнып қалмайсыз ба?» деп едім, «сіз келіссеңіз, біз қамына кірістік деп шығып кетті», —  деген екен. Бұл көріністен  билердің  бір-бірінің ойын айтқызбай-ақ түсінгенін аңғаруға болады.

Осы шағын құн дауының өзінен-ақ екі бидің де мақсаты елді жақындастыру, туыстастыру екенін байқаймыз. Қазақтың үш данасы — Төле, Қазыбек және Әйтеке билер — жекелеген рудың сойылын соқпай,  күллі қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған елдің беткеұстар азаматтары болған.

Пазылбек БИСЕНБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы.

Дереккөз: kazakh-tv.kz