ОРЫСТАРДЫ САБАҒАН ЕКІ ҚАЗАҚ

Қызын алып Табынның,
Еркіне әбден бағындым.
Өнтектігім әлі өзімде,
Тентектігімді сағындым.
Айтуар Сабыров.
Өзбекстан-Кенимех.

*Өнтек-Кіші жүз руы.

Бұл оқиға сонау кеңес одағының қылышынан қаны тамып тұрған 70-ші жылдардың соңында Алматыда болған. Ол кезде марқұм ақын Айтуар Сабыров Ташкенттегі Низами атындағы пединституттың студенті. Айекең үш-төрт күн бос уақытын пайдаланып Алматыда КазПИ-де білім алып жатқан бала күнгі досы Қали Жолдасовқа қыдырып келеді. Екі достың не ішіп, не жегендерін, қайда қыдырғандары біз үшін маңызды емес, гәп басқада. Қали аға Ташкенттен келген досын қыдыртып, кештетіп екеуі қоғамдық автобуста әңгімелесіп келе жатса автобустағы шовинист-орыстың бірі бұларға «эй вы чурки, перестаньте говорить на своём калбитском языке»-деп дүрсе қоя беріпті. Оны қостап басқалары да қосылып жамырай жөнелген ғой. Араларында өзіміздің мәңгүрттеніп кеткен жәмән-жәутіктер де бар дейді. Марқұм Айтуар аға қызу қанды жігіт еді ғой. «Айтуардың жұдырығы тиген адамның қайтып келеге келуі екіталай еді. Оны айтасың бір күні Ташкентте жалғыз өзі жеті өзбекті сабады, сонда маған айтқаны: «Қали, тек менің арт жағыма адам өткізіп жіберме, алдымнан келгенін өзім реттеймін» болды» дейді досы.. Тіпті Айтуардың жұдырығын иіскегендер сыртынан «Айдаһар» деп те атайтын. Сөйтіп жүрген Айтуар орнынан ытқып тұрып бір-екеуінің ауызын жаппақшы болып тіл қорындағы бар орысшасын салып қарсы шығыпты. Көп ит қойсын ба, біздің екі ағамызды итеріп-итеріп бір аялдамадан түсіріп жіберіпті. Ызадан жарылардай болған Қали ағамыз амалы құрып, қонақ болып келген досынан қысылып не істерін білмей тұрса, Айекең такси тоқтатыпты. Таксиге отыра сала жаңағы жүріп кеткен автобустың ізінен жүріп отыруын өтінеді. Сосын досын жұбатып:
-Өзіңді бас досым, өткен жолы келгенімде де осылай түсіріп кетіп еді автобустан. Ол кезде ғой бір-екі остановкаға дейін барғанбыз. Бұл жолы соңғы аялдамаға барғанша еріп барамыз,-деп жұбатыпты. Әлгі таксидің шопыры орта жастағы қазақ кісі екен, жолай бара жатып мән-жайдың бәрін түсіндіріп айтып беріпті. Автобус аялдамаға тоқтағаннан такси де аялдамаға жетпей тоқтайды екен. Күн батып, көз байланар шақ дейді. Бұл екеуі таксиден түсе сала аялдамаға барып тұрады да, автобустан түскен орыстың еркек кіндіктісі болса болды, бас салып сабап тастап, одан әрі таксилеріне міне сала баяғы автобустарының ізінен қуып кетеді екен. Сөйтіп, әлгі автобус соңғы аялдамасына жеткенше автобустан түскен орыс болса итше тепкілеп барыпты ғой. Бұлардың осы әрекеттеріне ырза болған әлгі таксист қайта-қайта алғысын айтып, ағаларымыздың ұсынған ақшасын алмай, тіпті айтқан жерлеріне дейін тегін жеткізіп салыпты. Қайтсін байғұс, өз жерінде жүріп бөтен біреудің езгісінде жүру оңай деймісің..?

Мұхтар Жанұзақ.