«Омар, Оспан «көкемдерді» жақсы көремін…»

Әкем (атам) ауылдағы өзі қатарлы кісілермен отырғанда діни әңгімелерді де жиі айтып отыратын. Сол кісілер айтатын әңгімелердегі Дәуіт, Сүлеймен, Зәкәрия, Шұғайып, Мұса, Иса пайғамбарлар менің бала санамда көздері мейірім мен шуаққа толы өзіміздің ауылдың ақсақалдары секілді елестейтін.
Адыраспан шөбін жұлардың алдында «ассалаумағалейкум адыраспан, бізді сізге жіберді Омар, Оспан» деп жұлатынбыз. Себепсіз жұлып жатпағанымызды, емге қажет екенін, Омар, Оспан сол үшін жұмсағанын айтып, адыраспанға ежіктеп «түсіндіріп» жататын едік. Омар, Оспанның кім екенін онша танымасақта көрші үйге кілт-қашақ әкелуге жұмсап жіберетін көкелеріміз секілді сондай жақын болып сезілетін.
Кейін білдік, әлгі әңгімелердегі кісілердің барлығы еврей мен арабтың шалдары екен ғой.
Ақиқат дінді қабылдағанмен араптанудан, өзге ұлттың мәдени ассимиляциясына ұшыраудан сақтанып қалған бабаларым-ай! Әулиесіңдер демей, не дейін?!
Әбдірахман-Абдуррахман, Сәдуақас-Саад ибн Абу Уаккас, ауызашар-ифтар, Алла- Аллаһ болып кеткен қазіргі заман үрдісі дін ұстанудан бұрын бізді өзге халықтың мәдениетіне жұтылуға әкетіп бара жатқан секілді көрінеді.
Жанары суық, ұстанымы жат, тілі шұбар, әдебі төмен адамдар кейде дінді жеккөрінішті көрсетіп жүргендей болады да тұрады.
Олар туралы бір нәрсе айтуға да болмайды. Көк есекке теріс мінгізіп, дін дұшпаны қылып шығара қояды.
Мен баяғы бапамдар айтатын әңгімелердегі қазақ шалдары секілді елестейтін Зәкәрия, Дәуіт, Сүлеймен, Шұғайып, Мұса, Иса, Мұхамбет пайғамбарларды сағындым. Адыраспан жұлуға жұмсайтын Омар, Оспан «көкемдерді» жақсы көремін…