Қозы мен Баян – махаббаттың символы. Егер, олар қосылып, бақытты болса, мұндай шығарма туар ма еді? Сонда, махаббат – бір-бірін шын сүйген қос ғашықтың қосылмауы ма? Әлде, бұл Қодардай қаныпезер мен пәк сезім иелерінің арасындағы мәңгі бітпес күрестен туған аңыз ба? Не болса да, С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында өткен «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» трагедиясының премьерасы жан-дүниемізді астан-кестен етті. Ғабит МҮСІРЕПОВТІҢ классикалық туындысын сахналаған – Теміржан ЖАНБОТАЕВ.
Әлемдік Ромео-Джульетта, Ләйлі-Мәжнүн секілді «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» ғашықтық трагедиясы – мәңгі өлмейтін махаббат дастаны, арманына жете алмаған қос ғашықтың трагедиясы.
Театрдың 90 жылдық тарихында осымен 5-ші рет қойылған ұлттық классика жауhары бұл жолы терең тарихтан тамырланып, тас дәуірі мен Қорқыт заманынан сыр шертті.
Шынайы махаббат пен сүйіспеншілікке кедергі болған қатыгез әке үкімі, қатал тағдыр тәлкегі, байлық пен кедейлік тартысы, екі жасты ізгі арман, адал ниеттеріне жеткізбеді. Баянын іздеген жас батыр Қозының жолына тұрған Қодар, алаң көңіл қос мұңлық – Мақпал мен Күнікей, арам ниет Жантық, серттен тайған әке Қарабай сәулетті сыры бар лиро-эпос жырының негізгі кейіпкерлері.
Махаббат символына айналған «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу оқиғасы» риясыз махаббат, қатігездік, достық, шынайылық секілді қасиеттерді пайымдайды. Трагедия, арманы асқақ жастардың арасындағы қарым-қатынастары, серттесу сынды калориттік жағдайларды алға тартады. Әкенің қызына деген суықтығы, ананың уәдесі, достың сатып кетуі сынды жайттар шығарманың мазмұнын толық айқындайды. Қозы мен Баян бейнесі арқылы күллі қазақ халқының ұлттық құндылығын көруге болады.
Баян Сұлуды – Бибігүл Жағыппарова, Қозы Көрпешті – Бауыржан Нұрмағанбетов, Қодарды – Наурызбай Есей, Қарабай рөлін – Мадияр Қойшығарин, Жантық образын – Аманкелді Мұқашев, Күнікей рөлін – Динара Айғазинова, Мақпалды – Маржан Әнуар, Жарқынды – Досан Молдабаев ойнады.
Шымылдық ашылған бетте-ақ, сахнаның безендірілуі баурап алды. Костьюмдер, музыка мен жарық жақсы үйлескен. Әсіресе, бірнеше есігі бар үңгір сынды қылып жасалған тау өте тартымды. Сол дәуірге түскендей болдық. Бұл суретші – Қанат Мақсұтовтың еңбегі.
Туынды Қарабайдың ішкі арпалысын ашатын көрініспен басталып, тартысты сюжеттің шеті қылтия түсті. «Уәде – Құдайдың бір аты» демекші, опасыздық кімге абырой әперген.
– Ғабең «Театр хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деген ғой. Ендеше, шоқтығы биік туындының Сәкен театры репертуарынан табылуы – заңды. Бұл театрдың өз әлеуетін көрсетуге, жастардың жолын ашуға көмектеседі. Марқұм Сансызбай, Сламбек ағалардың қалыптастырған репертуары. Біз соны жалғастырушылармыз. Дайындық жұмыстары қараша айында басталды. Театрдың көркемдік жетекшісі, режиссер Теміржан Жанботаевтың өз қызметіне кіріскеннен кейінгі алғашқы қойылымы. Кей жерлерде режиссер стилистикасын өзгертті, бірақ әрекет ету уақыты қалды. Ұзақтығы өзгерді. Бұрын ол екі акт ретінде қойылса, бізде шамамен бір жарым сағатқа созылды және үзіліссіз болды. Мәтін де өзгерістерге ұшырады. Ең елеулі өзгерістің бірі – Жантық. Ол Қозы мен Баянның үйлену тойына үндемейтін Қодарды Қозының көзін жоюға көндірді, – деп бөлісті театр басшысы Құрман Қалымов.
Қозы мен Баянның образы да шынайы шықты. Қозыны сомдаған актер жекпе-жек өнерін, далада еркін өскен епті жігітті бере алды. Ал, Баянның ұрыс қимылдарына, өзін ер бала сияқты ұстайтына, еркелік қылықтарына сүйсіндік.
Ал, Қодар мен Жантықтың образдары тірі шықты. Қойылым біткен соң, ел тік тұрып қол соққанда «Қодар», «Жантық» деп айқайлап жатты.
Қодардың аңғалдығы мен сөзге ергіштігі, батырлығы, қимылдары мен рөлдің салмағын сезінуі жоғары деңгейде болды. Ал, Жантықтың шектен тыс жағымпаздығы, айлакерлігі, адамдардың арасына от тастап қырылыстыру шеберлігі, дауыс ырғағы қойылымды жанды етті. Қарабайға сөз үйретіп, өз қызының тағдырына балта шабуға дейін алып барды. Қодарды азғырып, неше түрлі айла үйретіп, Қозы екеуінің арасын жараспастай қас етті. Соңында Жантықтың айласына шырмалған Қодар Қозыны мерт қылды. Өмірде адам біреудің қитұрқы сөзімен емес, өз ойымен өмір сүру керектігін көрермен ұққан болар.
Басқа қырынан қарасақ та, режиссер өз мақсатына жетті. Өйткені, әр образ өзін ақтады. Өмір бойы жинағанына ие болар ұлы жоқ Қарабайға қалай ренжисіз?.. Ал, Жантықтың арамдық болып көрінген қылығы Қарабайға деген адалдығы еді. Қозы мен Баян өлген соң, есінен ауысса да, қабірін күзеткен Қодарда адалдық жоқ дей алмайсыз. Қарабай күйеулікке сонша үміткер ішінен Қодарды таңдауы да тегін емес. Жылай-жылай соқыр болған Күнікей мен Мақпалда не жазық бар?..
Ал, сахна қозғалысына елордалық Жалынбек Ахан ерекше еңбек сіңіріпті. Актерлер қылыштасу, сальто жасау, балталасу сынды тәсілдерді жетік меңгеріпті. Мұның бәрін театрда үйреніп, машықтанатын болса, еңбектері еңбек-ақ екен.
Тартымды көріністер, қызықты шиеленістер өз орнымен пайдаланылған. Жалпы, жас құрамның таланттары ұшталып, тәжірибесі молая түскені көрініп тұр. Қойылымның басынан аяғына дейін жалықпай, тартымды сахнадан көз ала алмадық.
– Әсер – керемет. Осы трагедиямен сонау 1992 жылы ұлы режиссер Жанат Қажиев төңкеріс жасаған. Содан кейін де талай «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» болды. Мына қойылым маған қатты әсер етті. Толқып отырдым. Кезінде өзім де Қарабайды ойнағам. Режиссердың шешімі, суретшінің жұмысы, сахна сайысы ұнады. Ең бір ғажаптығы театрда ұжымдық ансамбль бар екен. Жұдырықтай жұмылып, үйлесіп жұмыс істеді. Бөле жармаймын. Жантық, Қодар, Баян, Қарабай бәрі ұнады. Жарқын образының өзі жақсы шыққан, – деді кеш қонағы Қазақстанның халық артисі Досжан Жанботаев.
Тұтастай алғанда, режиссердың шешімдері мен шиеленіске толы көріністерге көз тойды. Бес күндік өткінші ғұмырда сыйласып өткенге не жетсін… «Театр – адам жанының айнасы» десе, бұл қойылымнан өмірді көрдік. Тамашалап отырып, қазіргі өмірмен салыстырдық. Жантықтай жағымпаздардан қалай сақтану керектігін түйдік. Түрленген трагедиядан тебіреніп қайттық.
Жәлел ШАЛҚАР.