Шығыс Қазақстан да еліміздің халық көп шоғырланған аймағы. Сал-дәстүрге берік, дала кемеңгері Абай туған өлке бұл. Қазақтың руханият әлемінде бұл өңірден шыққан тұлғалар баршылық. Әлі де шығары сөзсіз. Бұл аймақтың киесі, даналығы, той-мерекелерінде де көрініс берер хақ. Осы қысқа жазбамызда Шығыс өңірдің той ерекшеліктеріне тоқталып көрейік.
Шығыстың тойында басқа өңірлерден айтарлықтай ерекшеліктер жоқ деуге болады. Ұзату тойы мен жігіттің тойы бөлек өтеді. Беташарға қыздың әке-шешесі бармайды. Қалың малдың орнына көбінесе құдалар киіт беріседі. Алайда, қалың мал беру дәстүрін ұстанатын аймақтары да бар.
Жігіт жағы қыздың үйіне келгенде өлі-тірісін әкеледі. Ұзату тойы өткен соң, қыз жігіттің үйіне аттанады. Бұл өңірде де қызды түнгі сағ. 12 ге дейін алып кетеді. Жігіт үйінің табалдырығын аттамас бұрын, қыздың басына ақ орамал тағылып, отқа май құю ырымы жасалады. Бұл ырымның мәні — «жастардың ошағы ешқашан сөнбесін, махаббаттары жалынды болсын» дегенді білдіреді.