… Біздің бала кезіміз. Қырқыншы жылдардың басында Қоңырақын деген біреудің даңқы жер жарды. «Қоңырақын келе жатыр» десе, жылаған бала уанады. Өзіңіз сияқты жас әйелдер жанын қоярға жер таппай қалтырап кетеді. Үлкендер жағы: «Мал құлағы саңырау, сол пәленің атын айтпаңдаршы!» деп ұрсып тастайды. Соншама құбыжық көрінген Қоңырақын кім дейсіз ғой? Ұры-қары емес-ті. Керуен тонап, кісі өлтірген де жері жоқ. Ел аралаған көп кезбенің бірі. Өзі отызыншы жылдары осы жақтан ауып барыпты. Сүйегі –Бәйжігіт ішінде Жұмық десетін. Бала кезімде бірер мәрте көргенім бар: жасы отыздың ішіне енді ілінген, ұзын бойлы, ер тұлғалы, қарасұр жігіт еді. Жүрген жерін думанға толтыратын әнші, домбырашылығы тағы бар. Шын аты – Қоңырбай екен, жұрт әлгіндей өнеріне қарап «Қоңырақын» атап кеткен. Сол Қоңырақынның бір ғана міні: әйел затына ұстамсыз болды. Өңі тәуір ұрғашы көрсе болғаны, көзі тұнып, еркінен айрылып қалады. Оған сәл қағаберіс жер болса жетіп жатыр, бірден шабуылға өтеді. Не ғажап, оған әйелдер де көп қарсыласпайды екен. Әлде гипнозы бар ма, кім білсін, көзіне көзі түссе болғаны, өздері-ақ бейімделіп, жантая беретін көрінеді. Ол жүрген ауылда бұлақтан су ала барған, тезек тере шыққан жас әйелдер беттеріне қан жүгіріп, бусанып қайтатын әдет тауыпты. Ондайлар және ешкімге жылап бармайды, шағым да айтпайды. Қоңырақынды кезіктірген тәңірге дән риза. Тек, бір жаманы, өз күйеулерін біразға дейін менсінбей қалатын болса керек. Қоңырақын талай рет «қылмыс» үстінде қолға түсіп, ашынған ауыл адамдары енді оны ұлыққа тапсырмақ болып, байлап тастағанда, әйелдер түнде ұрланып барып, босатып жібереді екен. Жалпы, әйелдер – дәтіне берік, кісі қадірін білетін жұрт қой …
Қоңырақын осылайша әйелдердің қолдауымен ел ішінде емін-еркін жүріп жатты. Жас әйелдер жұрт көзінше ұялғансып, «Ойбай, құрысын!» деп беттерін басқанымен, іштей тілектес болып, аты шыққан жігітті бір көруге құмар еді. Оның үстіне, ел арасында: «Өмірі пұшпағы қанамаған қатындар, Қоңырақын қонып аттанған соң бала көтеріпті» деген де лақап тараған. Осыны естіген кейбір балаға зар, бедеу әйелдер: «Әдіре қалғыр, ондай құт құйғыш неме болса, ол жүгермек біздің жаққа неге бір соғып кетпейді?!» деп отырғанын құлағымыз шалғаны бар … Енді бір асып-тасқан кекіре әйелдерді «жақсыны көрмекке» деген әуестік билейді. Керей ішінде бір төренің ерке тоқалы: «Сол немені әркімдер-ақ көкке көтере мақтайды, өзінің әуселесін көретін екен» депті бір отырыста. Ол да – шау тартқан шалына көңілі толмай, желігі басылмай жүрген әйелдің сырттаны болса керек. Бұл әңгіме Қоңырақынның құлағына жетіп, бір күні бай жол жүріп кеткенде, әлгі ауылға әдейі келіп қоныпты. Екі мықты оңаша үйде армансыз айқасады ғой, баяғы. Ертеңінде төсектен тұра алмай қалған тоқал сырлас абысындарына:
— Бұрын байға тидік деп босқа мәз болып жүріппіз ғой. Несін айтасың, еркектің не екенін бүгін көрдім. Мың болғыр, қамау терімді алып, құрыс-тырысымды жазып кетті. Көптен ұйқымның қанғаны осы шығар! – деген екен.
Ол туралы әңгіме көп. Бойына төтенше күш дарыған дала көкжалы, феномен. Ол шын шабыты келгенде қатарынан үш-төрт әйелге түсе береді екен. Қоңырақынның желке тұсында аттың жалақ жауырына шыққан жүндей шаш болушы еді. Сөйтсек, оның мәнісі былай болған екен. Бірде Қоңырақын тояттауға жан таппай зарығып келе жатып, сайда саяқ отырған жалғыз үйге түседі. Үйде енесі мен келіні болса керек. Кемпір сырттағы жер-ошақ басында құрт қайнатып отырады. Төрде отырған қонақ келіншек ұсынған қымызды бір-ақ сіміреді де, босаған ыдыстыала берем дегенде, білегінен шап береді ғой, баяғы. Әрине, көп қарсылық болмайды … Бір мезгілде ошақ басындағы кемпір әлдебір оқшау дыбыстардан секем алып, ішке кірсе, жаңағы қонақ келіншекті жәукемдеп жатыр дейді. Келіннің кегі оңай ма, бірден ажратуға ұмтылған. Жалмажан керегеде ілулі тұрған қыл шылбырды жігіттің мойнына салып жіберіп, шірене тартқан екен, қонақ онысын шыбы шаққан құрлы көрмей, жұмысын жалғастыра беріпті. Ал келіні қарсыласып, бұлқынудың орнына:
— Апатай, болар іс болды ғой, сәл шыдай тұрыңызшы! – деп жалынатын көрінеді.
Соны көрген енесі: «Әй, мына неменің көні кеуіп қалған ба» деп далаға жүгіре шығып, бір ожау ыстық құртты жігіттің желкесіне құйып жіберіпті. Ең ғажабы, Қоңырақын сонда да құшағын жазбаған. Бірақ желке шашы қолма-қол жидіп түссе керек. «Есерліктен қалған бір белгі осы» дейді екен мәнісін сұрағандарға.