Желтоқсан бұл – үлкен салмақ түндікке,
Онда небір құпия бар, білдік пе?..
Ал, қаңтар ше, аязында тыныстап,
Аптығыңды басып алар бір нүкте.
Жыл келердей құтырдық та боранда,
Жайлы мекен таба алмадық қонарға.
Ойымыздан қашып жүрміз неге біз,
Үлкен салмақ түсіретін сол Арға?
Ал, ақпаным қоя алады зор талап,
Ақ түтегі ақындарша зар қағат.
Доңыз жылы аранымен шошытып,
Тышқан келе жатыр жорғалап.
“Наурызыма жеткізе гөр үлгеріп”,
деп тілеймін әзер тілім күрмеліп.
Күзден бері үкілеген үмітім,
Қиялымның асқарында тұр еріп…
Күн менен түннің теңелерін сеземін,
Сезіп кейде, өртенеді өзегім.
Желтоқсанның соңына кеп түрленген,
Күнтізбенің көшелерін кезімін.
“Жаңа көше, жаңа сандар, жаңа жыр”,
деп өз-өзін алдап жүр-ау сана құр.
Екі көше, екі адым жер, екі сан,
Көкпен бірге бой көрсетер Жаңа жыл!
Арғы жағы тырбың-тырбың тіршілік,
Сезімдерді тірілтеді бүр шығып,
Тағы бір жас қосып алам жасыма,
Терең, терең күрсініп.
Көңілім бір марқаяды құс қайтса,
Өмірім бар ортаяды күш қайтса.
Жылдың мұңын ұға алмайды адамдар,
Жылдың сырын түсінер ед(і) құсқа айтса..
Жәлел ҚУАНДЫҚҰЛЫ.
2020 ж, ақпан.
Қарағанды