Ұзынсары – наурыздың 22-сінен маусымның 23-іне дейінгі 93 күнді қамтитын, күн мен түннің теңелуінен кейін күн көзі ұзарып, топырақтың қызып, жер бетінің көк түк жамылатын кезі. Қазақ халқының дәстүрлі күнтізбесі бойынша жыл басы Көктемде 22 наурыздан, табиғаттың жандануымен басталады.
Қыс мезгілінен кейін өмір-тіршіліктің бәрі қайта дүниеге келгендей жанданып, құлпырады: ауа райының жылуынан қар еріп, тоң жібиді; жауын-шашын мол жауады, соның салдарынан көбінесе су тасиды; жан-жануардың түлеуі, төлдеуі басталып, қой қоздап, қора төлге толады; жәндіктер мен хайуанаттар қысқы ұйқысынан оянып, тіршілігін бастайды; жыл құстары мекеніне қайта оралады; Жер-Ана бусанып, жер бетіне көк шығады; жеміс ағаштары бүршік атып гүлдейді. Сонымен қатар, көктемде жер жырту, ағаш отырғызу, егін егу, т.б. ауыл шаруашылығы жұмыстары жүргізіледі.
Ұзынсары – көктемгі күн мен түннің теңелуінен кейінгі күннің ұзара бастайтын уақыты. Үш ай бойғы қыстың суық ызғары кетіп, жер-дүние жаңарады. Бұрынғы апаларымыз «ұзынсарыға» деп, қыс бойы сүрленген соғымның етін сақтап қойған. Ұзынсары келгенде жаңа күннен медет күтіп, батасын қайырып ауыл-аймақ болып соғымның ұзынсарыға деп сақтаған сарқытын асып жейтін болған.
Ел аузында осы «ұзынсарыға» қатысты мынадай аңыз сақталған:
Бір күні енесі жаңа түскен жас келініне «етті үнемдеп пайдалан, кейінгіге қалдыр, ұзынсарыға қалдыр, ертең ұзынсары келгенде асып жейміз» деп қайталап айта беретін көрінеді. Күндердің бір күнінде əлгі үйдің есігінің алдына ұзын бойлы, сары әлпетті кісі аттан түсіп астындағы атын мама ағашына байлап жатса керек. Оны көрген келіні үйінен атып шығып сəлемін салып, қазан-ошақ маңына жүгіре жетіп қыс бойы «ұзын сарыға» деп cақтаған бар етін асып, асты-үстіне түсіп, бар тәттісін келген қонақтың алдына ұсынып, біраз әбігерге түсіпті. Кейін келінінің әлгі кісіні соншама құрметтеп баққанын байқаған енесі «Қарғам, мұның не, етті түгел асып тастағаның не?» деп сұраса, келіні «апа, өзіңіз емес пе ұзынсары келгенде асасыз деген» депті мүдірместен.
Бұл да ата-бабамыздың балалар дəстүрін ұмытпасын, келіндер қонақжайлылық қасиетін жоғалтпасын, соғым мен қара қазан құндылығын жоймасын деген ниеттерінен туған деп ойлаймын. Ол заманның балалары қыс бойы «Ұзынсарыны» асыға күткен, ал дəстүр деген баладан балаға өтіп жалғасып отырмайды ма?!