«Баталы ұл арымас…» 

Жасыратыны жоқ, қазір сөздің мәйегін тамызып тұрып, төгілтіп тұрып бата беретін қарияларымыз сирек. Әрине, әр ауылда бата беретін үлкендеріміз бар шығар? Қазақта не көп, той көп. Біз арасында бір атаулы тойларға бара қалсақ, басында тақиясы бар салмақты, салиқалы қарияларды іздейміз. Таяуда екі жастың үйлену тойында көңіл құлазытарлық жәйттің куәсі болғаным бар. Үлкен ас желініп, бірінші дастархан батасын берер тұста үй иесі «Иллаһи әмин» деп төрде отырған үлкен кісіден бата тіледі. Сол-ақ екен, тәрбиелік мәні бар жөн сөз тілеген қариямыз не дегенін кім білсін, аузын жыбырлата келе «Әумин» деп бетін сипай салғанда көңіліміз қоңылтақсып қалды.

Япыр-ау, көпті көрген көне көз үлкендеріміз бата қайыруын білмегені ме? Басқаларын қайдам, өз басым қадірменді қонақ ағамыздың мына қылығына қарным ашты.
«Иә, бата беруін сұрасаң, небір ғибратты тілек сөздерін ағыта жөнелтер ағаларымыз азайып қалған ба? Мынау соның көрінісі ғой» деген дүдамал сауал көкейімде айтылмай қалды. Біздің бала кезімізде бастарынан оюлы тақияларын тастамайтын аталарымыз қолыңды жайсаң болды, мүдірмей жалпы жамағатқа жақсылық тілеуде өзіне қамшы салдырмай жүйтки жөнеліп, жаныңды жадыратушы еді. Мектеп бітірген немересін болашаққа жолдама алу үшін, сынақ тапсыруға шығарып салған ата-әжелері «Жортқанда жолдарың болсын, жолдасың Қыдыр болсын!» деген бәтуалы батаның орнына «Ни пуха, не пера!» дегенін де құлағым естіді. Ата-әжесінен осындай сөзді естіген немересі күні ертең қандай азамат болып шығары белгісіз.

Қазақ халқында «Батамен ер көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деген деген философиялық мағынасы терең мақал бар емес пе! Бата – халқымыздың рухани қуат алатын, жігер беретін сенім күші. Ақ бата, ақ тілектің тәрбиелік маңызы өте зор, адамдарды ізгілікке, парасаттылыққа баулиды. Яғни, бата осынау ұлы қасиеттерге бастаушы рухани мұра болып табылады. Бата көркем сөзбен, өлеңмен, тақпақтап та, шешендік тілмен, әсерлі етіп айтылады.

Бір қуанарлығы, өткен жылы облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Батамен ер көгерер» атты бата беру байқауы тұңғыш рет өткізілген болатын.Сол байқауда суырыпсалма ақын ағамыз – Балтабай Сәкенұлы Сыздықов Бас жүлдені жеңіп алса, Майқайыңдық зейнеткер ағамыз Қайырзат Әубәкіров арнайы номинацияға ие болды. Айта кетерлігі, Қайырзат аға ұзақ жылдар бойы мал шаруашылығында адал еңбек еткен жан. Ол кісі жергілікті кент тұрғындары арасында бата берудің білгірі ретінде жақсы таныс.Қара сөзбен де, өлеңдетіп те берген батасы тыңдаған жанның жүрегіне жылы шуақ құйып рухани нәр аласыз.

Бата – құранның анасы,
Айтады ердің данасы.
Атаңнан бота қалмасын,
Бата қалсын.
Ботаның құны – бір-ақ жұт,
Батаның құны – мәңгі құт, — деп әйгілі кіші жүздің ақылманы Әйтеке би толғаған ұлағаты мол шешендік сөз қалай дәл тауып айтылған десеңізші! Осынау өсиет сөздің түпкі төркіні кімді болмасын адал ниет, ізгі тілек білдіруге саяды.
Таяуда облыс орталығындағы мектептердің бірінде «Батамен ер көгерер» атты жас жеткіншектер арасында байқау өткізілгенін теледидардан берілген ақпараттық жаңалықтардан естіп бір қуанып қалдық. Ұлттық шапан мен тақия киген қазақтың ұлдары екі қолын жайып, мәнерлеп бата берулері бізді сүйсінтті. Күні ертең қазақ елінің болашағын жалғастыратын осындай намысты ұлдарымыз көп болғай!

Осындай бата беру, жалпы ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін іс-шаралар әрбір ауылда, әрбір білім мекемелерінде жыл сайын өткізіліп отырса нұр үстіне нұр болар еді!

Ниеті түзу, парасатты бабаларымыздың терең толғаныстан туған мейірімге толы өнегелі сөздері болашақтың тұтқасы-ұрпағына амандық-саулық, адалдық, өнер-білім, ырыс тілейді. Ислам уағыздарында да «Құранның басы – дәрет, анасы – бата» делінеді.

Замана ағымына сай бата да бірнеше түрге бөлінеді. Мысал келтіретін болсақ, белгілі ақын Оразақын Асқардың «Жаңа баталар» кітабында келтірілген бата сөздері ұйқасты, ырғақты, тапқыр да бейнелі жыр тілімен адамды өзіне еріксіз баурап алады. Осы заманға лайықталған қысқа да нұсқа баталар: сапар батасы, той батасы, аза батасы, мектеп бітірушілерге арналған бата, наурыз батасы болып әрі қарай сала-салаға бөлініп жалғаса береді. Оразақын Асқар 16 түрлі баталар сөзін жазған. Мысалы, «Аруақты еске алу» батасында:

Өлі риза болмаса, байымайды тірілер. Аруақ қорғап-қолдаса, Санатқа тірі ілінер. Дұғамызды періште, Жеткізсін жебеп әруаққа. Тұрағы болып пейіште, Жандары болсын жаннатта» деп берілуі адамды ерекше бір сезімге бөлейді.
Жазушы Тұтқабай Иманбековтың қойын дәптерінде сақталған тұсау кесер тойына арналған ақ бата сөздерін келтіре кеткенді жөн көрдік.

Кесілді балам, тұсауың,
Жалтақтамай, аяқ бас.
Биік болсын ұшарың
Асқарлармен қанаттас.
Қасың құрар айла мың,
Қапылыста сүрінбе.
Жалған құшақ жайғанның
Пышағына ілінбе, әумин! Дуалы ауыздан шыққан өсиет, шешендер шерткен шежіре-сыр, даналардың дара пікірінен халықтың қазынасына айналған кепиетті де, қасиетті қанатты сөздер, баянды баталар қашанда болмасын ел ырысына баланып, ерекше қастерленгені ақиқат.

Азамат туы – ар болар,
Әділдік саған нәр болар.
Жадыңа тұтсаң осыны
Жақсылық саған жар болар.
Қасыңның жолы тар болар,
Тірнектеп қазына жиғаның,
Ошағы, орны бар болар.
Ошақта отың маздасын
Орныңнан ор қазбасын. Әумин! — деп бата берген ақылгөй қарияларымызды халқымыз ерекше құрметтеген.

1994 жылдары Үшқұлын елді мекеніне Моңғолиядан көшіп келген Ташамбай Бораншы деген қария 2005 жылы Президент сайлауында бірінші болып Елбасына дауыс берді. Елбасына арнаған ақ батасы күні бүгінге дейін ұмытылған жоқ.
Ассалаусағалейкүм, асыл халқым,
Сіздерге сәлем беру ата салтым.
Жиналған әр тараптан ағайындылар
Аман ба, ауыл-аймақ, барша халқым, — дей келе:
Аман болсын елімнің азаматы,
Аман болсын елемнің жанашыр
қариясы.
Аман болсын ақ жаулықты аналары
Арта берсін қазағымның мәртебесі, — деп батасын бере отырып, жүрекжарды ыстық ықыласын білдірген еді.

Үлкен кісілердің «Айналайын, бақытты бол, ғұмырлы бол», «Өркенің өссін» деген сөздерін естігенде бір түрлі марқайып қаламыз. Әсіресе, ойыңа алған ісің алға баспай, тығырықтан шығар жол іздеп қиналып жүргеніңде жаныңды жадыратып, жүрегіңді жылытып, нұрға бөлер есті сөзге ынтызар болып аталы сөз естігің келетіні де рас. Атам қазақ «Бата алғанның жолы болады» дейді.

Ертеде бата алуы үшін көргені көп, аузы дуалы қарияны көш жерден арнайы іздеп баратын болған
«Ақсақал» деп ардақтап,
Сұрасаң бата атаңнан.
«Ер көгерер» деген ат бар
Үлкендерден бата алған.
«Жер көгерер» деген ат бар
Жаңбырменен қашаннан.
Менің берер алғысым,
Қалдырмасын қатардан!
Жастарға, кейінгі өсіп келе жатқан ұрпағымызға тәлім-тәрбие беретін дана қарияларымыз көп болғай! Бата төңірегінде сіздердің де ой-пікірлеріңізді күтеміз, құрметті оқырман.

Бағзад Нұртайқызы.