Абай және біз

Абай – біздің тағдырымыз. Ұлт ретінде, мемлекет ретінді сақталып қалуымыз – Абай мұрасын меңгеруімізге тікелей байланысты. Абай мұрасын меңгеру – Жаратқан Раббымызды – Құдайды танумен сабақтас; Құдайды танымаған адамға – Абай да жоқ. Енді осыған орай Абайдың бізге қатыстылығы туралы аз-кем ойымызбен бөліселік:
— Ең бірінші, иман – сенім мәселесін бекітіп алуымыз керек; өйткені Абай дүниетанымындағы адамның жетілуі, кемелденуі, толықтыққа жетуі, екі дүниеде бақытты болуы – адамды жаратқан Алла Тағаламен орайлас; Алла Тағалаға сенбеген адам – өзіне (жанына) де сенбейді (өзінің – жанының Құдай берген мүмкіндіктеріне сенбейді), өзгеге де сенбейді.
— Екіншіден, малды (ақша, капитал) адам өзі сияқты адамнан емес, барлық ырзық-несібенің иесі Құдайдан сұраған абзал; «Құдайдан сұрау» — барлық Құдай берген мүмкіндіктеріңді тану, тірілту, оларды жүзеге асыру.
— Үшіншіден, «Құдайға құл болу»- дүниеге құл болмау, өзің сияқты пенделерге құл болмау екенін түсіну, дүниеге қатысты еркіндік пен азаттыққа жету.
— Төртіншіден, «Құдайға жағу» үшін өзгелерге пайдалы адам болуың шарт екенін түсінуің керек.
— Бесіншіден, «өлім» мәселесін, «өлімнен қорқу» мәселесін нақты әрі біржолата шешіп алуымыз керек; өйткені өлім мәселесі біз ойлағандай біздің қолымыздағы, бізге байланысты нәрсе емес, Құдайдың қолында: «өлімшінің күні жетпей, өлтірушінің қолы жетпейді».
— Алтыншыдан, Абайдың «адам бол – мал тап» қағидасын жүзеге асыруымыз қажет; «мал» (ақша, капитал) – адамшылығымызды, ар-намысымызды, адамшылық қадір-қасиетімізді сақтап әрі жүзеге асырудың шарты екенін түсінетін уақыт келді.
— Жетіншіден, және Абайдың бізге қатысты ең басты шарты – «Біріңді қазақ, бірің дос / Көрмесең, істің бәрі бос» қағидатын жүзеге асыру; сөйтіп ұлт ретінде достасу, ұлттық бірдейлік пен бірлікке жету; өйткені бұл қағидат жүзеге аспаса, қалған тіршіліктен мән кетіп, мағына қалмайтыны айдан жарық, күннен анық ақиқат екенін түсінетін кез келді.

Омар ЖӘЛЕЛ.