“Алланың өзі де рас, сөзі де рас…”

Құдай – біреу. Дін – әртүрлі (ислам, христианство, буддизм, иудаизм). Адамзат оны өзінше, әртүрлі қоғамдық-экономикалық формациялар кезінде әрқилы сенім-наныммен қабылдаған. Өзін пендесі қалай түсінеді? Онда Құдайдың “шаруасы” жоқ! Ол – аб­солютті ақиқат.

Адамзат әртүрлі ұлт пен ұлыс, нешеме саяси “измдер” (матера­ лизм, идеализм, марксизм, фа­ шизм және тағы басқалары) оны өз “шындығымен” “түсінуге” тыры­сады. Бірақ, Тәңірінің ақиқатына жете алмайды. Дүниежүзілік фи­лософия, әдебиет пен ғылым сол Тәңірін түсінудің бір ағым, амалы ғана – басқа түк те емес. Адам ба­ласы Құдайға қол ұсынған күні адамзаттың тіршілік ету процесі тәмам болады!

Кейбір дін (христиандар) Иса­ны Тәңірі (Сын Божий и Спаси­ тель человечества) деп атайды. Ол да ақылға қонбайды, ендеше, дінді де сынауға болады! Құдай жоқ де­ген атеизмді де сынауға болады (сынамақ түгілі, төбесіне көтере сыйлайтындар да көп оны). Дінде­гі қасаң қағидаларды, ұзын сақал, қысқа балақ уахабтарды, өз дінін өздері бүлдіріп жүрген керітартпа уағызшы – догматик поп, монах, қожа-молдаларды да сынауға бола­ды!

Алланы “сынауға” болмайды!

Оны Алаштың Абайы ғана емес, адамзаттың санасына Тәңірінің сәулесі түскен саусақпен санаулы арда ұлдары – неміс Гете, орыс Тол­стой, Жердің тартылыс заңын тәрк етіп, Айға қонған американ астро­навтары да мойындаған!

Адамзат пен ғаламзатты жаратқан кім – Құдай! Оның аты кім – Тәңірі ме, Алла ма, жоқ, әлде, Жаратқанның мейірім шуағымен Мария ананың құрсағында жаралған Иса пайғамбар ма?!.. Құдай хақындағы мұндай көкезу ай­тыс-тартыс Адам Ата мен Хауа Ана жаралғаннан бері бар. Әлі де айты­ла береді… Оның қорытындысын шығаратын Сіз бен біз емес!

Құдай – тылсым шексіздік! Біз – сезімі, ақыл-ойы да шектеулі пен­ де ғанамыз. Жаратылыс – шексіз, жаратылған – шектеулі. Шектеулі мен шексізді қалай тануға болады? (Абай). Адамзаттың бірегейі атам қазақтың өзі Тәңірін Алла деп ата­ған! “Алланың өзі де рас, сөзі де рас” деген Абай: “Адамшылықтың алды – махаббат, ғадаләт, сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – Жаратқан Тәңірінің ісі… Бұл ғада­ләт, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі – ғалым, сол – ғақил. Біз жанымыздан ғылым шығара ал­маймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп» – дейді!

P.S. Өлімге бола туған біз сықылды басы жұмыр пенде­лер осы Абай хакімнің айтқанын түсініп алса да жетеді! Басқа түктің де керегі жоқ…

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ.

Дереккөз: Ortalyq.kz