Қандасымның өзгеге бас игенін қаламаймын…

Ататүрік 1938 жылы 15 жыл ел билеген соң 57 жасында өмірден өтті, дегенмен 82 жыл өтсе де түрік ағайындар әлі күнге дейін Ататүрікті жақсы көреді, силайды, мұрасын аялай қорғайды. Өйткені, Ататүрік халқына адал қызмет етті, коррупцияға жол берген жоқ, таныс-тамырластық жасатқан жоқ, керемет реформалар жасады, өлерінен бір жыл бұрын арнайы заң шығарып, жеке меншігіндегі мүліктің бәрін мемлекет қазынасына тапсырды, «Өмірімдегі ең зор бақыт түрік болып өмірге келуім және түрік халқының қызметшісі болуым!» деді.

Осындай лидерді қалай силамайсың, оның еңбегі мен ерліктерін қалай ұмытасың! Халық өзіне адал қызмет етіп, жақсылық жасаған басшыны ғана ұмытпайды….

Бірде Ататүрік шетелден келген маңызды елшімен түскі ас ішіп отырады. Бір кезде әлгі елші тамақ жеп отырған қасығын жерге түсіріп алады. Сонда иіліп алып бермекші болған түріктің даяшы жігітіне:

— Тиіспе, керек болса өзі алсын, — дейді.

Мұны көрген шетелдік елші:

— Неге олай істедіңіз, оның міндеті емес пе? Оның үстіне ол бар болғаны даяшы ғой, — депті.

Сонда Ататүрік шетелдік елшіге:

— Мен жалпы Түрік баласына өмірімді арнадым. Менің тірі кезімде және көзімнің алдында, түрік баласының, қандасымның басқа жұрт адамының алдында бас игенін қаламаймын, — деген екен…