Тектілік

Сөз бағатын халықпыз ғой сірə біз,
Көп сөйлесек сүйкімсіз боп шығамыз.
Əншейінде ауыз жаппай, той жайлы,
Айтпай кетсек болмас енді бір ауыз.

Демей кетсек дос та мүмкін табалар,
Артық айтсақ ар-намыс бар, сана бар.
Үйренгенді «пайда» десе жігітке,
Үйленгенді «сауап» депті бабалар.

Жар-жар айтып жар салғанда əлемге,
Той жыры ғой басшы болған бар əнге.
Той бастарым жүректерге сəн берсе,
Қазы-қарта, ет отырар дəмеңде.

Бабалар-ай мəнін білген кіл бақтың,
Қате десең сөздеріме мін таққын.
Беташарда иілгенге шаршамай,
Ешкімге де иілмейтін ұл тапқын.

Құйрық бауыр асағанда алты жұрт,
Мың жыл құда болуды алған нарқы ғып.
Үнем жайлы айта көрме дəл бүгін,
Қалса қалар артылып.

Би билесе, күйін шертіп, əн айтып,
Шаңыраққа шақырады солай құт.
Төстеріңді түйістірші құдалар,
Желкелерден сыпырылсын талай жүк.

Аралары жеті атаға жетпейді,
Бұл баба жол санамызда көктейді.
Сəби туса жалғасады тағы той,
Шаңырақтан думан, дүбір кетпейді.

Аталарым бата берші алмастай,
Қол жаяйық баса тұрып жамбасты-ай.
Періштелер «əумин» десін ендігі,
Ел-жұртымның арлы жолы жалғасқай.

Тарихым да, тілім, дінім, салтым да.
Бəрі тойда — парапар ғой алтынға.
Қу дүние келер сірə орнына,
Қазақ дейтін халқым қалсын артымда.

Той қазынам — қалғандай ма нүкте боп,
Əр тойыңды бар ынтаңмен жіктеп өт.
Болмысымды сақтап тұрған той ғана,
Одан басқа түк те жоқ.

Əлімсақтан жаратқан-ау епті ғып,
Тап-таза қан тамырымда бек тұнып.
Тойдың өзің тəрбиеге балаған,
Айналайын, айналайын — тектілік!!!

Жəлел Қуандықұлы