«Құдай-ау, қайда сол жылдар…»(Аңызға айналған махаббат жырлары)

Есіңде бар ма жас күнің,

Есіңде бар ма жас күнің,

Көкірегің толық, басың бос,

Қайғысыз, ойсыз, мас күнің –

Кімді көрсең, бәрі дос.

 

Махаббат, қызық, мал мен бақ

Көрінуші еді досқа ортақ.

Үміт жақын, көңіл ақ,

Болар ма сондай қызық шақ?

 

Құдай-ау, қайда сол жылдар,

Махаббат, қызық мол жылдар?

Ақырын, ақырын шегініп,

Алыстап кетті-ау құрғырлар!

 

Жалынасың, боқтайсың,

Сағынасың, жоқтайсың.

Махаббат кетті, дос кетті –

Жете алмайсың, тоқтайсың.

 

Көзіме жас бер, жылайын,

Шыдам бер, сабыр қылайын.

Жаралы болған жүрекке

Дауа бер, жамап сынайын.

Абай Құнанбаев.

***

Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін,
Патша тағы, бүкіл дүние малына.

Құшақтатып нәзік талдай беліңнен,
Сүйгіз, сәулем, тәтті балдай тіліңнен.
Бой шымырлап, талықсиды жүрегім,
Балқып денем, барам еріп деміңнен.

Кір қойныма, қыпша белің бұралып,
Тарқат шашың, жатсын жібек оралып.
Жаным!Жаным! Тезірек тисін төске төс,
Көз жұмулы, жиі ыстық дем алып.

Шашың — қара, денең ақ бұлт, жүзің – Ай,
Тісің – меруерт, көзің, сәулем, құралай.
Ләззат, рақат, бақыт – бәрі қойныңда,
Сұрамаймын енді ұжмақ – жақсы жай!

Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Жасағаннан бір-ақ нәрсе тілеймін,
Өтпесе түн, атпаса екен таңы да.

Мағжан Жұмабаев.

***

Сенің алма бағыңа

Шыбық шаншып кетіп ем.

Алдағы өмір бағына

Соны белгі етіп ем.

Келдім қайтып майданнан,

Таптым іздеп сені алғаш.

Сол шыбықтан жайқалған

Өсіпті бір алма ағаш.

Тұр жайқалып бағыңда,

Қызығамын, тамсанам.

Өзің де бұл шағыңда

Кем емессің дәл сонан.

Неткен жақсы жер еді

Жас шыбығым жайқалған!

Бір сөз айтқым келеді,

Тіл жетпейді, айта алман.

Қасым Аманжолов.

***

Махаббат диологы

 Құс боп ұшып жоғалсам, не етер едің?
— Сені іздеумен мәңгілік өтер едім.
— Отқа түсіп өртенсем, не етер едің?
— Күл боп бірге соңыңнан кетер едім.
— Бұлдырасам сағымдай не етер едің?
— Жел боп қуып, ақыры жетер едім.
— Қайғы әкелсем басыңа не етер едің?
— Қойшы, сәулем, бәрін де көтеремін.

Мұқағали Мақатаев.

***

Мен қайтсем екен?
Мынау денем өртеніп, барады ысып.
Кетсем бе әлде сандалып арақ ішіп?..
Менен гөрі бақытты-ау әркімдердің
итаяғын жалаған қара күшік.
Сенсіз өмір өмір ме? Қүрысын бәрі!
Өлген артық мұнан да дала құшып.
Әлде сенің ызаңнан
қыз біткеннің барлығын қорласам ба?
Шашсам ба екен өмірді оңға-солға?
Бақ құсымды басқадан іздесем бе,
бағыма сен бұлбұл боп қонбасаң да.
Біреулерге бір күндіқ бақыт болып,
біреулерге қайғы боп орнасам ба?
Мынау қырсық дүние басар ма екен
қисық кеткен аяғын оңға сонда?..
Быт-шыт болды-ау
сонау менің ләззатты ай, күндерім.
Қайтсем енді басылар қайғым менің?
Астан-кестен етейін дауыл күндей
бұл тірліктің топас бір жай дүрмегін.
Болмаса, бір таңданар іс қылайық
сонда анау жігіттен айныр ма едің?
Сонда маған о баста өліп-өшкен
оралар ма көңілің?
Әй, білмедім…

Фариза Оңғарсынова.

***

Өтті ғой, сәулем, ай талай,

Көрмедім қанша өзіңді.

Қайталай берем, қайталай,

Сүйемін деген сөзіңді.

Қайтейін жаным аңсады,

Сабыр да керек десек те.

Сағынған көздің моншағы

Шашылып жатыр төсекте…

Төлеген Айбергенов.

***

Жұмып кейде жанарымды нұр сіңген 
Сырласқанда арман атты тылсыммен
Ту сыртымнан улп еткенде самал жел 
Елеңдеймін сен шығар деп күрсінген 
Ғашық жанның басындағы хал бөлек
Ғашық жанды әлдейлейтін ән керек
Жаңбыр жауса тырсылынан оянам
Іздеп келіп есік қаққан сен бе деп
Қашан болсын қайғы көрмей жүр аман
Мен тағдырдан басқа тілек сұраман
Күн астында сыңғырласа күміс су 
Сенің күлкің естілгендей қуанам
Өмір деген өте шығар өткінші
Аз ғұмырда көп жымиып, көп күлші
Маған ұқсап аспандағы Ай мен Күн 
Көздеріңе ғашық болып өтсінші.

Ұлықбек Есдәулет.

***

ТӨРТТАҒАН

Мынау Әлем – Муза еді. Ән еді.

Шәмші менен Мұқағали – дәлелі.

Махаббатпен жүрегіңе нұр құйған

Әсем Әйел — Әлемнен де әдемі.

2004-12

Серік Ақсұңқарұлы.

***

Түнгі такси

Жексенбі.

Түнгі он екі кезі.

Сәл тінте қарап мені екі көзі

Таксидің ішінде бір ару отыр

 Бөлек жамалы, Бөлек мінезі.

 

 – Атың кім? – деп ем, – Лариса, – деді,

Бетімді шарпып жалынша лебі.

Тұңғиық жанар тереңге қарай

Батыра берді ағынша мені.

 

Түріктің қызы – туған ай дерсің,

Жүрегің болса – туламай көрсін.

Қап-қара шашты, Аппақ иықты

Жолыққан ақын жырламай көрсін!

 

Ұмытар лезде азабыңды ішкі

Сұлулық, сенің ғажабың күшті.

Аққу мойынға жараса қалған

Тарыдай меңге назарым түсті.

 

Бұрқанса сезім кімді бұзбайды,

Жұтамыз ба екен енді біз қайғы:

Түнгі сұлуға тебіреніп айттым

Хафиздың жырын меңді қыз жайлы:

 

«Мейірбанды түркі аруы

Сүйсе мендей бейшараны

– Бір меңі үшін қияр едім

Самарқан мен Бұқараны».

 

Білетін жырым осы бар менің,

Дәулетім болса тосылар ма едім,

Хафиз сыйлаған екі шаһарға

Алматыны да қосып ал дедім.

 

Еліккен ұлдың кесір мінезін

Көрікті қалам, кешіргін өзің!

Қолымда болса қиятын едім

Ертіс пен Сырды, Есілдің өзін!

 

– Алмаймын! – деді – сыйларың қымбат,

Одан да Хафиз жырларын тыңдат.

Жомарт ақынның дидарын көріп,

Дауысын естіп тұрғаным қымбат.

 

Кезімде жырды кенет аңсаған –

Өзім-ақ әлі телефон соғам.

Әзірге хош бол, атымтай ақын,

Тыныққан бүгін жөн екен саған.

 

– Атың кім? – деп ем,

– Лариса, – деді,

Бетімді шарпып жалынша лебі.

Елеңдеп әлі күтумен жүрмін

Телефон шалар деп сағынса мені.

 

Түседі жиі есіме тегі,

Тағдырым қандай шешім етеді.

Хафиздың жырын іздеген шақта

Звондай салса несі кетеді…

Жүрсін Ерман.

***

КҮРШІМНІҢ ҚЫЗЫ

Алматы кеші, маусымның басы,

Медеудің маңы

Тау-шыңның қасы.

Азаннан бері аңырай құйған

Жылауық бұлттың таусылды жасы.

Жанымды тербеп жігіттік әні

Тереңдеріме үміт тұнады.

Күміс күн соңғы сәулесін шашып

Ылдиға қарай ымырт құлады.

Жол тосқан сол кеш

Ырымды делік,

Тәтті бір сәттің сырын білелік.

Ақ көйлек киген ақмаңдай ару

қол шатырыма тығылды келіп.

Жастықтың бұл кеш жырлы мекені,

Масаты кілем — қырдың етегі.

Ақ тәнін бүгін ақ жауын жуған

Каракөз қалқа дір-дір етеді.

Тартқанын қайдам қайда көңілдің,

Жұмбақ та жұмақ жайға көмілдім.

Бұйрығы бұл қыз маңдайға жазған —

Сыйлығы жұлдыз айман — өмірдің.

Бойына гүлдің нұр сіңген екен.

Жүрегім жырла!

Дүрсілде бекем.

Жөн сұрап едім… Шығыс шынары

Әлия есімі — Күршімнен екен.

Қабақта қос ай қағыса калған

Асып-тасқандай ағыс арнадан.

Ақ көйлегіңнен айналдым қалқа

Әппақ тәніңе жабыса қалған.

Шайқалмай жүрген тұнығың бардай,

Нұр үнің қаңдай, қылығың балдай.

Бұраң беліңе созыла жылжып

Өрілген өрім бұрымың қандай.

Анарың алма, гүл ерін…

Түстей…

Сезім шарабын жүр едім ішпей,

Шелектеп кұйған мынау нөсердің

Толастамауын тіледім іштей.

Бастап тұр сезім кұмай-күнәға,

Жылайды қайың

Сынайды дала.

Жыр отын жағып жылытып алам,

Шығыстан келген шырайлы бала.

Мәуелі кештің әні бақ шығар,

Ұғады бізді жаны жақсылар.

Аспанның асты тұрағым еді

Қолшатыр — бұл да шаңырақ шығар.

Айдыннан сол ма көшкенің күз кеп,

Аққу ең, жеткен дос көңіл іздеп.

Қараңғы түнде ғайып боп кеттің

Көлігің келіп…

— Хош болыңыз!— деп.

Жол тосқан бірге серігім менің,

Елестей ерке елігім дедім.

Әлия қыздай жалт бересің бе

Сағыныш болып сері күндерім.

…Жүрекке бүгін ән ұялай ма,

Сырымды жырым жариялай ма?

Ақ жауын жауған Алматы түні

Күршімнің қызы Әлия қайда?!

…Бассам ба екен… «Жариям-айға».

Ғалым Жайлыбай.

***

Шыт көйлек

Ақын үшін өлең өзің, ән өзің,

Ақын үшін сұлулықтың пәні өзің.

Әсем екен үстіңдегі көйлегің,

Көйлегіңнен әсемдеусің және өзің.

 

Орны бейне от тигендей күлбіреп,

Оңғақ сезім тыймасаңыз – бүлдіред.

Үстіңдегі гүлдей көркем көйлекпен

Өзің де бір тұрдың гүлдей үлбіреп.

 

Жарқылдатып сезімдердің шақпағын,

Жан дүниемде астаң-кестең жатты ағын.

Амалсыздан әйеліме,

Мен сенің өзіңді емес, көйлегіңді мақтадым:

 

– Көйлегінің әсемін-ай, – дедім мен,

Басқалардың бәсеңін-ай, – дедім мен.

Шет жұрттікі болар, бәлкім,

Біздікі тікпеуші еді, бәсе, бұлай, – дедім мен.

 

Жағасы мен жеңдерін-ай, – дедім мен,

Белі менен белбеуін-ай, – дедім мен.

Жел желпіген етегін-ай,

Етегін әдіптеген шеңберін-ай, –дедім мен.

 

Оттай жанған бояуын-ай, – дедім мен,

Өртенуге таяуын-ай, – дедім мен.

Модасын-ай, мұны тіккен шебердің

Көңілінің ояуын-ай, – дедім мен.

 

Серіңіздің соры ма, бұл бағы ма,

Жоқ, әлдебір шатасатын шағы ма.

Қасиетін әлгі ғажап көйлектің,

Кескіндемек болып едім тағы да…

 

Жарым айтты: – Көп мақтама шеберді,

Матасын да мақтай берме көп енді.

Бұл дегенің шыт көйлек қой,

Шыт көйлек

Соған өліп-өшетіндей не болды?!

 

Қарсы келсем өрлемесін қалай дау,

Көнген болдым. (Ол да соны қалайды-ау).

 О, сұлулық! Сені кейде жырлауға

 Сәндеп тіккен шыт көйлек те жарайды-ау!

Абзал Бөкен.

***

Сенің қара көздерің

Қиындығын тағдырдың тағы ұқтырдың,

Мен де үнсіз егіліп, налып тұрдым,

Қу жалған-ай, біз саған не жазып ек,

Өлеңді де жаздырып… жалықтырдың.

 

Алтыным-ай, сүйенші мына маған,

Мен де саған қосылып, жылап алам.

Мұқаң айтып кетті ғой, Мұқағали

«Барлық ақын туған деп бір анадан».

 

Сеніп келдік анаған, мынаған да,

Біздің тірлік оларға ұнаған ба?

Адамдардың жүрегі — Мұзды мұхит,

Ерімейтін ақындар жылағанда…

 

Керегі жоқ ақылдың ақылсызбын,

Жүрегімде таңбасы жатыр сыздың…

Қорықпаймын ешкімнен, ештеңеден,

Сенің ғана алдында батылсызбын.

 

Мен сен үшін болмаймын қайтып құрбан,

Махаббаттың ләззатын қайта ұқтырған.

Көздеріңнен айналдым, көздеріңнен,

Жалғанның жалғандығын айтып тұрған.

 

Ұнатпайтын болдым мен көп пендені,

Өлеңіңді оқышы өткендегі.

Көсемнің көшесінде екі ақын тұр.

Бірін-бірі көрмеген көптен бері.

Тұрсын Жұмаш.