Қазақтың қызы

Қазақтың қызы

Ғажаптың бәрі өзінде,
Көзінде сұлу әлемі.
…Әдебі – әрбір сөзінде,
Жан емі – оның сәлемі.

Келбеті күнге келіскен,
Нәзіктен нәзік сыр ұққын.
…Бесіктегі аппақ періштең –
Бастауы әдеміліктің!

Пәк болып туған о бастан,
Мүсіні мыңды арбаған.
Көңілі оның Көк аспан,
Көркінің құны – бар ғалам!

Қыздары олар даламның,
Таусылмас жылы бір лебі.
…Мәншүк пен Әлиялардың
Сүйкімді сіңлілері.

Даладай дархан пейілін
Ұлдары РУХ санаған,
Болмысы тұнған мейірім,
Ол менің аппақ жан анам.

Ғасырдан жеткен ғасырға
Ұлтымның ұлы дастаны.
Ол – сенің қарындасың да,
Ол – менің қарындастарым.

Жоғалтып бастың салмағын,
Сандалған талай ғашық ұл.
Біреудің болса арманы,
Бір үйдің қазынасы бұл!

Шынайылыққа заты мол,
Пәктіктің өзі турасы.
…Жүрегі жалын ақын ол,
Немесе ақын музасы.

Кессе де ептеп бұрымды,
Бәрібір сұлу жаны – нұр.
Жүрегі оның – бұрынғы,
Қазақтың қызы ол бәрібір!

Өзінде бәрі ғажаптың,
Көзінде – көркем әлемі.
Ақиқат жалғыз:
Қазақтың
қызының бәрі әдемі!

Рахат ƏБДІРАХМАНОВ.

***

Дұға

Айналайын, Бостандық!
Үркерге ұқсап сен ауғанда
басымнан,
Қаным судай шашылған.
Бекзаттарым атылған
һәм асылған,
Ғазиз жырмен дұға сұрап
отырмын,
Мынау, ғазал ғасырдан!

Айналайын, Азаттық!
Бода-бода жаспен келген
бұл арман,
Қырық құрау ұлттан құралған.
Боздап жүріп, әрең шықтық
тұманнан,
Күлтегіннің ұрпағы ғой
кәуірдің,
Күл-талқанын шығарған!

Айналайын, Еркіндік!
Кек сақтамай өткен
күнді кешірдім!
Балақ бауым шешілдің.
Күн астында армансыз
бір көсілдім,
Жаһан жұртын аузыма
әлі қаратам,
Жағасында – Есілдің!

Тәуелсіздік – Тұмарым!
Тұраным сол, аман-есен
қалдың ба,
Арда туған азаматтар
бар мұнда,
Аяқтарын шалдырма,
қанаттарын талдырма.
Алтын басы иілсін, қос тізесі
бүгілсін,
Тек Алланың алдында! 

Бағдат МҮБӘРАК.

***

Сыныптасы жоқ бала

Қара бастың қамы үшін қала барып,
Жұртымыздың жүрегін жараладық.
Бауырынан көк белдің ұшқан құс та,
Ауылымнан келеді хабар алып

Сол хабардан ұққаным,
Шетке бөтен,
Шеру тартқан аз емес, көптен екен.
Бізден соң да көбі елдің кіндік үзіп,
Ауа көшіп аулаққа кеткен екен.

Туған жерді (тұратын жаным қалап),
Ойлар болсам уайым қалыңдамақ.
Бал күнімнің куәсі ескі үйіме,
Ескі көршім жүр дейді малын қамап.

Тілімдеген жүрегін тірі адамның,
Жайын естіп қалайша жұбанармын.
Сыныптасы жоқ екен бір інімнің,
Түлік басы көп екен бір ағамның.

Болмаған соң болаттай ірге мықты,
Орман жұртым селдіреп үлгеріпті.
Сырласы жоқ кәріні көріп едік,
Құрдасы жоқ баланы кім көріпті?!

Жасы кетіп жұртынан жырақ, дара,
Жат өңірден тауыпты тұрақ, пана.
Үркердей-ақ үй қапты үрпиісіп,
Бір сыныпта бар екен бір-ақ бала.

Өміріме өң берген өңір еді,
Жүрегімді осы жайт кеміреді.
Көзімді ілсем түс көрем…
Түсімде ылғи,
Сырын айтып бір бала егіледі.
Сырын айтып бір бала мұңаяды,

Қинаған жоқ мені ешкім бұлай әлі.
Сол баланың тағдырын кім түсініп,
Сол баланың тағдырын кім аяды?!
Қандай белгі қалады өткенінен,

Балалықтың балауса көктемінен.
Жалғыз аяқ жолменен жалғыз барып,
Жалғыз қайтар жабырқап мектебінен,
Құрдасы жоқ бауыр-ай, досы да жоқ,

Қалай айтам жабықпа, жасыма деп.
…Қараша үйде қариям отыр дейді,
«Көрсеткенің, е-е-е, тағдыр, осы ма деп»…

Ілияс МҰҚАЙ.