Бесікке бөлеу тойы

Сиыры бұзаулап, биесі құлындаса көтен асып ырым жасайтын тойшыл-думаншыл қазақ сәбиді бесікке салғанда той жасамай, ойын-сауық өткізбей тұра алама? Жиғаны мен тергенін халайық пен қонағына ақысыз-пұлсыз шашатын қазақ бесік тойының шығынына мәу демейді. Қайта аз болады, келгендер ренжіп қайта ма деп кейбір кемкетігіне кейінді. Бесікті арнайы ісмер жасайды. Жөргектен шығарып ит көйлек кигізілген сәбиді бесікке ауылдың кез келген әйелі салмайды. Бұған-да ел-жұртына аяулы, ұрпақты бір бәйбіше лайық.

Бұрынғы шаман дінінің отқа табынған салты бойынша әлгі бәйбіше темірді отқа қыздыртып сәбидің маңына пәле-жала, жын-шайтан жоламасын деп бесіктің арқалығын бірнеше жерден қарайтып тұрып қариды. Басқа бәйбішелер қырандай болсын деп бүркіттің тұяғын байлайды арқалыққа, кейбірі тұмар жаздырып тағады.

Бұл бесік дегеніңіз баланың тазалығы ұшін, көшпелі елдің көші-қоны, ат үсті үшін табылмайтын қолайлы нәрсе. Баланың кәк етуі үшін, кіш етуі үшін түбектен қолайлы нәрсе жоқ. Түбіне күл салынған осы бір киіз түбектің өзі де тым таза.

Кәзіргі келіншектер тегене-тегене жөргек жуып былығады да отырады. Мынадай сабынға тапшы заманда бүйтудің өзі оңайға түспейді  ғой. Бесіктегі бала  көбінесе омыраудан шыққанша жатады. Ит көйлегі тозып, қарын шашы алынған бала талпынып, артынан бақа тірсегі бір бүктеліп, бір созылып еңбектей бастайды. Бұл кезде дөңбекшіп бесікке өзініңде жатқысы келмейді.

Бала бұл шамаға келген соң бесікті аса кәдірлейтін қазақ әдемілеп тазалап, келешек ұрпақ тезірек келсін, енді сол жатады деп үйдің ең бір сенімді жеріне сақтайды. Бесікті қазақ құрметтейтіні, сақтайтыны соншалық, атасы жатқан бесікке немерелері жатады. Кейде қазақтың туған жерді де алтын бесік деуі де осы ардақтаудан шыққан болар. Сондықтан да бесік тойы қазақ өмірінде үлкен орын алады. 
Бесікке баланы қырқынан шыққан соң салады. Оғанға дейін бала жөргекте болады. Өйткені оған ит көйлекті кигізу қиын. Бесікке салған күні қарын шәші алынып оған бір молла ат қояды. Атты азанмен жұртқа естірте айтып, онан соң бесіктегі баланың екі құлағына: «Сенің атын пәлен» деп молла айғайлап айтады.