Қабылдау бөлмеден Мұхаңның (Шаханов) ашулы даусы естілді. Іле жұмыс бөлмеме өзі де бас сұқты. Өңі алабұртып кетіпті. Маған: «Әлгі маған келген адамды көре алдың ба?» деді. Мен басымды шайқадым. Мұхаң ашуы басылмаған қалпы: «Оңбаған! Өзі өгіздей болып алып маған «Атеиспін» дейді. Соның алдында келген біреу де өзінің намаз оқымайтынын айтып еді. Екеуін де қуып шықтым. Сірә бүгін кәпірлердің келетін күні-ау деймін» деді. Мен бірнәрсе дегенімше қарсы орындыққа жайғасқан қалпы: «Айтпақшы сен әлгі Төленнің баласының сұхбатын оқыдың ба?» деп сұрады. Басымды изедім. Мұхаң: «Ой, Алла-ай, ол да атеист екен. Ешкімнен шімірікпей өзінің атеист екенін мақтанышпен айтып отыр. Тіпті кейбір мәселер төңірегінде әкесімен де келіспейтін көрінеді» деді. Сосын: «Аты Дархан ба еді?» деп бір қойды. Мен: «Иә, Дархан Әбдік қой» дедім. «Ойпырмай, мына заман не болып бара жатыр?!» деген Мұхаңа: «Төлен досыңызға телефон шалмайсыз ба?» дедім. Мұхаң: «Мынаның ішінен тауып берші» деп телефонын маған ұсынды. Тауып бердім.
Арғы жақтағы дауыс естіліп тұр. Даусы бәсең. Жыға танымай жатыр. Мұхаң: «Мен ғой» деп өзін таныстырды. Төлен ағаның даусы жарқын-жарқын шыға бастады. Мұхаң: «Иә, менің әкемнің әйелінің келінінің күйеуінің жаңа телефон нөмірі осы» дегенге саятын амандық-саулықтан кейін бірден: «Әй, сенің ана балаң атеиспін дейді ғой. Оны не қара басты? Әлде дұрыс тәрбие бермегенсің бе?» деп бірден әңгіменің төтесіне көшті. Төлен аға діннің бүгінгі қоғамға әкеліп жатқан қатерін сөз ете бастады. Мұхаң: «Олар вахабистер ғой» деп бір қойды. Сосын: «Сен өзің намаз оқисың ба?» деді. Одан кейін әңгімені көп созбай телефонын сөндіре салды. Маған: «Намаз оқымайды екен» деді. Іле: «Мешітке барып тұратын көрінеді. Бірақ намаз оқымаған соң бәрі бекер ғой» деп орнынан тұрды.
Қас қылғандай шәй үстіне тағы бір сақалды жігіттің келе қалмасы бар ма?! Бүгінгі әңгіме жүйкесіне тиген Мұхаң оған бірден: «Вахабиссің бе?» деп еді, анау да: «Жоқ, құдай сақтасын» деп шоршып түсті. Сөз саптасына қарағанда өзін таппай жүрген жан екендігі аңғарылады. Сондықтан оның «Құдай сақтасынына» онша сене қойған жоқпын. Мұхаң да: «Вахабистің бәрі сақалист» деп қойды.
Иә, бүгін шынында да редакцияға біртүрлі адамдар келді.