Сананы тұрмыс билейді

«Сананы тұрмыс билейді» деген жалған сөз. Ол жалғандық орыстың «Быт» (тұрмыс) пен «Бытие» (болмыс) шатастырудан (бәлкім өресіздіктен) туындаған. Ал шындығында — «сананы болмыс анықтайды» (Бытие определяет сознание). Абай өзінің «Қайғы шығар ілімнен» деп басталатын өлеңінде бұл проблеманың баяғыда-ақ басын ашып кеткен:

Ақыл бітпес дәулетке,
Дәулет бітпес келбетке.
Болымсыз қулық, тойымсыз
Болды балаң жөргекте.

Сондықтан Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген аталы сөзді байдың баласы болған соң ғана айтқан жоқ. Байлық, сөз жоқ, Абайдың емін-еркін білім алуына, даналықтың тереңіне алаңсыз сүңгуіне мүмкіндік берді. Байлық — білім алу жолындағы қажетті құрал ғана, бірақ ақылдың шарты емес. Абай бір сөзінде өзі айтады ғой, кедей адам дана болмайды деген жәй сөз, өйткені Жиренше де, Асан қайғы да кедей болған деп.
Егер біз Абайды бойымызға сіңірсек «бірінші — экономика, одан соң мәдениет» деп далбасалап шатыспас едік. Амал жоқ, тайқы маңдайымызды тасқа соғып барып «олай емес» екеніне көз жеткіздік.
Қазір не көп? — елдің ақысын жеп, бұл жолда түйені түгімен, биені бүгімен жұтқан қуыс кеуде байшікештер көп. Егер байлық адамды ақылды қылатын болса бұл жазғандар, — бүкіл адамзатты демей-ақ қояйық, — өз ұлтыңды сүй! — деп неге айтпайды?!