Ұзату тойына өлеңдер

Қызыма

Қарағым!

Мен тағы үйлену тойыңа барамын.

Мен бүгін тағы да

Өзіңнен адасып қаламын, Қарағым!

Шараптың уы ұрып қаныма,

Отырам

Бейтаныс біреудің жанына.

Көкешім, налыма,

Мен сені ұзатам тағы да.

Тұман боп жанары,

Әкең де, шешең де қалады.

Достарың күңіреніп,

Еңліктің әніне салады,

Әкең де қалады,

Шешең де қалады,

Баласын,

Баласы әкетіп барады.

Көкешім!

Мұңайып не етесің?!

Сен бүгін тағы да

Ұшасың, кетесің,Көкешім!

Әкеңнен әкеңе жетесің,

Мұңайма, Көкешім!

Мұқағали Мақатаев

***

Тілеуің тілеп тұрды аппақ,

Қимайды іштей ата – ана.

Қыз едің өскен бұлғақтап.

Аттайсың бөгде босаға.

 

Әлпештеп басқан бауырға,

Кем көрмей ұлдан шалқытып.

Ата – ана қалып ауылда,

Асықтың тұр деп жар күтіп.

 

 Анаңның жолын жалғадың,

Жат жұртқа кетіп барасың.

Сүюдің татып бал дәмін,

Жарыңмен тапқын жарасым.

 

Бақыт бол барған жеріңе,

Жүзіңе кірбің жуымай.

Береке қонсын төріңе,

Демесін “жаман қылығы-ай”.

 

Қылығың түзде – ержеттің,

Ие бол ақыл – тізгінге.

Гүлі бол  барған әулеттің,

Тастай бат, судай сіңген де.

 

Тіршілік деген майдан бұл,

Өмірдің әлі сыны алда.

Жарыңмен бірге жайнағын

Ұқсағын асқақ шынарға!

 ***

Жас отау бүрін жарды жаңа гүлдеп,

Пенденің жетсем деген талабы көп.

Қадамың құтты болсын, құда-жекжат,

Отырмын мен де, Сен де балалы боп.

 

Үмітпен ұл да өсірдік, Қыз да өсірдік,

Дейтіндей құдалықтың міндетін ұқ.

Келінді өз қызымнан кем көрмеспін,

 Жайласын жас отаудың іргесін құт.

 

Құданы мың жылдық деп айтпас бекер,

Қуаныш ортақ сізге, Көңіл көтер!

Құдалар бір-бірімен тату болса,

Екі жас мұратына сонда жетер.

 

Болғанмен ұл менікі, Қыз сенікі,

Екеуін тең көреді білген кісі.

Жатырмыз төсті төске түйістіріп,

Сыйластық – Құдалықтың бір белгісі.

 ***

Қимайды ұзатқан жақ қыз баласын,

Жүрегі қалай ғана сыздамасын.

Құдалар, алақанға салып бердік,

Жұлып алып жүректің бір парасын.

 

 Көңіл де, көз де тояр да, күйеу бала,

Болмассың үш жұртыңа сүйеу ғана.

Жарыңның бақыты бол, жұлдызы бол,

Осындай қыз бұл дүниеде біреу ғана.