Қазақстан
Жақсы аттанды демессің сүйем десем,
Табынатын тәңірім, ием де — сен.
Адам болып күн кешу қиын маған.
Арқа тұтып, өзіңе сүйенбесем.
Сен менің сүйегім мен қанымдасың,
Жанымдасың, ұятым, арымдасың.
Саған деген махаббат дамылдасын,
Тек сенің топырағыңды жамылғасын.
Өзіңше түсің де ерек, ісің де ерек,
(Сырым бар саған айтар ішімде көп.)
Қомағай көзімді бір тойдыра алмай,
Қорқамын бәрі осының түсім бе деп.
Қазақстан!
Пай, пай, пай!
Ардағым-ай!
Сен менің Шолпанымсың, жанған ұдай,
Өзіңде өмір сүрген қандай бақыт,
Өлмейтін махаббатым, арманым-ай!…
Мұқағали Мақатаев.
***
Қазақстан
Елу жаста елім бар деп айта алмай,
Кетпес естен күйінгенің, мұңлы Абай.
Елім бар деп айтатын бір туды күн,
Елім бар деп шырқатайын мен бүгін,
Қойсын енді Қорқыт күйін сарнамай.
Атам Абай, арманыңа бер тыным,
Сен таппасаң, біздер таптық жер тыңын.
«Гүлжазира», «Жерұйықтан» кем бе екен
Мынау дала, біздер өскен кең мекен —
Қызыл тулы ел Қазақстан дейтұғын!
Көкше, Баян, Қарқаралы, Алатау,
Тоңы — алтын, түгі — торқа жер мынау!
Қарағанды — қара қазан қайнаған,
Дүние-байлық тұрған жайнап айналам,
Елдігіме етер шүбә қандай жау?!
Дүрсілдейді сонау Балқаш жағасы,
Баршы өзің, көңіл қойып тыңдашы!
Тұр ғой соғып туған дала жүрегі,
Кім қызықтап, мақтан етпес бұл жерді,
Бақытыңа қуан, қазақ баласы!
Кең далалы, кең пейілді қазақпыз,
Құл емеспіз, еркін жанбыз, азатпыз.
Ел намысын ешбір жауға бермейміз,
Өмірді алға бастырамыз, өрлейміз —
Сертің осы, азат жігіт, азат қыз!
Байтақ Отан — туып-өскен өз елім,
Өмірімдей өршіп аққан өзенім!
Артым жақсы, алдым қандай тамаша,
«Бөтен елдің падишасы болғанша,
Өз елімнің терсем артық тезегін!»
Қуанамын, көрсем атты қазақты
Ән шырқаған алшы тастап тымақты.
Қуанамын шапқанына құйғытып,
Қанаттанып, алыс жолды тез ұтып,
Огты көзбен тұрса шолып жан-жақты.
Аралашы Алматының көшесін,
Емендермен егесе сен өсесің.
Талғар тауда тудай жайнап талабың,
Бой ұрасың мұхитына даланың,
Қайтарам деп өміріңнің есесін.
Туған бала құба құмда, жер үйде,
Тоқсан томды алдына алып ҚазПИде,
Отыр дүние архивтарын ақтарып,
Соны көріп сүйсінем де мақтанып,
Кетем жырлап, қосылам да бір күйге.
Тау қопарған, көлді көлге қотарған,
Біз ерлерміз алғыс алған Отаннан.
Туған жердің салмақтап сом алтынын,
Содан ұғып келешегін халқының
Жүрген жасты жырлап өтсем, жоқ арман.
Кемпір көрем көк өзендей күй төккен,
Шалды көрем жыр ұшырған көкіректен.
Қызымыз бар құралай көз, қара шаш,
Күлкісі — күн, сайрап кетсе — сандуғаш,
Жігітіміз барабар жас түлекпен.
Көк құрыштан құйылғандай бір елміз,
Әрі биік, әрі кеңбіз, тереңбіз.
Әніміз бар асқақ жалау сықылды,
Көтерілсе — тік көтерер жұртымды,
Біз дүниеге мәңгілікке келгенбіз.
Елу жаста елім бар деп айта алмай,
Кетпес естен күйінгенің, мұңлы Абай.
Елім бар деп айтатын бір туды күн,
Елім бар деп шырқатамын мен бүгін,
Еркелеймін кең даламда баладай.
Қазақстан дейтін менің бар елім,
Жатыр алып жарты дүние әлемін!
Бұл даланы анам жаспен суарған,
Бұл далада атам қолға ту алған,
Бұл далаға жылап келіп уанғам,
Бұл даланы көріп алғаш қуанғам,
Бұл далада өскен жанда жоқ арман!
Қасым Аманжолов
***
Дала
Арманың ада болмас арна сенің,
Туған жер, сірә, сенің бар ма шегің?!
Сен үшін қызыл аяқ қырды кезіп,
Жалаң аяқ жар кешемін.
Шаттықтан мінген төбем шыңға айналып,
Тамырлар ток жүретін сымдай жанып.
Мен саған қарап тұрмын мың ойменен,
Көзім күліп, тіл байланып.
Төлеген Айбергенов.
***
Бақытты боп жүргенім
Сенің арқаң, Ұлы Отан.
Елім менің – тірегім,
Құшағында гүл атам.
Шығысыңнан арайлы,
Күліп атқан құба таң.
Сенен бақыт тарайды
Баршамызға Ұлы Отан.
Сарқылмайтын қуатым,
Тірегімсің сен, Отан.
Мәңгі соғып тұратын
Жүрегімсің сен, Отан!
***
Отан — сенің ата-анаң,
Отан — досың, бауырың.
Отан — өлкең, астанаң,
Отан — аудан, ауылың.
***
Отан — тарих, Отан — тіл,
Жасаған елің, ер халқың.
Отан — өлең, Отан — жыр,
Көтерген көкке ел даңқын…
Отан осы, достарым,
Көңілге мұны түйе біл.
«Отан» деп өс, жас қауым,
Оны ардақтап, сүйе біл.
***
Қасиеттім.
Қастерлім.
Өзің барда өзегімде жоқ шер мұң!
Кеше сенің келбетіңді арман ғып,
Боданына бұғауландық басқа елдің.
Бабалардың басын тігіп бәйгеге,
Аналардың жанарына жас бердің!Уа, Еркіндік,
қош келдің!Өзегімді өртке ораған қоғамда,
Өз үйіме өзім өгей болам ба?!
Алшаң басып жүре алмаса алты алаш
Азаттығым! Қадірің де жоқ онда!
…Саған жету қиын болса қаншалық,
Сақтап тұру қиынырақ одан да!
Алла берген азаттықтың әр сәті-
Аманат қой
Маған,
Саған
Оған да!
Саясатқа сермей алмай семсерді,
Езгі күнге тері қылдым еңсемді!
Желтоқсанда жалын атып жастығым,
Құрсау болған темір қоғам теңселді!
Есте даңқы қыршындардың қалды ма,
Сексен алты ерлігім бе-ей, ең соңғы!?
Уа, еркіндік,
Құның немен өлшеңді!?
Уа, еркіндік!
Құның немен өлшенді?!
Сені көксеп
Боздақтарым өлсе өлді!
Сенсің менің ең ғажайып өлеңім,
Ең шуақты,
Ең шырайлы,
Ең шерлі!
Әр таңыңды сүйіншілеп тұрайын-
Құдай берген ғұмырымда өлшеулі!
Қалың жұрт, қазағыма қақпа болған.
Ту ұстап, тұлпар мінген бабаларым,
Бермеген ел намысын жатқа қолдан.Бозоғым, бозбеткейлім, баққа оранған,
Тарихтың қойнауынан тапқан олжам.
Баянды бақытымның бастауындай,
Айналдың Астанаға аппақ арман…
Жар болып Жаббар Ие жалғыз ғана,
Ғасырға аяқ бастық ал біз жаңа.
Сұрланып сырт айналған суық көздер
Қарайды әлі саған сәл қызғана.
Көш келді Қараөткелге өр тұлғалы,
Кеңесін ерлерімнің ел тыңдады.
Тұлғасы бой көтерді Хан Кененің
Жарасып жарқ-жұрқ еткен ер-тұрманы.
Ертеңің ұлтын сүйген ұлыңа сын,
Қашанда еркіндіктің құны басым.
Керіліп кербез далам көсіледі,
Сезініп бостандықтың шұғыласын!
Сан ғасыр армандаған Алаш бабам,
Жалғанды жалт қаратты жаңа Астанам.
Бірлікті байрақ етіп болашаққа,
Барайын, уа, Жаратқан, жол аш маған!