2006 жылы «Ресей» телеарнасы «Судың ғажайып құпиясы» деген деректі фильм түсірді. Сол фильмде судың бойында ақпарат сақтау қасиеті барын, сол ақпаратқа сай құрамының, құрылымының өзгере алатынын зерттейді. Былайша айтқанда, су магнитафон лентасы секілді «естіген», «көрген» барлық ақпаратын жазып отырады екен.
Ресейдің жаратылыстану ғылымы академиясының академигі Коротковтың зертханасында адам көңіл-күйінің суға қалай әсер ететінін көру үшін бірнеше зерттеу жұмыстары жүргізілген. Зерттеу барысында суға жағымды-жағымсыз сөздер айтып, микроскоппен бақылаған. Нәтижесінде судың құрамынан үлкен өзгерістер байқаған. Яғни, жақсы сөздер айтылып, жағымды әуендер қойғанда судың кристалдары симметриялық көркем пішіндер түзіп, әдемі кейіпке енген. Ал жағымсыз, жаман сөздер айтылған судың кристалдары үйлесімді пішіннен айрылып, ретсіз түзілген.
Бұл зерттеу нәтижелерін Жапон ғалымы Эмото Масару да қуаттап, осыған ұқсас зерттеу жасайды. Эмото Масару үш ыдысқа бірдей су құйып, түбіне бірдей күріш салады. Сосын үш ыдысқа бір ай бойы үш түрлі сөз айтады. Біріне – «рахмет», екіншісіне – «мен сені жек көремін» дейді, ал үшіншісіне мүлдем көңіл бөлмейді.
Бір ай өткен соң әлгі ыдыстардан мынандай өзгерістер байқайды: «Рахмет» деген ыдыстың күріші көктеп, өскін шығып, иісі хоштана түскен. «Мен сені жек көремін» деген ыдыстың күріші көгере бастаған. Ал мүлдем көңіл бөлмей, қараусыз қалдырған ыдыстың күріші қарайып, шіруге айналып, суы саси бастаған.
Бұл тәжірибеден байқайтынымыз ыдыс бір, су бір, күріш бір, тек сөз әртүрлі. Демек, сөздің суға әсері бар деген сөз. Мұндай мысалдарды тізе берсең өте көп. Дінде де суға дұға оқып, дем немесе ішірткі салып ішу тәжірибесі бар.
Қарап отырсаңыз, судың қасиетіне қатысты ғалымдар қаншама зерттеу жасап, еңбектер жазған. Жапон ғалымының да бұған қатысты том-том кітабы бар. Орыстар болса, үлкен деректі фильм түсірген. Ал қазақ «СҰМЫРАЙ КЕЛСЕ, СУ ҚҰРИДЫ» деп тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін жасайды.
Мұнда «су құриды» дегені су жоғалып кетеді деген сөз емес, қазақ сұмырай келсе, судың құрамы құритынын айтқан. Ал «сұмырай» деген кім десеңіз, қазақ «суық сөзді сұмырай ғана айтады» немесе «суық сөз сұмырайдан шығады» деген. Яғни, жаман сөздің иесін қазақ «сұмырай» дейді екен. Демек, үйге сұмырай келсе, аузынан шыққан жаман сөзден су да, сумен жасалған астың да құрамы құриды деген сөз.
Қазақтың шежірешісі, ойшылы, этнографы, фольклортанушысы әрі ақыны Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Жетпіс екі тіл бар. Сол жетпіс екі тілдің ішінде ғараб тілінен асыл тіл жоқ. Оның асылдығы: «Сендер ой жүгіртсін, түсінсін деп, Біз ол Кітапты арабша Құран түрінде түсірдік», – деген аятпенен дәлел келді. Онан соңғы тілде қазақ тілінен асыл, қазақ тілінен бай тіл жоқ. Сол ата-бабасының тілі болған қазақ тілін осы күнгі жүрген қазақтың жалғызы білмейді. Егер қазақ тілін білсе еді: дін де осында, ғылым, білім де осында, әулиешілік те осында. Солай болғаны үшін бұрынғы өткен ата-бабаларымыз бәрі жақсы болып, әулие болып өтті», – дейді.
Осының бәрі қазақтың тіліндегі ғылым емей, немене? Сондықтан да, адам жанының 70 пайызы судан тұратындығын ескерген қазақ адамға жақсы сөз сөйлеуді насихаттап, «жақсы сөз – жан дауасы» деген.
Салтан САЙРАНҰЛЫ.