Тойдағы дастарқанның сәнін дұрыстадық, ал той өткізудің мәнін дұрыстадық деп айта алмаймыз. Тойдан көбіне демалып емес, сарсылып отырып, шаршап қайтамыз. Кінә кімнен…
Қазақтың тойы – ұлттық тәрбие бесігі болған. Әдет-ғұрыптың, салт сананың, өнердің бағын ашатын бақ сынайтын кезі той үстінде өткен. Әрине, қазір емес. Бұрындары… Ал қазіргі тойлардың түр-түсі бөлек, мазмұн, маңызы да өзгеше. Жаңашаланды деп жүргендеріміз де бар. Жалықтыратын, жалпақшешейлікке, батыстық та, шығыстық та емес, әркім ойына келгенін істейтін шараға айналып бара жатыр деп жүргендеріміз де бар.
Уақыт – алтын
Шындығында осы тақырып та бүгінгі күні көпшілік болып ой қозғап, пікір таластыратын деңгейге келіп тұрған сияқты. Өйткені Қазақ елі атануымыз үшін емес, болуымыз үшін, ұлттық құндылықтарымызға бет бұруымыз «бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» ұстанымын ұғындырады емес пе?
Атақты бабаларымыз Жамбыл, Кенен, Шашубай, Сүйінбай, Нұрпейістің ақындық, айтыскерлік өнері, Балуан Шолақтың, Қажымұқанның алып күштің иесі ретінде шыңдалу мектептері қазақтың ұлан-асыр тойларының төрі болғаны баршамызға аян. Осындай жолмен танылған атақтылар есімін соза беруге де болады. Бірақ бүгінгі айтпағымызға оралайық, бүгінгі тойларымыз қалай, қайтып, қандай үлгілі тұстарын, ұлттық үрдістерін ұстанып тұр. Әңгіме етіп көрейік. Бұл жерде кінәлап, ешнәрсені жоққа шығару ойымызда жоқ. Әңгіме арқауы – тойды қалай өткізгеніміз тиімді, қайтіп ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүр ерекшеліктерімізді ескеріп пайдаға жарататын шараға айналдырамыз.
Сонымен, тойға шақырылдық дейік. Той иесінің құрметпен күтетіні алдымен, әрине, қонақтары. Бар жиған-тергенін тойға жаратуға арнаған қазекем қонақтарынан ештеңесін аямайды. Сол сыйлы дастарқанға отырудың уақыты мезгілінен 2-3 сағат кешігуі әдетке айналды. Кешкі жетіге шақырса тоғызда немесе онға таман әрең жиналамыз. Сонымен кешігіп басталған той алдымен келген бірен-саран тәртіпті қонақтарды да, күте-күте екі көзі төрт болған той иелерін де шаршататыны ақиқат.
Жақында бір тойда ауылға қадірлі қартқа сөз берілді. Жастарға тілегін арнап, батасын беріп тұрып былай деді:
«Құрметтеп шақырылған соң кемпіріміз екеуміз кешкі шайымызды да ішпей, уақытында келдік. Тойды үш сағат өткенде әрең бастап отырмыз. Неге уақытында келмейміз. Мынау ұят емес пе? Тәртіпсіздік қой барып тұрған. Барын алдымызға жайып күтіп отырған той иелерінен де ұят емес пе? Үй болып жатқан жастарға үлгіміз қайсы. Уақыт – тәртіп емес пе?…»
Қарт зейінді қазып айтты. Шынында да, бүгінгі жағдайымыз осындай. Қазір қай жерде де шұбатылып тойға жиналып болмаймыз. Тойдың думанды, көңілді өтуіне де кешігудің кедергісі көп. Кеш басталған тойдың алғашқы дастарқанының өзінен тұрғанша түннің бел ортасы болады. Мезгіл ұзап өткен сайын адамның тағамға да, ойын-сауыққа да зауқы соқпайды. Сонда өзімізге де, той иесіне де жайсыз жағдайды біле-тұра неге жасаймыз.
Уақытында келмегеннен, уақытты бағаламағандықтан осылай текке шаршаймыз. Тойға шақыру алдын ала хабарланатыны белгілі. Баратын болғасын неге кешігеміз? Уақытқа жауапкершілікпен қарағаннан жас та, кәрі де ұтылмаса керек. Уақытында барсақ үй иесі де риза. Ерте басталса, ерте аяқталады. Әрине, тойға сыйлағаннан, ұялғаннан, арадағы сыйластық, қарым-қатынасқа сызат түспесін деген ниетпен барамыз ғой.
Халқымыз ұлт болып қалыптасқаннан бері екі нәрсеге қатал қараған. Оның бірі – тіл болса, екіншісі әдет-ғұрып. Өйткені «салты мықтының – халқы мықты» дегенді де айтып кеткен көнекөз данышпан бабаларымыз.
Қай халықтың да ең қадірлі тойларының бірі – үйлену тойы. Ата-ана барын шашып, ағайын, жекжаттың татулығы мен ауыз біршілігін үлгілейтін үлкен жанұялық мерекесі де осы. Ал оның қонақ күтуді, той өткізуді жоспарлаған бағдарламасының мезгілінде басталмай ырың-жырың болуының несі жақсы. Тойдың шаруасы әркімнің жеке ісі екені даусыз. Дегенмен, әдет-ғұрып, салт-дәстүріміздің заман өзгерісіне сай озығын үлгілеп, тозығын толықтырып, өзімізге тиімді тұстарын бірлесіп бір жеңнен қол бір жағадан бас шығарып жетілдірсек, тәрбиелік мазмұнын мұқияттасақ қалыпқа түспейтін, қажетімізге орайласпайтын несі бар.