Асату – дәстүрлі қазақтың ас-тағам мәдениетінде жолы үлкен адамның жасы кішілерге табақтағы еттің сыбағалы мүшесінен дәм таттыру арқылы өзінің ізетін білдіретін әдеп рәсімі. Ет жеп болған соң, қонақтың жасы үлкені сый табақтан уысын толтыра ет алып, басқаларға өз қолымен асатады.
Ер азамттар қалыптасқан әдет бойынша асатудан бас тартпай, асатқан кісіге «құлдық» деп, оны қабылдайды. Құлдық дегеніміз – асатқан жолы үлкен адамға айтқан алғысы. Асатуға қазақ зиялыларынан салт-дәстүрге жетік Сәбит Мұқанов шебер болған екен.
Ал, келіндерге асату рәсімі үлкен табақтан ене-абысындарының бірі сыбаға бөліп беру арқылы жасалған. Мұндайда келін орнынан тұрып, жілік ұсынған (асатқан) адамға арнап сәлем салуы тиіс. Сондай-ақ, ет желініп болған соң өз табақтарынан қарттар жастарға, өзінің атқосшы немесе жолсеріктеріне асататын болған.
Сыйлы жіліктер үлкендердің табағына мол салынатындықтан, сыбаға берген сияқты, «дәмді жерінен ауыз тисін» деген ниетпен жасы кішілерге көрсетілетін өзара құрмет.